Accessibility links

Сарыарқаның төсінде өткен ұлттық аспаптар мен дәстүрлі әндер салтанаты


Ардақ Мұқұшев, Жүсіпбек Елебеков атындағы IV республикалық дәстүрлі орындаушылар байқауының бас жүлдегері. Қарағанды, 2 қараша 2009 жыл.
Ардақ Мұқұшев, Жүсіпбек Елебеков атындағы IV республикалық дәстүрлі орындаушылар байқауының бас жүлдегері. Қарағанды, 2 қараша 2009 жыл.

Қарағандыда арқа өңірінің күміс көмей әншісі, Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс Жүсіпбек Елебеков атындағы IV республикалық дәстүрлі әндерді орындаушылар байқауы болып өтті. Бас жүлдені Шет ауданының танымал әншісі Ардақ Мұқұшев жеңіп алды.

Дәстүрлі байқау әдеттегідей республиканың түкпір-түкпірінен келген әншілердің тартысты сайысымен қызып, жаңа есімдерді тыңдармандарға таныстырды.

Қарағанды қаласының кеншілер мәдениет сарайында өткен кезекті байқау Жүсіпбек Елебековтың 105 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Осыған дейін де өз дүлдүлін анықтаған байқаулардан, осы жолғысы қатысушылардың көптігімен, деңгейінің жоғарылығымен көзге түсті.

ЖҮСІПБЕК ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН ӨНЕР МЕКТЕБІ

Әнші Қайрат Байбосынов бастаған бір топ қазылар алқасы қатысушылар тарапынан ән таңдау бағыты мен орындау мәнерін баса атап отыр. Байқау барысында Жүсіпбек репертуарындағы барлық әндер орындалып, ол қалыптастырған дәстүрлі ән орындау мектебі өз күшін көрсете алған.
Ғалым Мұхамедин, Жүсіпбек Елебеков атындағы IV республикалық байқаудың қазылар алқасының мүшесі. Қарағанды, 2 қараша 2009 ж.
Байқаудағы қазылар алқасының мүшесі Ғалым Мұхамединнің айтуынша, осы жолғы байқаудың деңгейі өте жоғары. Әсіресе, ұйымдастыру жағы дейді ол.

– Жүсекеңнің ең сүйіп айтатын – «Жас қазақ», «Қанат талды», «Ағаш аяқ» әндері. Осы әндердің барлығы айтылды. Енді жалпы деңгейі жақсы, әншілер бұрынғы байқауларға қарағанда сәл-пәл болсын жақсы болып келе жатыр. Сонымен қатар ұйымдастыру деңгейінің жақсы болғанын аңғардық, – дейді қазылар алқасының мүшесі Ғалым Мұхамедин.

Республиканың түкпір-түкпірінен келген 47 үміткердің 5-еуі сайысқа қатысқандары үшін алғыс хат иеленсе,7-еуі арнайы дипломмен марапатталды. Алғашқы сайыстарда жүлдесіз қалмаған Қарағанды облысы бұл жолы да бас жүлдені және ІІ және ІІІ дәрежелі дипломды өз қанжығаларына байлады.

КИЕЛІ ҚАРА ДОМБЫРА

Сайыс қортындысында Қарағанды облысы, Шет ауданының танымал әншісі, Жүсіпбек Елебековтың соңғы шәкірті Ғалым Мұхамединнен сабақ алған Ардақ Мұқұшев биылғы байқаудың жеңімпазы атанды. Ол бүгінгі таңда дәстүрлі ән орындаушыларды дайындайтын сынып ашып, өз шәкірттерін дәстүрлі өнердің қыр-сырынан сусындатып, қанаттандыруда. Жеңімпаздың тілегі де арманы да жас буынмен тікелей байланысты.

– Дәстүрлі домбырамен айтылатын әншілер көбейе берсе екен деген тілегім бар. Осындай байқаулардың арқасында домбыраның да құдіреті бір білініп қалады ғой. Енді осы өнер жастар арасына да кең жайылса деген үміт бар, – дейді Жүсіпбек Елебеков атындағы IV республикалық дәстүрлі орындаушылар байқауының бас жүлдегері Ардақ Мұқұшев.

Облыстық мәдениет басқармасы байқау соңынан облыс аумағындағы барлық аудандардан жиналған отбасылық ансамбльдердің байқауын да өткізді. Онда бір отбасының мүшелерінен құралған жеке ансамбльдер өз өнерлерін ортаға салды.

Байқауда исі қазаққа қасиетті қара домбырамен қатар, қобыз, дабыл, сырнай сынды ұлттық аспаптардан әсем саз бен күмбірлеген күй төгілді.
XS
SM
MD
LG