Accessibility links

Жовтисті қолдауға аттанған автокеруен жол-жөнекей бірнеше тосқауылға кездесті


Жол полицейлері Роза Ақылбекова (сол жақтан үшінші) мен Райхан Молдабаеваны (солдан - екінші) ұстап жібермеуге тырысты. Алматы облысы, 20 қазан 2009 жыл.

Жол полицейлері Роза Ақылбекова (сол жақтан үшінші) мен Райхан Молдабаеваны (солдан - екінші) ұстап жібермеуге тырысты. Алматы облысы, 20 қазан 2009 жыл.

Сейсенбі күні Алматыдан Талдықорғанға белгілі құқық қорғаушы Жовтистің қолдаушылары автокеруенмен жолға шықты. Сағат 14-ке белгіленген Алматы облыстық сотындағы отырысқа асыққан топ жол-жөнекей кедергілерге тап болды.


ҚЫРАҒЫ ПОЛИЦЕЙЛЕР


Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөнiндегi қазақстандық халықаралық бюроның ақпараттық-бiлiм беру орталығының жетекшiсi Роза Ақылбекова жол-жөнекей Бақанасқа соғып, Жовтистің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасында қаза тапқан жүргіншінің анасы –
Жовтисті қолдау тобы сейсенбі күні таңертең Алматыдан Талдықорғанға автокеруенмен шықты. 20 қазан 2009 жыл.
Райханды ала кетуге кірген. Бақанасқа барар жолда оларды полиция қызметкерлері тоқтатып, құжаттарын тексеріп, жібере салған. Алайда қайтар жолда дәл сол полицейлер тағы тоқтатқан.

– Қайтар жолда, бізді дәл сол жерде полицей қызметкерлері екінші рет тоқттаты. Олар бұл жолы жүргізушінің құжатын ғана емес, ішінде кімдер отыр? Құжаттарыңызды көрсетіңіздер», - деді. Мен бұл не үшін керек деп сұрап едім, олар: «жай, құжаттарды тексеру» дегенді айтты. Куәліктерімізді көрсеткеннен кейін бізді жібере салды. Алайда Талдықорғанға барар тас жолда, шамамен 300 шақырым жерде, ұялы телефон ұстамайтын жер бар. Мен дәл сол жерде бізді тағы ұстап ала ма деп қәуіптенген едім. Қорыққанымдай-ақ дәл сол жерде полиция патрулі бізді тағы тоқтатты, – деді Роза Ақылбекова.


ТОҚТАП ТҰРҒАН КӨЛІККЕ СОҒЫЛҒАН КЕЗДЕЙСОҚ «АУДИ»

Полиция жүргізушінің құжаттарды тексеріп жатқан кезде, бір орында тұрған көлікке бір «Ауди» маркалы жеңіл көлік келіп соғылған.

– Уақытымыз шектеулі болғандықтан біз өзімізді соққан көліктің иесіне кешірім беріп ары қарай жүре беруді жөн деп шештік. Алайда, полиция қызметкерлері: «орын алған жол-көлік апатын тексеруіміз керек, барлықтарыңызды арнайы медициналық сараптамадан өткізуіміз керек», - деді. Біз тексеруге бармайтындығымызды айтып, жүргізушіні тастап жолда кетіп бара жатқан кездейсоқ басқа көлікпен кетіп қалдық. Алайда бізді біраз жол жүргеннен кейін жолда полиция қызметкерлері тағы да тоқтатты, – деді Роза Ақылбекова.

Оның айтуынша, бұл жолы олар көліктен қашып шыққан. Біраз жаяу жүргеннен кейін ұялы телефоны байланысқа қосылып, олар алдағы кетіп бара жатқан автокеруендегі серіктеріне хабар берген.

– Тоқтамай жолға шығып, біраз жер жүргеннен кейін әскери көліктер тұрғанын көрдік. Олардың арасынан бір азамат келіп, ай-шай жоқ «сіздер неге жол-көлік апаты болған жерден қашып кеттіңіздер?» деді. Біз оған: «қандай жол- көлік апаты? Біздің артымыздан біздің адамдар келе жатыр, олар мән-жайды анықтайды» деп едім, ол бізге: «сіздер сол оқиғаның куәгерлерісіздер, сондықтан сіздер сол жерде болуларыңыз керек» деді, – дейді Роза Ақылбекова.

КҮРЕ ЖОЛДАҒЫ КЕПТЕЛІС

Әйткенмен бұл жолы да тоқтамай, сапарын жалғастырған олар Алматы мен Талдықорғанның ортасындағы Арқарлы асуына келгенде Камаз маркалы екі үлкен жүк автокөлігі күре жолдың үстіне көлденең тұрып қалғанын, соның салдарынан бірнеше ондаған автокөлік
Алматы-Талдықорған күре жолында тұрған екі үлкен жүк көлігі Жовтистің сотына кетіп бара жатқан автокеруенге бөгет болды. 20 қазан 2009 жыл.
үлкен жолда кептелісте тұрғанын көреді.

Бұл жолы олар жолдан шығып даламен айналып өтеді. Сарыөзектің маңында оларды тағы бір әскери автокөлік тоқтатып, құжаттарын тексеріп біраз бөгейді. Осылайша, жолда недәуір уақытын өткізіп алған бұлар Талдықорғандағы сотқа сағат 14-те жете алмай кешігіп жүріп келеді.

Айта кету керек, Евгений Жовтис себепкер болған жол апатында қаза болған жаяу жүргінші 36 жастағы Қанат Молдабаев есімді азаматтың анасы Райхан осы жолғы Талдықорғандағы сотта Жовтиске кешірім беріп, өз сөзін айтпақшы екен. Роза Ақылбекова полиция қызметкерлерінің бұл күнгі іс-әрекеті марқұмның анасын сол сотқа жеткізбеу үшін әдейі жасалып отыр деп санайды.

Сол топта бірге келе жатқан Азаттық тілшісі сағат 13.40-кезінде Роза Ақылбекова мен серіктері мінген автокөлік Талдықорғанға 60 шақырымдай қалғанын хабарлады.

Бұл күнгі оқиғалардың ары қарай қалай өрбігенін Азаттық хабарлап отыратын болады.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG