Accessibility links

Қазақстанда барлық интернет-ресурс баспасөз құралдарына теңестірілді


"Әділ сөз" ұйымының төрайымы Тамара Калеева Интернетке бақылау орнатуға қарсы бағытталған демонстрацияға қатысуда. Алматы, маусым 2009 жыл.

"Әділ сөз" ұйымының төрайымы Тамара Калеева Интернетке бақылау орнатуға қарсы бағытталған демонстрацияға қатысуда. Алматы, маусым 2009 жыл.

Қазақ қоғамы мен халықаралық қауымдастықтың және халықаралық ұйымдардың жаппай қарсылығына қарамастан, президент Назарбаев Интернетке мемлекеттік бақылауды күшейтетін заңға қол қойды. Енді Қазақстанда барлық интернет ресурс, оның ішінде форумдар, блогтар, чаттар мен электрондық кітапханалар баспасөз құралдарына теңелді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сенбі күні қол қойып бекіткен жаңа заңға сәйкес, бұдан былай дәстүрлі қағаз басылымдармен және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар Интернет-ресурстардың иелері де қылмыстық және азаматтық жауапқа тартылады.

Аталған заңға қол қойғанын хабарлаған президенттің баспасөз-қызметінің сипаттауынша, «Қазақстан Республикасының ақпараттық-коммуникациялық желілері туралы кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы заң» - республика аумағында ақпараттық-коммуникациялық желілері арқылы таратылатын хабарға байланысты қарым-қатынасты мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге бағытталған».

Алайда Қазақстандағы бірқатар журналистік ұйым, үкіметтік емес ұйымдар мен адамның құқын қорғайтын қазақстандық және халықаралық ұйымдар, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) сынды беделді халықаралық құрылымдар бірнеше рет Қазақстан президентін заңға қол қоймай вето қоюға шақырды.

Атап айтқанда, Азаттық радиосы осыған дейін хабарлағандай, ЕҚЫҰ-ның баспасөз бостандығы бойынша өкілі Миклош Харастидің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа 25 маусымда жолдаған хатында Интернетке мемлекеттік бақылау орнату туралы заң Қазақстанның осы ұйым алдындағы міндеттемелеріне және халықаралық стандарттарға қарама-қайшы келетінін ескертілді.

Оның ішінде Миклош Харасти президент Нұрсұлтан Назарбаевтың назарын мынадай маңызды сәттерге аударды:

- Интернет форумдарды, блогтар мен чаттарды және тағы басқа интернет-ресурстарды дәстүрлі ақпарат құралдарына теңеу Интернетке деген құқықты негізсіз шектейді;

- Кез-келген бұқаралық ақпарат құралының өндірісін немесе таралуын тоқтатуға деген негіздердің тізімін кеңейтеді;

- Қазақстан азаматтарының шетелдік ақпарат құралдарына немесе кез-келген шетелдік Интернет-ресурсқа шығу құқын күрт шектейді.

Оған қоса жаңа заңда Қазақстан аумағына арналған шетелдік баспасөз құралының өкімдеріне сот арқылы тыйым салу мүмкіндігі де қарастырылған. Егер шетелдік БАҚ-тың ақпараты немесе өнімі Қазақстан заңдарына қайшы келеді деп табылса, ол БАҚ-ты тоқтату мәселесі арызданушының жерінде және жауап берушінің қатысуынсыз сотта қарала береді.

Жаңа заңның бұл нормасы, ЕҚЫҰ сарапшыларының пікірінше, Қазақстан аумағында шетелдердің Интернет-ресурстарына кіруге бөгет қоюды көздейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG