Accessibility links

Аштық шарасын өткізген жұмысшылар енді заң адамдарын сотқа бермек


Маңғыстаудағы "ӨзенМұнайГаз" компаниясы игеріп жатқан кеніш. Мамыр, 2008 ж.

Маңғыстаудағы "ӨзенМұнайГаз" компаниясы игеріп жатқан кеніш. Мамыр, 2008 ж.

Жаңаөзенде наразылық акциясын өткізген жұмысшылар мақсаттарына жетті – арнайы комиссия «УОС-2» кәсіпорнының бастығы мен бас инженері жұмыстан алынғанын хабарлады. Ал, жұмысшылар аштық акциясы кезінде өздеріне күш көрсеткен жергілікті полиция мен ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің үстінен шағым түсірмекші.

Сәуірдің 17-і күні «ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоғамына қарасты Жаңаөзендегі «УОС-2» кәсіпорнының жұмысшылары Совет Төкенов, Аманқос Түлкібаев және Мырзахан Өтеғұлов филиалдың директоры Оразымбет Мүсірепов пен бас инженері Ислам Тегісбаевтың жұмыстан кетуін талап етіп, өндіріс ғимаратының алдына қойылған жеке аутокөліктерінің ішінде аштық акциясын бастаған.

– Біз ол екі басшының кетуін талап еттік. Осыдан алты ай бұрын келген бұл екеуі бізге қысымшылық жасап, еш негізсіз, заңсыз жұмыстан шығарып жібермекші болды, – деді УОС-2 кәсіпорнында 12 жыл жүргізуші болып істейтін Совет Төкенов Азаттыққа.

Жұмысшылар өздерінің бұл әрекетін бастамас бұрын наразылық шарасын өткізетіндері туралы қалалық прокуратураны хабардар еткендігін айтады. Алайда акция басталған сәтте-ақ кәсіпорын басшыларының қарсы іс-әрекеттеріне тап болған.

– Олар бізге қысым көрсеткені былай тұрсын, бізді өлтіріп қоя жаздады. Біз отырған көліктің ішіне газ жіберді. Біз тұншықтық. Терезесінен тыныстауға тырысқан сәтімізді олар бетімізге тақап суретке түсіріп, мазақтап әжуәлап күлді, – дейді С.Төкенов.

Жұмысшылар жәрдем сұрап кәсіпорын кәсіподағының төрағасы Мақсат Ибағаровқа хабарласқанда оның: «енді қайтейін?» деп жауап бергендігін ашына баяндады. Содан кейін олар басшылық тарапынан болып жатқан әрекеттерді бейнекамераға түсіріп алу үшін қаладағы жұмысшылардың тәуелсіз кәсіподағының өкілі Таған Қашановты шақыртыпты.

Аштық жариялап жатқандарға көмекке келген Қашановтың өзі де кәсіпорын басшыларының соққысының астында қалғандығын айтады:

– Олар газ жібергенде көліктің ішінде үш адам отырғанбыз. Газға тұншыққан мені қапталдан келіп автокөліктің кілтімен ұрды, қатты соққыдан бетім көгеріп қалды. Мен сол жерден қашып шығып кәсіподақтың кеңсесіне тығылып қалып едім, ҰҚК-нің адамдары қоймай есікті ашқызып, өзіммен бірге бейнекамерамды да қоса өздерінің мекемесіне алып кетті. Сол жерде менің қолыма кісен салып соққыға жықты.

Таған Қашановтың айтуынша, одан бейнекамераны тартып алған ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бейнекамерасын қайтарып бергенімен, түсірген таспаларды алып қалған. Мұнан соң оны қалалық ішкі істер басқармасына апарыпты.

– Сол жерде төртеумізден түсініктеме алып, материалдарыңыз сотқа кетеді деп қорқытты. Олар сол күні сот құрғысы келген еді, бірақ кешке дейін үлгермеді. Біз түнді абақтыда өткіздік. Сәуірдің 18-інде, күн демалыс болғандығына қарамастан, іс қозғап, әкімшілік сотқа алып барды. Сот Аманқос Түлкібаев және Мырзахан Өтеғұловтың ісін қарап, олардың іс-әрекетінде ешқандай заң бұзушылық болмаған деп тапты. Бұдан кейін Совет Төкенов екеуміздің ісімізді қарамастан босатып қоя берді, – деді Таған Қашанов.

Жұмысшылар өздеріне қарсы қандай негізде кінә тағылып, не үшін іс қозғалғандығын білмейді. Бірақ, бостандыққа шыққан соң, кәсіпорынның үш жұмысшысы аштық акциясын қайта жалғастырған.

– Мен абақтыда жатқанда да нәр тартпай наразылық білдірдім. Босатқан соң кәсіпорынның алдына қайтып келдім. Біздің мәселеміз сәуірдің 20-сы күні түсте шешілді. Комиссия біздің талабымызды қанағаттандырып шешім шығарды. Яғни, олар Оразымбет Мүсірепов пен Ислам Тегісбаевтың жұмыстан кеткендігін айтты, – деді Совет Төкенов.

Жұмысшылардың айтуынша, осы жағдайға байланысты арнайы құрылған комиссияны «ӨзенМұнайГаз» компаниясының директоры Қайырбек Елеусінов басқарған.

Осы мәселеге байланысты сәуірдің 21-і күні Азаттықтың сауалына берген жауабында, ҰҚК Маңғыстау облыстық департаментінің бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі қызметкері Мақсатбек Махамбетов:

– Ондай ештеңе болған емес, менің ойымша, бұл таза арандатушылық, – деп қысқа қайырды.

Ал талаптарын орындатқан жұмысшылар өздеріне күш көрсеткен заң адамдарының үстінен сотқа шағымдану үшін сәуірдің 21-і күні Ақтауға барды.

Жаңаөзендегі «УОС-2» кәсіпорнында 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Жұмысшылар аштық жариялаған әріптестеріне қолдау білдіріп, екі күн бойы жұмысты тоқтатқан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG