Accessibility links

Жаңаөзен соты жүргізуші Таған Қощановты үйқамақта ұстауға шешім шығарды


Жаңаөзен қаласының кіре берісіндегі жазу.

Жаңаөзен қаласының кіре берісіндегі жазу.

Жаңаөзен қалалық соты «есірткі сақтап, тұтынған» деген күдікке ілінген «Өзенмұнайгаз» кәсіпорнының жүргізушісі Таған Қощановты үйқамақта ұстауға шешім шығарды. Алайда Жаңаөзендегі автобекетке жиналғандар оны толық ақтауды талап етіп, тарқамай тұр.


Жаңаөзен қалалық соты «киімінен және қан құрамынан есірткі табылды» деген күдікпен қазанның 21-і күні қамауға алынған «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы УОС-5 мекемесінің жүргізушісі Таған Қощановты үйқамақта ұстау туралы қаулы шығарды. Бірақ Қощановқа қолдау білдіріп, бейсенбінің кешінен жұмысты тоқтатып, Жаңаөзендегі автобекет маңына жиналған мұнайшылар әріптестерін толық ақтап шығаруды талап етіп, әлі тарқаған жоқ.


СОТ ШЕШІМІ

Сенбі күні Жаңаөзен қалалық соты «жұмыс киімінің қалтасы мен қанынан есірткі табылды» деген күдікпен полиция ұстап қамап қойған УОС-5 мекемесінің жүргізушісі Таған Қощановқа қатысты шешімін жариялады. Жұмысшының адвокаты Ережеп Тілеуқұловтың айтуынша, қаулыны Жаңаөзен қалалық соты судьясы Бауыржан Елемесов шығарған.

– Сот Таған Қощановты екі ай мерзімге, яғни желтоқсанның 21-іне дейін үйде қамап ұстауға санкция беруге шешім шығарды. Онда күдіктінің денсаулығына байланысты медициналық көмекті шектемеу мәселесі айтылғанымен, отбасы мен қорғаушысынан басқа адамдармен араласуына, хат-хабар алуына тыйым салынып отыр. Тергеу барысы істің мән-жайын көрсетеді ғой, бірақ мен өзім оның қан құрамында есірткі барлығы туралы тестіні көргенім жоқ, – деді адвокат.

Жаңаөзен қаласы прокуроры Алмас Сәрсенбаев осы іске байланысты түсініктеме беруді сұрап телефон шалған Азаттық тілшісінің сауалына жауап беруден бас тартты.

Азаттық тілшісі «есірткіні заңсыз сақтады әрі тұтынды» деген айып тағылып отырған Таған Қощановтың өзімен де сөйлескен еді. Ол өзінің «есірткіге мүлде қатысы жоқтығын, кінәсіз екендігін» айтты.

Ал қазанның 21-інен бері Жаңаөзендегі автобекетке топтасқан мұнайшылар Таған Қощановқа «жала жабылды» дегенді алға тартып, оған тағылған айыпты толық алып тастамайынша тарқамайтындарын айтып отыр. Сонымен қатар, Азаттық тілшісімен әңгімеде мұнайшылар Таған Қощановты толық ақтау туралы жалғыз ғана талаптан өзге ешқандай талап-тілектері жоқ екендігін ескертті.


ПОЛИЦИЯНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Бұған дейін ешқандай ақпарат бермей келген Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті сот болып жатқан күні жергілікті баспасөз арқылы ресми мәлімдеме жасады.

Онда «Қауіпсіз жол» шұғыл шаралары кезінде «Жаңаөзен-Қызылсай» бағытындағы автожол бойында УОС-5 мекемесінің «Камаз» маркалы автокөлігі тоқтатылғаны, ал оның жүргізушісі 32 жастағы Қ.-ның көлік ішіндегі жұмыс киімінің қалтасынан төрт бөлек оралған салмағы 0,1048 грамм героин мен 8,3082 грамм гашиш салынған сіріңке қорабы табылғаны баяндалған.

Бұған қоса Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі ұсталған жүргізушіге жүргізілген тест қортындысы оның қаны құрамында есірткі барлығын анықтағанын және қамауға алынған азаматқа қатысты ҚР қылмыстық кодексінің «есірткіні заңсыз сақтау, тасымалдау» туралы 259 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалғанын хабарлап отыр.


«ӨЗЕНМҰНАЙГАЗ» БАСТЫҒЫНЫҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Жұма күні түнде Азаттық тілшісіне телефон шалған «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы бастығы Киікбай Ешманов болған оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді.

Ол кейбір жұмысшылардың өзіне қатысты «мұнайшыларды бір-біріне арандатып жүр» деген әңгімелердің шындыққа жанаспайтындығын айтып, ренішін білдірді. Оның айтуынша, автобекетке жиналған мұнайшылар талабы біреу ғана, ол – «Таған Қощановты бостандыққа шығару».

– Автобекетке жиналған мұнайшылар тек әріптестерін босатуды талап етіп тұр. Ол жерде менің орнымнан кетуім туралы әңгіме жоқ. Мен наурыздағы ереуіл кезінде құрылған бітімгершілік комиссиясы құрамындағы 11 адамның барлығымен етене әңгімелесіп, оларды үнемі ауызбірлікке шақырумен келемін. Сондықтан маған олардың не себепті жала жауып отырғаны түсініксіз. Бәлкім, бұл істі саясиландыру үшін басқа біреулердің тарапынан жасалған әрекет болар деп те ойлаймын, – деді филиал бастығы.

Сөз арасында өзінің діндар адам екендігін де еске салуды ұмытпаған Киікбай Ешманов өз атына айтылған «әлгіндей жала үшін ешкіммен соттаспайтынын, бірақ бәрін бір Алланың рахымына қалдыратынын» атап көрсетуді өтінді.

«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы бастығының сөзіне сүйенсек, қазір жұмыс ырғағы бұзылып, өндіріске шығындар келгенімен, кәсіпорын жұмысын жалғастырып жатыр.

– Автокөліктер шықпаған соң сауықтыру тобы, жөндеу топтары сияқты өндірістегі кейбір жұмыстар тоқтап қалды. Шығын көлемі қазір есептеліп жатыр, 1-2 күнде белгілі болады, – деді Киікбай Ешманов.

«Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының құрамындағы Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының жұмысшылары жұмысшылары бейсенбінің кешінен бастап жұмысты тоқтатқаны туралы Азаттық радиосы хабарлаған болатын.

Олар сол күні полиция қамап қойған УОС-5 мекемесінің жүргізушісі Таған Қощановқа «жала жабылды» деп санайтындарын айтып, оны бостандыққа шығару туралы талаптары орындалмайынша жұмысқа шықпайтындарын мәлімдеген еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG