Accessibility links

Қоғамдық пікір қалыптастыруда пәрменді құралға айналған жаңа медианың ықпалы артып барады


BarCamp Central Asia 2010 форумына қатысушылар. Алматы, 17 сәуір 2010 жыл.

BarCamp Central Asia 2010 форумына қатысушылар. Алматы, 17 сәуір 2010 жыл.

Әлемде жаңа медиа қарқынды дами бастаған соң оның қуатты ықпалын өз мақсаттарына пайдаланбақ болғандар қатары да көбейіп келеді. «Сайлау кезінде саясаткерлердің блогтарды үгіт-насихат құралы ретінде пайдалануы сәнге айналып кеткен сияқты» дейді мамандар.


ЖАҢА МЕДИА

Мамандар «блог, микроблог, әлеуметтік желілердің дамуы журналистика, білім, саясат тәрізді сандаған сала өкілдеріне жаңа медианың мүмкіндіктерін мойындатып, оған бет бұрғызды» дейді. Жаңа медиа саласын зерттеп жүрген ғалым Фредерик Эмрих блогтардың АҚШ-та қандай әлеуметтік маңыздылыққа ие болғаны жөнінде былай дейді:

«Қазір АҚШ-та блогтардың қоғамдағы ықпалы өте күшті. Оларды жұрт күнделікті қарап отырады, пікір жазады. Әлдекім өз пікірін
Фредерик Эмрих, Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институтының кафедра меңгерушісі. Алматы, 17 сәуір 2010 жыл.
айтқысы келсе, блогқа жүгінеді. Мұның қандай артықшылығы бар десек, блог көп ресурсты қажет етпейді және оны жүргізу үшін журналист болу да шарт емес. Жаңа медианың пәрменді қуатын саясаткерлер де қолдана бастады. АҚШ-тағы соңғы сайлау саясаткерлердің саяси көзқарасын қарапайым жұртқа блог арқылы жеткізе алатынын дәлелдеді. Халық оны оқып, блог қауымдастықтарға белсенді қатысты».

Бұл сәтті тәжірибені көптеген елдер де қайталауға тырысып жатқан көрінеді. Интернет аудиториямен жұмыс істеуде біліксіздіктің салдарынан сыннан өтпей қалған жобалар да бар.

БЛОГ САЯСИ ҚҰРАЛ

Ярослав Ажнюк, украиналық блогшы: «2009 жылдың соңында бізде – Украинада президенттік кампания пайда болды. Сол топтағы кеңесшілер, депутаттар блог ашып көрді. Блог аса танымал бола қойған жоқ. Интернетпен үнемі айналысып жүрген кәсіби блогшылар оған күле қарады. Өйткені, блогты сайлауға түсіп отырған адамдар емес, олардың кеңесшілері жүргізді. Мұның жасанды жоба екені көп ұзамай-ақ білініп қалды. Бірақ билікке жаңадан келген жас буын саясаткерлер арасында блогын сәтімен жүргізіп келе жатқан танымал блогшылар бар».

Мамандар жаңа медианың болашағынан үлкен үміт күтіп отыр. Сондықтан саясаткерлерге «интернетпен дос болыңдар» деген ақыл айтады. Журналист әрі блогшы Асхат Еркімбай «көп ұзамай барлық мемлекеттер жаңа медианы саяси құрал ретінде пайдаланады» деген болжам жасайды.

«Бұл ағым қазірдің өзінде жиі байқалады. Мәселен, көрші Ресейдегі Медведев, Путиндердің туиттерде, әлеуметтік желілерде жеке парақшалары бар. Малайзияның үкімет басшыларының профайлдары бар. Ақпарат – қашан да саясат, қашан да құрал. «Кімде ақпарат болса, сол әлемді билейді» деген сөз бекер айтылмаса керек. Жаңа медиа – бақылауы қиын ақпарат. Оларды бақылау өте қиын. Әрі қарай не болатынын ешкім білмейді. Осыны түсінген кез-келген саясаткер жаңа медиа арқылы өзіне оп-оңай-ақ аудитория жасап алады. Блог – құрал, әлеуметтік желі – құрал, туиттердегі профайлың – құрал. Оны кім қандай мақсатта қолданарын өзі біледі», – дейді қазақ блогшысы.

АРЫЗ-ШАҒЫМ ЖӘШІГІ

Қазақстанда өткен жылы үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтен бастап, бүкіл үкіметтік кабинет басшыларының интернетте блог ашқаны белгілі. Блогтан гөрі арыз-шағым жәшігіне ұқсайтын шенеуніктердің блогын әркім әрқалай бағалайды. Кейбір мамандар «бұл блогтың
Асхат Еркімбай, қазақ блогшысы. Алматы, қыркүйек, 2009 жыл.
беделін түсіреді» десе, енді бірі бұл тенденцияға оң баға береді.

Журналист әрі блогшы Асхат Еркімбай: «Әрине, ол блогтарды кім жүргізіп отырғаны белгісіз, бірақ блогтар бар. Ол блог – менің түсінігімдегі блог емес. Қазір интерактивтілік жағынан ұтып отыр. Ол блогтардың ең үлкен артықшылығы – жұрт «мәселені шенеуніктерге тікелей айтуға болады» деп түсінеді. Блогқа кіреді, өзінің шағымын жазады, сосын жауап күтеді. Жауап қайтармаса, ақпарат құралдары шулап кетеді. Осы тұрғыдан алғанда жақсы. Екіншіден, үкімет басшыларының блог ашуы – белгілі бір деңгейде блогтың бұқараға насихатталуына түрткі болды».

БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ЦЕНЗУРА

Сарапшылардың бағамдауынша, билікке жаңа медиадан гөрі интернеттік БАҚ-ты бақылап отыру оңай. Сондықтан интернет-цензура күшті мемлекеттер оған сақтана қарайды. Мұндай елдерде азаматтардың интернетке жетпегені – билікке тиімді. Билік оны дамытуға тым құлықты емес.

Гүласыл Камалова, өзбекстандық журналист-блогшы:

«Өзбекстанда көптеген блогшылар жасырын атпен блог ашуға тырысады. Лайфжорналда Өзбекстандық 300-дей блогшы тіркелген. Бәлкім, одан көп шығар, аз да болуы мүмкін. Біздегі блогтарды мазмұны жағынан екіге бөлуге
Қазақ блогшы жастары ғаламторды шолуда. Алматы, 14 қараша 2009 жыл.
болады: күнделікті оқиғаларға қатысты өз көзқарасын жеткізетін қоғамдық-саяси, әлеуметтік блогтар және ойын-сауық бағытындағы блогтар. Саясатқа қатысы бар блогтар кейде жабылып жатады. Мұндай блогтар бізде көп. Мысалы, уордпресс блог платформасынан ашқан өзімнің блогымды айтуға болады. Төрт жылдан бері қарапайым тұтынушылар менің блогыма кіре алмай келеді. Ай сайын Өзбекстандағы біреулер бір-екі рет кіреді. Олардың арнайы қызмет мамандары екенін білемін. Бізде тек министрліктер мен арнайы қызмет мамандары ғана жабық сайттарға кіре алады».

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМҒА ҚЫЗМЕТ

Блогтың азаматтық қоғам дамуында салмақты орын алатынын мамандар мойындайды. Көптеген елдерде азаматтар қоғамдық мәселелерді жаңа медианың көмегімен шешіп жатады.

«Бізде көпке дейін барлық кинотеатрларда фильмдер тек орыс тілінде көрсетіліп жүрді. Тәуелсіздік алғалы ешкім бұған мән бере қойған
Ярослав Ажнюк, украиналық блогшы. Алматы, 17 сәуір 2010 жыл.
жоқ. 2005 жылы Иван Помидоров деген блогшы пайда болды. Ол ағылшын тілінен аударғанда «уәделер банкі» деп аталатын сайтқа өзінің уәдесін жазды. «Егер мың адам өзге тілде көрсетілетін фильмдерге барудан бас тартса, мен де бармаймын» деп, өзінің блогына жазып қойды. Оны байланыстың барлық түрлері арқылы достарына жібереді. Екі күннің ішінде оның шағымына 1000-нан астам адам қол қойды. Бір аптадан соң екі мыңға жетті. Уақыт өткен сайын қолдаушылар көбейе берді. Бұған журналистер қауымы да назар аудара бастады. Қол қойған адамдар өзара топ құрып, фильмдерді ана тілдерінде сөйлетудің жолдарын қарастырды, бұған әсер ете алатын билік өкілдерімен, кинотеатр басшыларымен сөйлесті. Соның арқасында, жарты жылдан соң Украинаның сол кездегі президенті Виктор Ющенко фильмдерге украин тілінде дубляж жасау туралы жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, жалғыз адам интернеттің көмегімен елдегі жағдайды өзгертті», – дейді украиналық блогшы Ярослав Ажнюк.

Мамандар әлемде микроблог жүйесінің қарқынды дамып келе жатқанын да айтады. «Ақпараттың көптігі, онымен бөлісудің қолайлы әдісін іздеу осы саланың дамуына әсер етіп отыр» деп түйіндейді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG