Accessibility links

Жұмабай Шаяхметов. Қазақстанның ұмыт болған басшысы жайлы бір үзік сыр


Жұмабай Шаяхметов, 1946-1954 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің І хатшысы. Мадат Аққозиннің «Вернуть из забвения» кітабындағы сурет.

Жұмабай Шаяхметов, 1946-1954 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің І хатшысы. Мадат Аққозиннің «Вернуть из забвения» кітабындағы сурет.

Бұл естелікке өзек болған Жұмабай Шаяхметов – Сталиннің билігі кезінде советтік Қазақстанның басшысы болған адам. Бүгінгі Қазақстан тарихында Шаяхметовтың есімі ауызға алынудан қалып бара жатыр десек, артық айтқандық болмас.

АҒА БУЫНДЫ ҰМЫТУ ДӘСТҮРІ

Советтік дәуірде республикада билік тізгіні әртүрлі кезеңде үш қазаққа сеніп табыс етілді деп саналады: Жұмабай Шаяхметовке, Дінмұхамед Қонаевқа және Нұрсұлтан Назарбаевқа. «Саналады» деген сөздің өз мәнісі бар. Бұған соңыра түсінік берілетін болады.

Қазақ автономиясының бастапқы кезеңінде партиялық ұйымды Арғыншиев пен Мырзағалиевтер бірнеше ай ғана басқарды, сол себепті олардың қайраткерлік ғұмыры жайында айтар ештеңе жоқ. Мәселен, Арғыншиев 1920 жылдың 8 маусымынан 1 қыркүйегіне дейін ғана хатшылық етті.

Жұмабай Шаяхметов басшылыққа істің орайы келуіне қарай және жеке басының қасиеттерінің арқасында келді. Жаппай тұтқындау, ату мен айдау саябырсыған тұста барлық деңгейде де азайып кеткен кадрлардың тапшылығы қатты сезілді. Атылған, жабылған кадрлардың орнын толтыру керек болды.

Міне, сол кезде Алматы БСББ – ІІХК төрағасының орынбасары, көзі қырағы, өзі алғыр, істің байыбына бара білетін Жұмабай Шаяхметов бірден көзге түсті. Мирзоян тұтқындалып, оның орнына Скворцов келген уақытта, 1938 жылы Шаяхметов Қазақстан Компартиясы ОК-нің үшінші хатшысы қызметіне, ал, тағы бір жыл өткенде екінші хатшысы қызметіне отырады, сөйтіп, кадр мәселесімен айналысуды қолына алады. Оның басшылығымен сталиндік қуғын-сүргінде қырылып кеткен ұлттық кадрлардың орны қайтадан толықтырыла бастайды (Жұмабай Шаяхметов 1946-1954 жылдар аралығында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметінде республиканы басқарды).

Дінмұхамед Қонаевтың билік басына жетуіне жәрдемдескен де Жұмабай Шаяхметов еді. 1942 жылы Шаяхметов Риддерде болады, сол жерде ол кен басқармасының 30 жасар бастығымен танысады, шахтаға түседі. Шахтерлармен олардың өмірі жайлы, жұмыс жайлы сөйлеседі, артынан жиналыс өткізеді.

Сөйтіп, сол жылы-ақ Қонаев Алматыға шақырылып, оған Қазақстан Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметі ұсынылады.

Совет Одағының басшысы Леонид Брежнев пен советтік Қазақстан жетекшісі Дінмұхамед Қонаев Алматыдағы жиында.
Көп жыл өткеннен кейін, Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып отырған шағында Қонаев өзін Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне шақырған Жұмабай Шаяхметов екенін қозғаған жазушы Ілияс Есенберлинге таңданыс білдіріп, көңілі толмағандығын аңғартты, яғни, ешкімнің алдында өзін қарыздар сезінгісі келмеді. (Дінмұхамед Қонаев 1960-1962 және 1964-1986 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болды).

Ілияс Есенберлин болса Қонаевтың мұрағатқа үңілуін сұрады. Оны бірнеше партия обкомдарының бірінші хатшысы болған, қиын жағдайлардан әзілмен шығып кететін қасиетімен ел ауызында жүретін жаратылысы өте ерекше, дербес мінезді Сағалбай Жанбаев қолдай кетті.

Ал, Дінмұхамед Қонаев Шаяхметовтың ел есінен өшіп, халыққа жасаған жақсылықтарының ұмыт болғанын қалады. Сонда ғана жаны
Дінмұхамед Қонаев Шаяхметовтың ел есінен өшіп, халыққа жасаған жақсылықтарының ұмыт болғанын қалады. Сонда ғана жаны жай табатын.
жай табатын.

Советтік Қазақстанды басқарған үшінші қазақ Нұрсұлтан Назарбаевтың билік сатысына көтерілуіне Қазақстан комсомолы ОК-нің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков пен Дінмұхамед Қонаев көмектесті. Назарбаевқа көрсеткен ағалығын Жәнібеков өзінің «Тағдырға кесе-көлденең» атты естелігінде былайша суреттейді:

«Оның азамат ретінде, комсомол және партия қайраткері ретінде қалыптасуы 1962 жылдың сәуірінен 1970 жылдың соңына дейін менің көз алдымда өтті. Комсомол ОК-нің бірінші хатшысы қызметіне лайықты адамдар тізімінде оның да аты-жөні тұрды. Оның тезірек өсуі үшін, тәжірбие жинақтауы үшін өзіммен бірге одақ көлеміндегі, республика көлеміндегі әртүрлі іс-шараларға апарып жүрдім, биік-биік мінберлерден сөз сөйлеуіне мүмкіндік беріп жүрдім. Бірде ол екеуміз Лениннің кесенесінде қатар тұрдық».

Өзбекәлі Жәнібековтың ұсынысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Теміртау қалалық комсомолының хатшылығына барған. Одан аздаған уақыт өткенде Назарбаев қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болды, содан кейін ол тау-кен металлургиялық комбинат парткомының хатшысы болып сайланды.

Нұрсұлтан Назарбаев қайта ұйымдастырылған Торғай партия обкомына идеология жөніндегі хатшы болып кетіп бара жатқан өзінің ұстазымен қоштасуға қарағандылық әуежайға келген.

Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаевты жоғары билікке көтерумен Дінмұхамед Қонаев айналысты. Осы қамқорлықтың арқасында Назарбаев Қарағанды партия обкомының хатшысы, Қазақстан Компартиясы ОК-нің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы, Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасы болып қызмет етті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа қызметке келгеніне қуанған Өзбекәлі Жәнібеков оған: «Саған үлкен үміт артып отыр, Қазақстан магниткасы парткомының хатшысы етіп кім көрінгенді қоймайды», – дей келе: «Алматының да, Мәскеудің де кез-келген бастығының есігін теуіп кіре аласың», – деп әзілдеген.

ҚЫЗДАР ПЕДИНСТИТУТЫНЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ

1944 жылы Сталиннің алдында отырған Жұмабай Шаяхметов әңгіме үстінде ауыл қыздарының жағдайын қозғайды – олардың мектептен кейін білімін тереңдетіп, мамандық ала алмайтындықтарын, ал, мектептерде мұғалімнің тапшы екенін айтады.

Шаяхметов Алматыдан толық мемлекеттің қамқорлығындағы Қыздар педагогикалық институтын ашуды ұсынады. Сталин бұл ұсынысты қабыл алып, Советтер одағының басқа еш жерінде баламасы жоқ әлгі институт сол 1944 жылы-ақ ашылады.

Бірде екі майдангер студент Жұмабай Шаяхметовпен жүздесуге қонақүйге келеді. Оларға Жұмекең: «Сендер оқу бітіресіңдер, сосын өздеріңмен тең сөйлесе алатын білімді әйел алғыларың келеді, сөйтіп, не орыстың, не татардың қызын аласыңдар. Айтпақшы, менің де әйелім татардың қызы. Қазір, енді Қазақтың қыздар педагогикалық институтын аштық. Сол жерден өздеріңе білімді әйелді қазақтың қыздарынан таңдаңдар», – депті.

1944 жылы Жұмабай Шаяхметовтың бастамасымен Алматы консерваториясы, Шетел тілдері институты, Шымкент химия-технологиялық институты, ал, 1945 жылы Дене мәдениеті институты ашылды.
Менің көптеген таныстарым Қыздар педагогикалық институтының түлектеріне үйленді. Олардың қатарында мен де бармын, сол үшін де тағдырға разымын. Алғаным жақсы маман ғана емес, сонымен бірге отбасымның тамаша ұйытқы анасы, үй шаруасына да пысық болып шықты. Оның бір епсіз бастығы менің ескі танысым болғандықтан маған келіп: «әйеліңе айтшы, мені сынай бермесінші» деп өтінген де кездер болған.

1944 жылы Жұмабай Шаяхметовтың бастамасымен Алматы консерваториясы, Шетел тілдері институты, Шымкент химия-технологиялық институты, ал, 1945 жылы Дене мәдениеті институты ашылды.

