Accessibility links

Деtрек көздеріне қарағанда, соңғы он жылдың бедерінде суицид дертіне шалдығып, өмірімен қош айтысқан Қазақстан азаматтарының саны әр 100 мың адамға шаққанда 27-29 адамнан келіп отырған. Ал, 1995-96 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтар кезінде өзіне-өзі қол салған адамдардың саны 20-30 пайызға бірден көтерілсе, Қарағанды облысына қарасты Жаңарқа, Қарқаралы аудандарында Байқоңырдан ұшырылған зымыран қалдықтары құлаған кезде суицид дертімен жантәсілім еткен жандар күрт өскен.

Талдықорған қаласында тұратын жақын танысы өзіне қол салып, көз жұмғанын айтқан Ғайша Бақдәулетқызы:

— Бір басында банктен алған екі бірдей несиесі бар болатын. Оның үстіне жұмыссыз еді. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, жуырда машинасымен келе жатып жол апатына түседі. Сөйтіп, әлгі соғылған машинаның иесі 8000 доллар сұраған. Танысым болған жағдайдың жай-жапсарына үңілместен үйіне келген бойда асылып өлген.

Сондай-ақ, Ғайша экономикалық дағдарыс кезінде суицид дерті етек ала ма деп қорқатынын жасырмады.

Жалпы, өзіне қол салған адамды қиындықтарға шыдамаған немесе жүйке ауруына шалдыққан деген түсінік қалыптасқанына қарамастан, психолог мамандар суицидке шалдығатындарды үш топқа бөліп қарастыратындарын айтады.

— Шын әрекет, жасырын әрі жабық әрекет және демонстрациялы әрекет деп үшке бөліп қарастыруға болады. Демонстрациялы әрекет етушілер өзіне қоғам назарын аудару үшін биік үйден, болмаса көпірден секіріп өлем деп жария етіп жатады. Мұндай адамдар шындығында өлгісі келмейді. Тек барлық назар өзіне ауса деген тілеумен ғана сондай әрекетке барады. Шын әрекет етушілер өмірдің көлеңкелі әрі өтпелі екеніне көздері әбден жеткен адамдар болып келеді. Олар көбіне қарттар. Және жасөспірімдер де өмірдің алғашқы шын мағынасын түсінген кезде өзін өлімге итермелейді. Жасырын әрекетке әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтарға шыдай алмаған және мінезі ауыр, томаға тұйық адамдар барады. Ал, ғалымдар өзіне-өзі қол жұмсайтын дерт адамның тегі арқылы беріледі дегенді растап отыр. Егер бұл тек арқылы жалғасатын ауру болса, оған медицина көмектесе алмайды.

Суицид дамыған елдерде көп кездеседі. Себебі, ол елдерде қала халқының саны жыл сайын өседі. Сосын адамға деген назар, пейіл азая бастайды. Адамның өзіндік орны, құны жоғала бастайды. Мұның өзі өлімге алып келеді. Сонымен қатар, дүниенің ақпараттануы, адамның табиғаттан алшақтауы, неше түрлі компьютерлік ойындар, көбінесе жастардың арасында суицидтің көбеюіне алып келеді. Психолог Анар Қадырқұлқызы осылай десе, әлеуметтанушы Мәнсия Сапарғалиқызы суицидке әлеуметтік жағдайдың әсер ететінін алға тартады:

— Негізгі себебінің бірі адамның тұлғалық жүйкесінің қалыптасу кезеңдеріндегі қандай да бір әсер еткен нәрсе кейін суицидқа алып келуі мүмкін. Жасөспірімдерге келетін болсақ, олардың өз-өзіне қол салуына көбінесе, өздеріне айтылған сынды дұрыс қабылдамауы, қиындықтарға төзбеуі себеп болады. Және адамдардың кедейленіп қалуы, мүгедек болуы да суицидке итермелейтін жағдайлар қатарына жатады. Сондай-ақ, қоғамдағы жат қылықтарға әуес, нашақорлар мен маскүнемдер суицидке бейім келеді.

Ислам дінінде өз-өзіне қол салып, жан тапсырған адамдарға жаназа шығарылмайды. Әрі оларды мұсылманша жерлеуге болмайтыны қатаң ескертілген екен.

— Қасиетті Құран Кәрімдегі Ниса сүресінің 29-аятында: «Өздеріңді өздерің өлімге қимаңдар»,- деген Алла Тағаланың ескертуі бар. Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.ғ) хадистерінде: «Кімде-кім у ішіп өлетін болса, ол тозақта сол уды мәңгі ішетін болады. Егер кімде-кім өзін жардан тастап өлетін болса, ол тозақтың түбіне мәңгі тасталады»,- делінген. Жалпы, мұсылман әлемінде өз-өзіне қол салу харам іс болып табылады. Және мұсылмен елдерінде суицид дертімен өлетіндер 100 мың адамға шаққанда 0,1 адамнан келеді.

Ал, қазақта суицидтің «аспа кесел» деген түрі бар. Қазақтар оның өзіндік шипасын да тапқан. Мысалы, өзін асқалы тұрған немесе сондай іске баруға дайындалып жүрген адамның көзінше қара мысықты я қара тауықты асып өлтірсе, әлгі адам дертінен айығып кететін болған, – дейді дінтанушы Қайрат Дүйсен.

Мамандардың мәліметіне назар салсақ, суицид дертіне шалдығып, өзіне қол салатын адамдардың саны көктемде және күзде көбейеді екен. Және олар ойға алған әрекеттерін, таңертең немесе түнде, сонымен бірге, уақыттың жаздық я қыстық уақыт өлшеміне ауыстырылатын кезінде жасауға талпынады екен.

XS
SM
MD
LG