Accessibility links

Жақсыбек Күлекеев сотының күнтізбесі: таразы басында айыптау мен ақталу


Жақсыбек Күлекеев сот залында. Астана, 31 қазан, 2008 жыл

Жақсыбек Күлекеев сот залында. Астана, 31 қазан, 2008 жыл

Бүгін Астанадағы 2-ші Сарыарқа аудандық сотында "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеевке қарсы 25 тамызда басталған сот процесінде соңғы нүкте қойылуы тиіс. Судья Нұржан Жолдасбеков 13 қараша күні сот үкімін жариялайтынын айтқан болатын. Азаттық радиосы екі айдан аса жүргізілген сот барысын жіті қадағалаған еді.

Қазақстанның Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес агенттігінің қызметкерлері биылғы жылы 1- сәуірде «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Жақсыбек Күлекеевті 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен ұстап, қамауға алған болатын.
Ж.Күлекеев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті қызметіне 2007 жылдың 28- мамырында тағайындалған еді.

Т
амыздың 25-де Астананың №2 Сарыарқа аудандық сотында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеев пен оның жүргізушісі Есенғали Оспановтың істері бойынша сот процесі басталды.
Тергеу ісі бойынша Күлекеевке 100 мың доллар пара алған, автокөлігін өзі басқаратын ұлттық компанияға сатқан, компанияның қызметкерлеріне жекеменшігіндегі үйді күзеттірген және темір жолға қажетті заттарды сатып алу үшін ұйымдастырылған тендерде туысқаны құрған жекеменшік компанияның жеңіске жеткендігі туралы заңсыз шешім шығартқан деген айыптар тағылды.
Тамыздың 27-сі күні осы іске байланысты өткен сот процесіне журналистер жіберілмеді. Соттың бұл отырысында автокөлігін өзі басқарған ұлттық компанияға сатты деп, Күлекеевке тағылып отырған айыпқа байланысты куәлар тыңдалуы керек еді. Бірақ айыпталушының туған ағасы Сәрсенбек Күлекеев компаниядан шақырылған 5 куәгердің келтірген дәйектерін алдыға тартып, тендердің заң жүзінде өткендігін және ешкімге де қысым көрсетілмегендігін айтты.
Отырыс өтетін залға журналистердің жіберілмегендігін сот өкілдері судья Нұржан Жолдасбековтың осындай нұсқау бергендігімен түсіндірді. Ал бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеев пен оның жүргізушісі Есенғали Оспановтың істері бойынша болатын соттың ашық өтетіндігі жарияланған болатын.
Қыркүйектің 8-і күнгі сот отырысында туысының жол жөндеу тендеріне қатысуына ықпал етті деп Күлекеевке тағылып отырған айыпқа қатысты мәселе қаралды. Жауап алынған куәгерлердің көбісі тендерлердің заңды өткенін және компания басшылығына ешқандай қысым көрсетілмегенін айтты.
Куәлік ретінде берген жауабы"Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) компаниясының бұрынғы басшысына айып тағуға бірден-бір негіз болған басты куәгер ауырып қалғаны себепті сотқа келмеді.
Ұлттық темір жол компаниясының мемлекеттік сатып алулар бойынша бұрынғы басқарушы директоры Руслан Местоев Астанада 8 қыркүйек күні жалғасқан сот отырысына өз орнына адвокаты Ермек Бектасовты жіберді. Адвокаттың айтуынша, Местоев науқас болуы себепті сот процесіне келе алмаған.
Қыркүйектің 29-да өткен сот процесінде "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының бұрынғы бастығы Жақсыбек Күлекеевке қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша куәлік етуші кәсіпкер Ярмахамбет Мыргыясов журналистерге қаржы полициясы тергеушілерінің компания қызметкерлері мен өзіне қысым жасағаны жөнінде мәлімдеді.
Ярмахамет Мыргыясов бұрын "Запчасть" акционерлік қоғамы және "Молдашев и К" ЖСС деп аталған қазіргі "Тараз механика-құю зауыты" ЖСС-ын басқарады. Осы компания "Қазақстан темір жолын" жеңіл аутокөліктермен қамтамасыз ету тендерін жеңіп алған болатын.
Кәсіпкердің сөзіне қараағанда, мұндай қысым оның бухгалтеріне де жасалған.
Қазанның 20-да Астанадағы №2 Сарыарқа аудандық сотында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеевтен жауап алу аяқталды.
Жақсыбек Күлекеев өзіне тағылған төрт бірдей айыптың бірін де мойындаған жоқ.