Қазақстанға қажет әртүрлі мамандар республиканың жоғарғы оқу орындарында дайындалмайтын. Шаяхметов Мәскеу мен Ленинградтың және басқа да орталық жоғары оқу орындарына жыл сайын екі мың қазақтың ұл-қыздарын жолдап отыру келісіміне қол жеткізді.

Сол орталық оқу орындарына баратын жастар партиялық органдардың басшылығымен ең мықтылардың арасынан іріктелді. Талапкерлердің қолдарына баратын билеті ұстатылатын, 250 сомға дейін бір реттік жәрдемақы берілетін. Оларға көрсетілер қамқорлық мұнымен де бітпейтін.

Бір жолы, соғыстан кейінгі қиын уақытта, Қазақстаннан барып оқып жатқан мәскеулік студенттер Шаяхметовтың атына көмек сұрап ұжымдық хат жолдайды.
Советтік Қазақстан жетекшісі Жұмабай Шаяхметов 1943 жылы өткен республикалық ақындар айтысында халық ақыны Жамбыл Жабаевпен бірге. Мадат Аққозиннің «Вернуть из забвения» кітабындағы сурет.
Сол-ақ екен, Мәскеуге оқу-ағарту министрі Сембаев (белгілі қаржыгер Дәулет Сембаевтың әкесі) пен Қазақстан КП ОК білім бөлімінің меңгерушісі Оспанов ұшып келеді.

Олар келген бетте Қазақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілдігіне студенттерді жинап, жай-күйлерімен танысады. Студенттерге 200 сомнан жәрдемақы үлестіріледі. Тұрақты өкілдіктегілерге қамқорлыққа аса мұқтаж студенттерге тұрақты түрде көмек көрсетуге нұсқау беріледі.

Сондай-ақ, Қазақстан басшылары ол студенттерге оқуды бітірген соң баратын министрлікпен, мекемемен қазірден байланыс орната беріңдер деген секілді өмірге қажетті ақыл-кеңес береді. ОК өз тарапынан да студенттерге болысуды шенеуніктерге тапсырып қояды.

Болашақ балық өнеркәсібі министрінің орынбасары Мұхтар Таиров айтқандай, олар содан бастап тұрақты түрде материалдық көмек алып тұратын болған. Бірде, тіпті, 700 сомды бір-ақ алып, байып қалған студенттер мәскеу кәмпиттері мен шәйін үйлеріне салып жіберген.

ҚАНЫШ СӘТПАЕВҚА ҚОЛДАУ ТАНЫТУ


Жұмабай Шаяхметов ғылымға Қаныш Сәтпаевты әкеліп, қолына Ғылым академиясының кілтін ұстатты. Оның бір осы ісімен қазақ ғылымның дамуына айрықша үлкен үлес қосылды. Бұл туралы Қаныш Сәтпаевтың серіктесі болған Ғылым академиясының академигі Шапық Шокиннің «Ұлттық ғылым академиясының жолы» атты кітабындағы жолдарға жүгінейік.

Ғылым академиясының штатын қалыптастыруға байланысты көптеген ұйымдастыру мәселелерін шешуде республика үкіметі, Қазақстан Компартиясы ОК және бәрінен бұрын оның бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов көп көмектесті.

Ол ғылым мамандарын іріктеуде, тәрбиелеуде үнемі қамқорлық көрсетіп отырды. Мәселен, Қаныш Сәтпаев 1929 жылдан 1941 жылға дейін Қарсақпай комбинаты геологиялық барлау бөлімінің бастығы және бас геологы болып қызмет етті.

Ол Жұмабай Шаяхметовтың бастамасымен Алматыға Геологиялық ғылымдар институтының директоры болып ауыстырылды, ал, 1943 жылдан бастап, ол қызметімен қатар ССРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің (ССРО ҒАҚБ) төрағасы болып қызмет етті.
Ол уақытта ғылымға қатты көңіл бөлінді. Соғыс кезінде де аспиранттар әскерден босатылды, ал, майдандағыларын қиындыққа да қарамастан елге қайтарып отырды.


1946 жылғы маусымның басында болған Қазақстан Ғылым академиясының жалпы жиналысында академияның алғашқы президенті болып бірауыздан Қаныш Сәтпаев сайланды. Әділеттілік үшін айту керек, ол уақытта ғылымға қатты көңіл бөлінді. Соғыс кезінде де аспиранттар әскерден босатылды, ал, майдандағыларын қиындыққа да қарамастан елге қайтарып отырды.

1946 жылы ғылым адамдарының еңбекақысы өсті. 1946-1950 жылдары ғылымға қосқан елеулі үлестері үшін барлық академиктерге мемлекет есебінен салынған саяжайлар сыйға тартылды. Алматыдағы Горький (қазіргі Жібек жолы) көшесінде ғалымдарға арналып үлкен тұрғын үй салынды.

ХРУЩЕВПЕН ҚАРСЫЛАСУ

Жұмабай Шаяхметов 17 жаста оқуды тастауға мәжбүр болған, содан 15 жыл өткенде, 30 жасар отағасы кезінде Нариманов атындағы Шығыс институтына оқуға түседі. Институт қабырғасында ол білімділік танытып, оқудың бірінші жылында-ақ екі мақтау қағазымен марапатталады.

Бірақ, ол бірінші курсты аяқтамайды, оқуды тастап, жұмысқа оралуға тура келеді. Ары қарай ол күнделікті өздігінен білім жинап-жетілдірумен болады. Онысы нәтижесіз болмады.

«Сталиннен Горбачевқа дейін» атты Дінмұхамед Қонаевтың естелігінде мынадай бір есте қаларлық жайт айтылады. 1952 жылы Ғылым академиясына президент болған Қонаев делегат ретінде бірінші рет қатысқан ХІХ сиезде сырқат Сталин екі-үш рет қана көрінеді. Бұл көп жыл бойы шақырылмаған большевиктердің Бүкілодақтық Коммунистік партиясының сиезі еді.

Совет Одағы Коммунистік партиясының ХІХ сиезі. Мінберде – Иосиф Сталин. Президиумдағы бірінші қатарда оң жақтан екінші отырған – Советтік Қазақстан жетекшісі Жұмабай Шаяхметов. Мәскеу, 1952 жыл. Мадат Аққозиннің «Вернуть из забвения» кітабындағы сурет.
Сол жерде Сталин төралқадағы Шаяхметовтың жанына барып отырады, оның таңданыс та, қызығушылық та тудырған бұл қылығы қазақстандық басшыға деген кіршіксіз сенімін дәлелдейді. Ол екеуінің арасында қызу әңгіменің жүргені сондай, екеуі сиезді ұмытып кетеді.

Сталиннің Жұмабай Шаяхметовпен мал шаруашылығын дамыту, жайылымдарды игеру жөнінде сөйлескенін соңыра қазақстандықтар Дінмұхамед Қонаевтан естіп-біледі.

Сол жолы Сталин дәнді дақылдар егісін ұлғайту мәселесін де қозғаған. Бұған мал шаруашылығын көтеру арқылы барамыз, сіздердің мұндай мүмкіндіктеріңіз бар, бірақ, оған үлкен қаражат керек деген ол Шаяхметовке.

Сталинмен болған осы әңгімесін кейін Жұмабай Шаяхметов сырқаттанып жатқанда көңілін сұрай келген және Никита Хрущевпен не үшін егескенін білуге келген туысына айтып берген. Көпшілікке содан белгілі болған.

Байқағанымыздай, Сталиннің кезінде даярланбастан ірі ауқымда тыңды игеру жоспарда болмаған. Бұл іске уақыт керек еді, ресурстың жинақталғаны қажет еді. Бірақ, Сталиннің қайтыс болғанына төрт ай өтпей жатып, Никита Хрущев аяқ астынан ақ боран, қарлы бұрқасында тыңға жойқын жорық ашады.
Сталиннің кезінде даярланбастан ірі ауқымда тыңды игеру жоспарда болмаған. Бұл іске уақыт керек еді, ресурстың жинақталғаны қажет еді. Бірақ, Сталиннің қайтыс болғанына төрт ай өтпей жатып, Никита Хрущев аяқ астынан ақ боран, қарлы бұрқасында тыңға жойқын жорық ашады.

Сөйтіп, 1954-1955 жылдары 6,3 миллион гектар тың көтеруге шешім қабылданады. Ал, Қазақстан бұл жұмысқа тек 1955 жылы кірісіп, төрт-бес жылдың ішінде барлығы 2,5 миллион гектарды ғана игеруді жоспарлайды.

Мұндай қарсылыққа Никита Хрущев төзе алмады: Шаяхметовке заманадан кеш қалған, жаңа заманға лайықсыз басшы деген баға беріліп, оны Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы қызметінен түсіреді.

Алайда бәріне таразы уақыт Шаяхметовтың ұстанымының дұрыстығын көрсетті. Өсіру технологиясын жетілдіріп, жақсартқан жағдайда 26 миллион гектардан алынатын ауыл шаруашылығы өнімдерін 15-16 гектардан-ақ алуға, ал, қалған жерді малға жайылым етіп сақтауға болатын еді.

Бірақ, тың Леонид Брежнев үшін, әсіресе Дінмұхамед Қонаев үшін басты жетістік болып қала берді. Брежневтің «Тың» атты кітабын, оның үнемі қоя беретін «Миллиард бола ма?» деген сұрағын еске түсірсек болғаны.

Ал Қонаев жыл сайын егіннің жай-күйімен танысу үшін тың облыстарын аралап тексеруді дағдыға айналдырды.

ЖАУЫН-ШАШЫН, ҚАР АСТЫНДАҒЫ НАН

«Сталиннен Горбачевке дейін» деген кітабында Дінмұхамед Қонаев былай деп жазады: «...егінді жинап алуға бүкіл ел көмектесті. Бұл, әрине, әрбір адамға міндеттелетін жұмыс еді, бірақ, басқа амал да жоқ еді. Егін алқабында студенттер, жұмысшылар және Ресей, Украина, Татарстан, Башқұртстан, Грузия, Балтық республикаларынан келген қызметшілер жұмыс істеді. Бауырлас социалистік елдердің өкілдері
Тың жеріндегі «Память Ленина» колхозының астық тиеген аутокөліктері Құлынды элеваторына келе жатыр. В.Николаев түсірген сурет (ТАСС фотомұрағатынан).
көмекке келді. Көршілес облыстардан 13 мың комбайншылар өздерінің комбайндарымен «десантшылады». Күн демей, түн демей 90 мың аутокөлік астықты тасымалдап тұрды. Оның 60 мыңнан астамы басқа республикалардан келген еді».

Тың игерудің үшінші жылында-ақ Қазақстан өзінің активіне алғашқы миллиард астықты жазып қойды, Ленин орденін иемденді, 130 адам Социалистік Еңбек Ері атанды.

Жолсыздықтан, көлік пен шатырдың жетіспеушілігінен көптеген астық түкпірдегі мекендерге жиналды. Сол астықтың көбісі жауын-шашын мен қардың астында жатып шіріп кетті, түкке жарамай қалды.

Бұл қырсыздықтың бірінші мысалы болды. Бұл турасында маған Ақмола облыстық атқару комитетінің төрағасы Жақыпбек Жанғозин оңаша әңгімеде айтып берген еді:

«Жұмабай Шаяхметовтың дұрыстығы оның көзінің тірісінде-ақ дәлелденді. Көптеген тікелей шығындар астықтың өзіндік құнында есептелінбеді. Бізді, облыстық атқару комитетінің бөлімдері мен басқармаларының бастықтарын, бүкіл астық жинау кезеңіне өкіл етіп, бір-бірлеп Нарынқол және Кеген аудандарының (қазір Райымбек ауданы) шаруашылықтарына таратып тастады. Мен Нарынқол ауданының өзендер мен тау бөктерін алып жатқан алқабында егін жазда пісіп үлгермейтін ХІХ партсиез колхозына тап болдым. Көктемде мақтанышпен егістікті кеңейту жөнінде баяндайтын, ал, күзде егістіктің бір бөлігі күн шуағы жетіспегендіктен піспей қалатын.

Колхозда асхана мен қонақүй жоқ еді. Менің үш мезгіл тамағым мен түнде ұйықтар орным колхоз төрағасының күнделікті жұмысына айналды. Күндіз өз бетіммен болып, оны бостан бос қасымда жүруден босатардай, немен айналысарымды мен де білмедім, ол да білмеді. Сосын, бір күні оған: «Сізге әбден салмақ болдым. Ешқалай көмектесе де алмаймын, ал, өз жұмысым тоқтап тұр. Үйге қайттым. Мені сұраса, шалғайдағы фермаға кетіп еді, ол жақта байланыс жоқ дей салыңыз», – деп ашығын айттым».

Енді екінші мысалға келейік. Біздің аға редактор Павел Колобковты қайта даярлауға шақырып, өз көліктерімен келген алматылықтардан құралған ауторотаға комиссар ретінде астық жинауға жіберді. Колобков Қазақстанның солтүстігі мен батысын аралап, бұзылған көліктердің жартысын станцияларда қалдырып, үш айда қайтып оралды.

Біз оған үш айлық орташа еңбек ақысын толығымен бердік, ал, қалған астықтың өтемін беру туралы сөз болған жоқ. Себебі, оның ауторотасының жүргізушілері де тасымалдағандықтан, ол тың астығының өзіндік құнына кірген жоқ.

ГЕНЕРАЛ ҚАБЫЛБАЕВТЫҢ ІСІ

Табиғатынан мықты тұлғалар біреудің көлеңкесінде қаламын деп қорықпастан айналасына дарынды, толық рухты адамдарды жинайды, оларға өз-өзін көрсетуге мүмкіндік береді.

Жұмабай Шаяхметовтың айналасында көрнекті қайраткерге айналған үлкен адамдар тобының жүруі бекерден бекер емес еді. Олардың
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің Мәскеудегі онкүндігі, 1944 жыл. Президиумда (солдан оң қарай): В.Вишневский, С.Буденный, Ж.Шаяхметов, Б.Горбатов (сөйлеп тұр), К.Байсейітова. Мадат Аққозиннің «Вернуть из забвения» кітабындағы сурет.
әрқайсысы елдің дамуына өз үлесін қосты. Шаяхметов солардың арқасында елді жарасымды әрі жүйелі басқарды.

Тарихшылар мен саясаттанушылар Алматының орталығындағы Панфиловшылар саябағында Мәңгілік алаудың маңына үлкен құрметпен жерленген И.Тәжиев, Т.Тәжібаев, І.Омаров, Ж.Жанғозин, Ж.Тәшенев, С.Бәйішев, Р.Ильяшев, Г.Қаржаубаев, А.Қанапин, Ф.Кәрібжановтардың есімдерін атайды.

Қарт заңгерлер Шаяхметовтың тұсында әкімшілік органдар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен Шырақбек Қабылбаевтан артық ішкі істер министрі болған емес деп санайды.

Атышулы Теміртау оқиғасын тергеуге Бас прокуратураның үздік тергеушілері жегілді. Шырақбек Қабылбаев пен Ішкі істер министрлігінің Қарағанды облыстық басқармасының бастығы Лобахтың әрекетін ерекше маңызды істер бойынша тергеушілер бригадасы тергеді.

Совет одағының бас прокуроры орынбасарының шешімімен Қабылбаев пен Лобахты қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін іс республиканың Жоғарғы сотына жолданды. Жоғарғы соттың судьясы Павел Белоусов екі сотталушыны да кінәсіз деп тапты.

Бұлай болуы мүмкін емес деп бас прокуратура шалқасынан түсті. Істі зерделеу үшін қайтарып алады. Содан біршама уақыт өтеді, бірақ, еш хабар болмайды. Шамасы, Белоусовтан ешбір қате таппай, өз қателіктерін мойындаған болулары керек.

Шырақбек Қабылбаев өз ісін жақсы білетіндігін көрсетті, жоғары мәдениеттілік пен өнегелілік, заңға құрмет танытты. Ол ішкі істер министрі қызметіне екі есе құрметпен оралды, иығына тағы бір жұлдыз қадап, генерал-лейтенант болды.

ИНСТИТУТ ДИПЛОМЫМЕН ШОПАНДЫҚҚА ЖҰМСАУ

Кадр даярлау және оларды өсіру мәселесінде Жұмабай Шаяхметов үнемі ұлттық кадрларға көңіл бөлді. Оның 1947 жылғы «Партиялық өмір» журналына не деп жазғанын оқып көрейік:

«Соңғы жылдарда ұлттық зиялы қауым кадрлары өсіп шықты, жоғары оқу орындарының қатары молайды, оқып жатқан қазақ жастары көбейді.

Қазақстан КП (б) ОК ұлттық кадрларды жоғарылатуда және өсіруде бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Бүгіндері 729 қалалық және аудандық партия комитеті хатшыларының 395-і, басқаша айтқанда 54 пайызы қазақ. 70 облыстық партия комитеті хатшыларының 36-сы немесе 51 пайызы қазақ. Облыстық атқару комитеті төрағаларының қатарында 87,5 пайызы қазақтар».

Жұмабай Шаяхметовты жұмысшылар мен техникалық зиялы қауым қатарындағы қазақтың аздығы қатты мазалады. Қолөнер, фабрика-зауыт училищелерінде оқитын 35 мың адамның 4,3 мыңы ғана қазақ жастары еді. 1687 техникалық жоғары оқу орындары түлектерінің 142-сі ғана қазақ болды.

Министрлер кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновпен бірге Мәскеуге барған кезекті бір сапарында ол екеуі Сталинге кіріп, 1944 жылғы әскерге алынатын жастардың бір бөлігін өнеркәсіптік орындарға жолдауға рұқсат алды.

1950-ші жылдардың соңы мен 1960-шы жылдардың басында Жұмабай Шаяхметовтен кейін жаппай жастарды шопандық бригадаларға жегудің басталғаны белгілі. Республика комсомолы ОК-нің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков принципшіл, айналаға сау санамен қарайтын адам, Оңтүстік Қазақстан партия обкомы хатшыларының бірімен жанжалдасып қалады.

Кентауда болған әлгі хатшы жұмысшылардан шопандық бригада құруды көздейтінін мәлімдейді. Сол кезде Өзбекәлі Жәнібеков: «Біз жұмысшылар қатарын қазақ жастарымен толтыра алмай жатырмыз, ал, сіз оларды қайтадан шопандыққа тартасыз. Олардың маңдайына өмір бойына шопан болу жазылмаған шығар?!» – деп салады.

Ол заманда басқа да не бір сорақылықтар назардан тыс қалып жатты. Нарынқол аудандық партиялық конференциясында дене мәдениетінің оқытушысы – Дене мәдениеті институтының жалғыз түлегінің аудандық оқу бөлімі меңгерушісін өзі ұқсап, бір отар қой алып, шопан болуға шақырғанына куә болғанмын. Ешкім оған жақ ашпады: шопан болатын болса институт бітіріп не керек?

ШАЯХМЕТОВ «БРИТАН ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫНДА»


Жұмабай Шаяхметовтың бір немересі Ринат өз атасы жайлы материалдар жинап жүр. Ол уақыты келгенде Шаяхметовты халықтың іздейтіндігіне нық сенімді. Оның мәліметтеріне сәйкес, Жұмабай Шаяхметовты өмірде болмағандай етіп, оның атын барлық жерден өшіріп тастау туралы Никита Хрущевтің бұйрығы болған.

Десе дегендей, ол 1980 жылы шыққан 80 мың мақаладан тұратын «Совет энциклопедиялық сөздігіне» оның аты-жөні кірмеген. Партия обкомының бірінші хатшылары бар да, ал, ОК-тің бірінші хатшысы жоқ.

Ал, 1967 жылғы «Британ энциклопедиясы» Қазақстанға және Шаяхметовке бірнеше жол арнаған:

«1936 жылы Қазақстан советтік социалистік республикаға айналды, ал, 1937 жылдың маусымында 51 440 мүшесі бар ҚазССР
Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына қатысты келіспеушіліктің нәтижесінде 1954 жылы ол қызметінен кетіріліп, орнына П. К. Пономаренко келді. Орыс пен украиннің қаптауына апарып соққан осынау науқан Қазақстан тарихындағы елеулі оқиғаға айналды.
Коммунистік партиясының бірінші сиезі өтті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде (бұл қате, 1946 жылы. – Аутор) ҚазССР Коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып Жұмабай Шаяхметов тағайындалды. Сол жылы-ақ басталып кеткен тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына қатысты келіспеушіліктің нәтижесінде 1954 жылы ол қызметінен кетіріліп, орнына П. К. Пономаренко келді. Орыс пен украиннің қаптауына апарып соққан осынау науқан Қазақстан тарихындағы елеулі оқиғаға айналды».

Қазақстанға орыс пен украиннің, тағы басқа ұлт өкілдерінің ағылуының нәтижесінде қазақтарға өз республикасында пайыздық өлшеммен аз ұлт болып қалу қаупі төнді. Жұмабай Шаяхметов мұны Никита Хрущевке тікелей айтқан. Хрущев та ондайдың болуы мүмкін екендігін жоққа шығармаған.

ҚАҺАРМАН МЕН САТҚЫНДЫ ҚАТАР ҚОЮ

Қазақ тарихындағы халыққа тұтқа болған аса көрнекті тұлғалар жайындағы кітап «Ел тұтқа» деп аталады. Кітаптың атауы бұған елдің ауыртпалығын көтерген, жүгін арқалаған, жұртқа тұтқа бола білген адамдардың жинақталғанын білдіреді. Иманғали Тасмағамбетов басқарған редакциялық кеңеске гуманитарлық ғылымның кіл марғасқалары жиналған.

Редакциялық ұжымда үнемі билікке жақын маңнан орын табатын белгілі тұлға Мырзатай Жолдасбеков бар. Ғажап ақын Мұқағали Мақатаев пен керемет композитор Нұрғиса Тілендиевтің халыққа қалай тұтқа болғаны, қандай мемлекеттік ауыртпашылықты арқалағаны түсініксіз. Ал, ұлт қаһарманы, қазақ халқының азаттығы үшін күрескен хан Кенесары Қасымұлы мен оған опасыздық жасаған, оны тікелей мағынасында сатып жіберген Сыпатай батырдың қатар тұруы тіпті түсініксіз.

Қазақстан тарихының барлық кезеңдерін қамтыған «Тарихи тұлғалар» кітабы да таңданыс тудырады. 13 тараудан тұратын сол кітапта жазушы Әбіш Кекілбаевқа және Министрлер кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа орын табылған, ал, Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов атымен жоқ.

ЕКІ ТҮРЛІ АЙДАР

Жұмабай Шаяхметовке екі түрлі айдар тағылған. Оның біреуі қолына билікті ала салып, өз руының, өз жерінің адамдарын көтеріп, өзгелерді ығыстырған рушыл-жершіл деген айдар болса, екіншісі жұртты саяси қуғын-сүргінге ұшыратқан ІІХК-ның бұрынғы қызметкері деген таңба. Оның атының ұмытылуына осындай екі түрлі айдар да себепші болды.

Алматыда өткен Жұмабай Шаяхметовтың 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірбиелік конференцияда Қазақстан үкіметін көп жыл басқарған Байкен Әшімов қысқа да нұсқа былай деді: «Шындықты айтпауға болмайды, оның кезінде қазақ жүзге, руға бөлінуді доғарды. Оның өзі де кезінде: «Кадрды жүзге, руға қарап таңдау партия мен мемлекеттік аппараттың ластануына, әулетшілдік пен топшылдықтың пайда болып, кадрдың өсуі және оны тәрбиелеу жұмысының тежелуіне апарып соғады» деп жазды».

Сөз соңында Бәйкен Әшімов: «Егер Шаяхметов қалыптастырған сол жүйе жалғаса бергенде қазақтың ауызбірлігі әлдеқайда берік болып,
Егер Шаяхметов қалыптастырған сол жүйе жалғаса бергенде қазақтың ауызбірлігі әлдеқайда берік болып, анағұрлым үлкен жетістіктерге қол жеткізер еді.
анағұрлым үлкен жетістіктерге қол жеткізер еді», – деп түйіндеді.

Шаяхметовтың сталиндік қуғын-сүргінге қатыстылығы жөнінен де қарсы дәлел келтіруге болады. Тарих институтының директоры Манаш Қозыбаевтың, оның орынбасары Қайдар Алдажұмановтың, сол кездегі президент мұрағатының директоры Людмила Дегитаеваның ресми мәлімдемесіне сәйкес, олар Жұмабай Шаяхметовты әшкерелейтін бір де бір құжат көрмеген.

Біршама уақыт Қазақстан КГБ-сын басқарған Зақаш Камалитденов те осы органда жұмыс істеген кезінде Шаяхметов туралы жағымсыз әңгіме естіп көрмегенін айтады.

Десе де қисынсыз екі түрлі қара дақ кетер емес, олар Жұмабай Шаяхметов есімінің лайықты орнын алып, үлгі ретінде біздің жас мемлекетіміздің қалыптасуына қызмет етуіне кедергі болуда. Ал, оның атқарған істері үлгі болуға тұрарлық. Оның есімін, тіпті, оппозицияның да ауызға алмауы мені таңдандырады.

Қызметтен кетірілгеннен кейін Мәскеудегі Жұмабай Шаяхметовтың көңілін сұрауға барған Мұзафар Даиров (нан өнімдері жөніндегі министр ретінде белгілі) Қазақстанның бұрынғы бірінші басшысының бір бөлмелі пәтердегі (тұрақты өкілдіктің ескі жиһазы, киімдері оңған, жұбайы екеуі де сырқат) бейшара күйін көргенде көзіне жас алған.

Музафар Даиров Шаяхметовтың мүшкіл күйін Дінмұхамед Қонаевтан бастап, басқа да ол кісіні білетін адамдардың бәріне жеткізген. Миында ісік пайда болып, операция жасалған, қатты сырқат Шаяхметовке көмектесулерін сұраған. Бірақ, көмектескен тірі жан болмады.

Кейінірек балалары Жұмабай Шаяхметовты Алматыға әкелді, ол кісі осында 1966 жылдың қазанында көз жұмды. Ол кісі өмір сүрген қаланың орталығындағы үйдің сыртына ілінген қарапайым тақта ғана оның мұрасын ұрпақтардың есіне салады. Ол кісінің зиратында да қарапайым ғана ескерткіш тұр. Биік қызметте болған алдыңғы буын өкілдерін ұмыттыратын коммунистік дәстүр бүгінгі Қазақстанда да сақталып отыр.

(Бұл мақаланың ауторы, қарт журналист Мадат Аққозин Алматыда тұрады. Аутор бұл мақаласында өз ой-пікірі мен тұжырымын білдірген. Олары Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG