Accessibility links

Жасарал Қуанышәлин президенттік сайлауға түсуге ниеті барын мәлімдеді


«Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 3 қараша 2010 жыл.

«Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 3 қараша 2010 жыл.

«Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин келесі сайлауда президенттікке үміткер ретінде қатысатыны туралы мәлімдеді. Ол тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловпен саяси тандемде сайлауға түсетінін айтып отыр.


Қазақстанда кезекті президент сайлауы туралы әлі ресми жарияланбаса да, келер сайлауда президенттікке үміткер ретінде қатысуға ниет білдіргендер қазірден жұртшылықты құлағдар етіп жатыр. Сәрсенбі күні Алматыда «Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жасарал Қуанышәлин келесі президент сайлауына түсетінін мәлімдеді.


ЕКІНШІ ҮМІТКЕР

«Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жасарал Қуанышәлин өз шешімін елдегі саяси режиммен күресінің жалғасы ретінде атады.

– Себепсіз ештеңе болмайды. Мен өзім қазіргі билікпен көптен бері күресіп келе жатқан адаммын. Бәрі біледі. Бұл билікті халыққа қарсы билік деп есептеймін. Еліміз Қазақстан байлығы жағынан да, халқының қасиеттері жағынан да өте бір аяулы ел. Алла Тағала үйіп-төгіп берген байлықтар халқымызды екі қолын жылы суға малып қойып отыруға мүмкіндік жасар еді. Бірақ сол болмай жатыр. Оған кінәлі қазіргі билік деп есептеймін. Билік болғанда оның басында отырған Нұрсұлтан Назарбаев, – деді Жасарал Қуанышәлин Алматыда өткізген баспасөз жиынында.


САЯСИ ТАНДЕМ

Қазанның 22-сі күні ресми тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов келер президенттік сайлауға қатысу ниеті барын мәлімдеген болатын. Козловтың бұл ниетін қолдау білдірген Жасарал Қуанышәлин келер сайлауға онымен бірге саяси тандем құрып додаға түсу туралы ұйғарымға келгендерін жеткізді. Ол екеуінің де мақсаты бір, ортақ платформа – президенттік-парламенттік жүйеге
Жасарал Қуанышәлин өткізген баспасөз жиынына журналистер мен видеокамера ұстаған өзге де адамдар қатысты. Алматы, 3 қараша 2010 жыл.
көшуді қолдау екенін айта келе, егер сайлауға қатысып, мәреге жетуге мүмкіндік туған жағдайда бәсекелеспейтінін айтты.

– Екеумізде де ортақ мақсат. Біз ғарыш кемесіндегі жұп (дублер) секілді аттанамыз. Біреуіміз болмаса, біреуіміз сәттілікке жетуге тиіспіз…Егер сайлаудың соңында Владимир озып бара жатса, онда өз кандидатурамды алып тастап, сайлаушыларыма «Володяға дауыс беріңдер» деп айтам. Ал егер керісінше, мен озып шықсам, онда Володя да солай істейді, – деді Жасарал Қуанышәлин.

Оның айтуынша, Жасарал Қуанышәлин президенттік сайлауға қатысу туралы шешімге Владимир Козловпен қатар келген көрінеді. Мұнысына өзі де таңданады. Оның сөзінше, бұл ниетін баршаға жеткізуге аяқ астынан сырқаттануы кедергі болыпты.

Бұл жайттан Владимир Козлов та хабардар болып шықты. Саяси тандем туралы білмек болған Азаттық тілшісіне Владимир Козлов былайша жауап берді.

– Президенттік сайлауға қатысу ниетімнің барын мәлімдегенде Жасарал Қуанышәлин сол сәтте ауруханада жатқан еді. Мұнан кейін болған кездесуде ол (Жасарал Қуанышәлин – ред.) өзінде де дәл сондай ниет бар екенін айтты. Платформамды көріп қолдап, ортақ платформамен сайлауға бірге бару туралы ұсыныс айтты. Сөйтіп, өзінің де кандидатурасын ұсынатынын жеткізді. Мен келістім. Бұл тіпті жақсы екенін айттым. Билік жүйесін заңды жолмен өзгерткісі келетін адамдар неғұрлым көбейген сайын соғұрлым жақсы, – деді Владимир Козлов қарашаның 3-і күні Азаттық тілшісіне.

Сонымен қатар президенттіктен үміткерлер «өтпелі кезең үміткерлерінің» клубын құруға дайын екенін жеткізді. «Оған біздің позицияны қолдайтын ортақ көзқарастағы кез-келген адам кіре алады» деді Жасарал Қуанышәлин.


ҚАРСЫ ПІКІР

Жиын барысында Жасарал Қуанышәлин қазанның 27-сі күні Алматыда Ұлттық баспасөз клубында болған жанжалды оқиғаға да баға бере кетті. Ол Владимир Козловтың «қазіргі режиммен күреспек болған ниетін құптаудың орнына оған «жұмыртқа лақтырып, ауыр сөз» айтқан адамдарды «Конституцияны сыйламайды» деп айыптады.

– Өзін сыйлайтын ешбір адам ондайға бармайды. Сол тұрғыдан олардың мінезін «бұзақылық», «арандату» деп бағаладым. Және соған сенімдімін. Әркімде Конституция белгілеген құқық бар. Соған сәйкес әрбір азаматтың сол құқықты пайдалануға мүмкіндігі болуы керек. Оған ешкімге кедергі болмайды. Ал егер кедергі қойса, онда заң бұзу болады, – деді Жасарал Қуанышәлин.

Бұған қоса саясаткер журналистердің сұрақтарына жауап беріп жатып, «жұмыртқа лақтырып, жанжал ұйымдастырған» адамдарды «нағыз желтоқсаншылардың атына кір келтірді» деп кесіп айтты.

– Өздерін «желтоқсаншылар» деп атайтын және солардың атынан сөйлеген адамдар әдепсіздік көрсетіп, оқиға кезінде қаза тапқан азаматтардың құрметіне дақ түсірді. Желтоқсан кезінде қаза тапқан бауырымды Қазақстанның оны батырға айналдырып, құрметтегенін көре тұрып, Талғат Рысқұлбеков секілді қылық жасау ақылға сыймайды. Бұл масқара, ұят! – деді Жасарал Қуанышәлин.

Бұл турасында «Желтоқсан ақиқаты» қозғалысы өкілдерінің Жасарал Қуанышәлинге қоятын қарымта сұрақтары бар болып шықты.

– Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп жазылған. Қазақ тілін (Козлов - ред.) осы уақытқа дейін меңгере алмады. Оның Конституцияны сыйламайтыны осыдан-ақ көрініп тұр емес пе? – деді «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы.

Қарашаның 2-сі күні дәл осы ұйым өкілдері ақпарат құралдары арқылы елде басқа ұлт өкілінің президент болуы үшін кемінде төрт ғасыр қажет екенін мәлімдеген еді. Қарашаның 3-і күні Азаттық тілшісіне берген сұхбатында бірлестік жетекшісі ұлттық мәселелер шешілмей ұйымның өз позициясында қалатынын білдірді.

– Басқа ұлттың басшы болуы әзірше, ерте. Қазақ өзінің толық егемендігін алды деп те айта алмаймыз. Неге десеңіз, қазіргі уақытта біздің тіл бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұр, – деді Бейсенғазы Сәдуұлы.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG