Accessibility links

Жаңаөзендегі жарты айдан аса жалғасқан мұнайшылар ереуілі тоқтады


Маңғыстау аймағындағы Солтүстік Бұзашы кенішіндегі мұнай тартатын қондырғы.

Маңғыстау аймағындағы Солтүстік Бұзашы кенішіндегі мұнай тартатын қондырғы.

Наурыздың 19-күні Жаңаөзендегі жұмысшылардың ереуілі тоқтатылды. «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшылығы мен «Өзенмұнайгаз» жұмысшылары өзара мәмлеге келді. Бірақ ереуілге қатысқандардың біріне бұл күнді көру жазбапты.

Наурыздың 19-күні таңғы сағат 8-ден өте Жаңаөзендегі жұмысшылар ереуілі тоқтады. Наурыздың 18-күні кешкі сағат бестен өте басталған бітімгерлік комиссиясының отырысы таңға дейін созылды.

Екі аптадан астам уақыт Жаңаөзенде ереуіл өткізген жұмысшылар шаршағандарына қарамай, өздері көтерген мәселелердің әрқайсысын жеке талқылауды талап етті. Пікірталас қызу болды. Әр сауалға 1,5 сағаттан аса уақыт жұмсалды деп хабарлады ереуілдеушілер Азаттық радиосына.

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі, бірқатар министрліктер мен ведомствалар өкілдерінің қатысуымен өткен бітімгерлік комиссиясының өзара уағдаластыққа қол жеткізгенін Азаттық тілшісіне «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының баспасөз хатшысы Дәулет Жұмаділ де растады. Оның айтуынша, комиссия жұмыс беруші мен жұмыскерлердің мүдделерін ескеретін шешім қабылдаған.

«Мұнай-газ өндіру басқармасы-3» кәсіпорынының операторы Естай Қарашаевтың Азаттық тілшісіне баяндауынша, жалақыға қатысты барлық талаптар орындалған.

– «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдин бұл мәселелерге байланысты өз қолымен жазып көрсетті, – деді Естай Қарашаев.

Сондай-ақ ол ұлттық компанияның төрағасы ереуілшілермен келіссөзде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы мен өндірістік филиалдың қалған басшыларының қызметіне байланысты да шешім қабыладауға уәде бергенін айтты.

Ал ереуілге қатысқандардың бірі Табын Ергенов талаптардың бірқатары жұмыс барысында шешуге келісілгенін айтады.

– Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыстың тоқтатылған күндері үшін де өтемақы төленетін болды. Ереуілдеушілерді қудаламауға да кепілдік беріліп отыр. Қазір автобекет басындағы жұрт тарқады. Айтқандарына орындатқанына көңілдері толған мұнайшылар жұмыс орынына оралды, – деді Табын Ергенов.

Сондай-ақ мұнайшылар үшін жалақыдан да маңызды мәселе компания акцияларының тағдыры еді. Наразылық акцияына қатысушылардың айтуынша наурыздың 18 күні мұнайшылар алдында сөз сөйлеген Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Өзенмұнайгаз» акцияларының қытайлық инвесторларға сатылмайтына кепілдік беретінін жария еткен.

Естай Қарашаев жарты айға созылған мұнайшылар наразылығы тек ұжымның ауызбірлігі мен жергілікті халықтың қолдауы нәтижесінде ғана шешімін тапты деп санайды.

Мұнайшылар жергілікті атқарушы билік пен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басшыларының жұмысшылар талабына мойынсұнып, түсіністікке келгенін араларынан бір адамның көре алмай кеткеніне өкініштерін білдірді.

– Осындай табандылықпен, қойған мақсатымызға қол жеткізіп отырғанда бір азаматтан айырылып қалғанымыз қабырғамызды қайыстырып отыр. Қазір жұмысшылар марқұмның үйіне жәрдем беру үшін өзара қаржы жиыстыруда, – деді Естай Қарашаев Азаттық тілшісіне.

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының өндірістік филиалы – «Өзенмұнайгаз»кәсіпорны жұмысшыларының наурыздың 1-нен басталған наразылық ереуілі жұмысшылардың ең ұзаққа созылған акциясы болып саналып отыр.

Наурыздың 10-күні Жаңаөзен қалалық соты «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы басшылығының шағымы бойынша, ереуілге шыққан жұмысшылардың наразылығын заңсыз деп танып, шешім шығарған болатын. Алайда мұнайшылар ереуілді тоқтатпады.

Бұл наразылық шарасына мыңдаған жұмысшы қатысты. Ал осыдан бір күн бұрын ереуілде тұрғандардың бірі - Өтеміс Омаров есімді азамат кенеттен қайтыс болып кетті.

Жаңаөзендегі мұнайшылар наразылығына жергілікті қала тұрғындары да қолдау танытқан болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG