Accessibility links

Бас редакторы түрмеде отырған «Алма-Ата инфо» газетінің тіркеуі жойылды


Қазақстанда шығатын «Алма-Ата инфо» тәуелсіз газеті.
Қазақстанда шығатын «Алма-Ата инфо» тәуелсіз газеті.

Бас редакторы түрмеде жазасын өтеп жатқан «Алма-Ата инфо» газетінің редакциясы Мәдениет және ақпарат министрлігінен басылымның тіркеуі жойылғаны туралы хат алғанын айтады. Министрліктегілер бұл жөнінде түсінік бермей отыр.


ӨТІНІШКЕ ЖАУАП

«Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат және мұрағат комитетінен келген хаттан түсінгенім, олар «Алма-Ата инфо» газетін сотсыз әрі меншік иесінің рұқсатынсыз жауып тастаған», - деді газеттің бас редакторының орынбасары Раушан Есіргепова Азаттық радиосына.

Оның сөзіне қарағанда, ол 2009 жылдың қазан айында Мәдениет және ақпарат министрлігіне «Алма-Ата инфо» басылымның шығарылуын уақытша тоқтата тұруды сұрап өтініш берген.

Ондай өтініш беруге басылымның бас редакторы Рамазан Есіргеповтың сот үкімімен үш жылға түрмеге қамалуы және соған байланысты редакцияның қаржы қиындығына кезігуі себеп болған.

– Басылымның редакторы Рамазанды тұтқындағаннан кейін мен бірнеше қызметкерлермен үш айда бір рет газетті шығарып келген болатынмын. Ол толығымен Рамазанның ісі мен оны қолдауға арналып келді. Алайда соңғы уақыттағы қаржылай қиындықтардан кейін, мен ақпарат комитетіне газет шығаруды уақытша тоқтата тұратындығымды ескертіп, өтініш жасадым. Бірақ олардан ешқандай жауап болмады. Сонан кейін қаңтар айында тағы да телефон шалып едім, ол жолы мардымды жауап бермеді. Міне, ақпанның соңында маған жауап келді. Онда «Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат және мұрағат комитеті, «БАҚ туралы» заңның 10-бабының 5-тармағына сәйкес, комитет төрағасының бұйрығымен «Алма-Ата инфо» басылымын тіркеуден алып тастағаны туралы» айтылған, – дейді Раушан Есіргепова.

Осы мәселеге байланысты Азаттық тілшісі Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат және мұрағат комитетіне хабарласқанымен, ондағылардан газетке байланысты нақты жауап алу мүмкін болмады.

ҚҰЗЫРЕТТІ ОРГАННЫҢ БЕЙМӘЛІМ БҰЙРЫҒЫ

Министрліктен келген жауапқа қатысты Азаттық тілшісі «Әділ сөз» қорының заңгері Ганна Красильниковадан түсінік беруді сұраған еді.

– БАҚ туралы заңда басылым 3 айдан артық уақытша шығарылмай тоқтап тұрса, оны мүлдем тоқтату туралы шешім шығарылатыны жазылған. Мұнда ең маңызды жайт – «Алма-Ата инфо» газеті заңда көрсетілген осы үш ай мерзімде шықпады ма, жоқ па? Біздің қолымызда тек комитеттен келген жауап қана бар. Онда «Министрліктің ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы бұйрығының негізінде тіркеуден алынып тасталғандығы» айтылған. Алайда ол бұйрықтың өзі жоқ. Сондықтан, төрағаның бұйрығын көрмейінше, аталған құзыретті органның ұстанымын негіздеу мүмкін емес, – дейді заңгер.

Қазақстанда жарық көретін «Алма-Ата инфо» газеті бұған дейін бірнеше рет ар-намысқа тиген деген негізбен сотқа тартылған болатын.

Газеттің бас редакторы Рамазан Есіргепов былтырғы жылдың қаңтар айынан бері қамауда отыр. 2009 жылы тамыз айында Тараз қалалық соты оны «қызметтік құпияны жариялағаны үшін айыпты» деп тауып, үш жылға бас бостандығынан айырған болатын. Оған 2008 жылғы 21-қараша күні «Алма-Ата инфо» апталық газетінде басылған «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деген мақала негіз болған еді. Мақалада ҰҚК-нің сол кездегі төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа Жамбыл облыстық департаменті бастығының жолдаған қызмет хаты жарияланған болатын.

Биылғы жыл басында Рамазан Есіргеповтің шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығаруды сұрап берген өтінішін билік орындары қанағаттандырмай тастады.

Елдегі оппозиция мен бірқатар қоғамдық ұйымдар Рамазан Есіргеповтың ісінде саяси астар бар деп санайды.

Тәуелсіз журналист Рамазан Есіргеповке сот үкімі шығарылғанда түсірілген видео, Тараз, 8 тамыз 2009 жыл

Рамазан Есіргеповтің соты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:42 0:00
XS
SM
MD
LG