Сотта соңғы сөзін айтқан Күлекеевтің жүргізушісі Есенгелді Оспанов өзіне тағылған айыптарды мойындамайтындығын тағы да қайталады:

"Маған психологиялық қысым көрсетті. Қорқытты. Мені адастыруға дейін алып барды. Олардың күш көрсетуімен мен түрлі жауап бердім. Менің ең басты қателігім - танымайтын адамнан портфель алғаным. Мені осы үшін қауіпті қылмыскер етеді деген ойыма да кірмепті", - деген Оспанов соттан әділ шешім күтетінін айтты.

Күлекеев сот процесі барысында ҚТЖ-ның бұрынғы қызметкері Руслан Местоевқа қатысты да айтты. Ол онымен тек қызмет бабында ғана сөйлесетіндігін, жеке өзінің ешқашан жұмыс кабинетіне де келмегенін алға тартты. Жұмысқа қатысты оған бірнеше рет ескерту жасағанын да, тіптен жылдың басында тендерлік комиссияларға төрағалық ету өкілеттігіне уақытша шектеу қойғанын да жасырмады.
Сотқа келген 70 ке жуық куәгердің барлығы да Күлекеевтің заңға қайшы жұмыс істемегенін айтты.
Қазанның 24-де мемлекеттік айыптаушы Еркін Шәріпов "Бекет АСТ" ЖШС-нің өкілі Кенжеболат Такеевтің сотқа енді келмейтіндігін айтты. Айтқан уәжі: оны іздеп таба алмаған.

Такеев Күлекеевке қарсы қылмыстық істің бас куәгері. Ол ҚТЖ-ның мемлекеттік сатып алу тендерін жеңіп шығу үшін, басшылыққа 100 мың АҚШ долларын бердім деп жазған.
Судья Нұржан Жолдасбеков те енді Такеевті одан артық күте алмайтындығын жеткізіп, оның тергеушілерге берген жауабын оқып берді.
Қазанның 31-де Астанадағы Сарыарқа ауданының №2 сотында Жақсыбек Күлекеев ісіне қатысты екі айға созылған сот отырысында тараптардың жарыссөзі басталды. Мемлекеттік айыптаушы Еркін Шәріпов соттан Күлекеев пен оның жүргізушісі Есенгелді Оспановты Қылмыстық кодекстің 352-бабына сәйкес 10 жыл бас бостандықтарынан айырып, жазаларын қатаң түрде түзету мекемесінде өтеуге үкім шығаруды сұрады.
Қарашаның 7-сі күнгі сот отырысында "Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының экс-президенті Жақсыбек Күлекеев үкім шығарар алдындағы соңғы сөзінде өзі басқарған Ұлттық компанияға Қазақстан президентінің тікелей тапсырмасымен барған едім деді. «Мемлекет басшысы бұл саладағы жемқорлықтың белшесінен батқанын жақсы білетін. Ол мені коррупциямен күрес, реформа жүргіз деп жіберді. Мен осы тапсырманы орындау үшін ешкімге бет бұрмастан ірі өзгерістерді бастап кетіп едім» деген Күлекеев осыған дейін түрлі лауазымды қызметтер атқарып келгенін, тақ пен байлыққа қызықпайтындығын жеткізді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG