Accessibility links

Жаңаөзен соты Таған Қощановты бір жыл шартты жазаға кесті


Жаңаөзен қаласының атауы жазылған белгі.

Жаңаөзен қаласының атауы жазылған белгі.

Екі күнге созылған Жаңаөзен қалалық соты бейсенбі күні Таған Қощановқа қатысты үкім шығарды. Қазанның 23-іне бері үйқамақта отырған «Өзенмұнайгаз» кәсіпорыны жүргізушісі бір жыл шартты мерзімге сотталды.


«Есірткі тұтынып әрі оны заңсыз сақтаған» деген айыппен үйқамаққа алынған «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы қарамағындағы УОС-5 мекемесінің жүргізушісі Таған Қощановқа қарашаның 11-і күні сот үкімі шығарылды.

Айыпталушының адвокаты Ережеп Тілеуқұловтың Азаттық радиосына айтуынша, Жаңаөзен қалалық сотының судьясы Азамат Жақсыбаев айыпкер Таған Қощановты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 259-бабының 1-ші бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, оған осы кодекстің 63-бабына сәйкес бір жыл мерзімге шартты жаза белгілеу туралы үкім шығарған.

– Құқық органдары Таған Қощановты айыптауға жинақталған дәлелдер жеткілікті деп санап, оның ісін сотқа ұсынған еді. Біз қорғаушы ретінде Қощановты айыптауға ешқандай айғақтың жоқ екенін барынша дәлелдеуге тырыстық. Егер прокурор наразылық танытпаса, сот үкімі 15 күннен соң күшіне енеді. Ары қарай сотталушы осы мерзімде өзін жақсы жағынан танытса, жарты жылдан соң сот жазасын толық алып тастауы да мүмкін, – дейді Ережеп Тілеуқұлов.

Дегенмен мұнайшылар Таған Қощановтың есірткіге мүлде қатысы жоқ, заң орындары оны текке айыптады деп санайды.

Қазанның 21-і күні жұмысқа кетіп бара жатқан «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы құрамындағы УОС-5 мекемесінің бірнеше жүргізушілерін жол полициясы тоқтатып, тексерген болатын. Сол жолы жол полициясы осы мекеменің арнаулы көлік жүргізушісі Таған Қощановты есірткіге қатысы бар деген күдікпен қамауға алды.

Бұған наразылық танытқан «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшылары қазанның 22-і күні автобекетке жиналған-ды. Ал
Полиция «есірткімен ұсталды» деген айып таққан УОС-5 мекемесінің жүргізушісі Таған Қощановты толық ақтауды талап еткен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшылары автобекет маңында ереуілдеп тұр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 25 қазан 2010 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
ертесінде, қазанның 23-і күні, Жаңаөзен қалалық сотының судьясы Бауыржан Елемесов оны екі ай мерзімге үйқамақта ұстауға шешім шығарған болатын.

Бұдан бөлек Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі де ұсталған адамға жүргізілген тест қортындысы оның қаны құрамында есірткі барлығын анықтағанын жариялаған еді.

Сондай-ақ полиция Таған Қощановтың көлігіндегі жұмыс киімінің қалтасынан да есірткі табылғанын және оған қарсы ҚР Қылмыстық кодексінің «есірткіні заңсыз сақтау, тасымалдау» туралы 259 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған-ды.

Алайда «Таған Қощановқа жала жабылды» деп санаған жұмысшылар Жаңаөзен қаласындағы автобекетке жиналып, оны толық ақтап шығуды талап еткен еді. Олар тек арада төрт күн өткен соң, яғни қазанның 25-і күні «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы директоры Киікбай Ешмановтың Таған Қощановтың құқын қорғайтын адвокат жалдауға берген уәдесінен соң ғана жұмысқа шыққан болатын.

Кейіннен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы құрамына кіретін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының баспасөз орталығы ресми мәлімдеме таратып, «алдын ала есептер бойынша, ереуіл болған төрт күн ішінде кәсіпорында жоспарланған мөлшерден 1098 тонна мұнай кем өндірілгенін» хабарлады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG