Accessibility links

Баспасөзге шолу 05.08.2008 жыл


Сейсенбі күні шыққан басылымдарда Қытайдың Қашы елдімекенінің тұсындағы шекара бекетіне қарулы шабуыл жасалғаны айтылыпты. Сондай-ақ, тыңшылықпен айналысқан қазақстандық екі азаматтың сотталғаны жазылыпты.

«Айқын» газетінде Қытайдың Шыңжаң автономды ауданындағы ұйғыр террористерінің Қашы елді мекенінің тұсындағы шекара бекетіне қарулы шабуыл жасағаны айтылыпты. Оқиға төртінші тамыз күні таңғы сағат 07.55 минутта болған. Екі жүк көлігіне мінген «Шығыс Түркістан» террористік топтың мүшелері жол бойы бірнеше адамды қағып өлтіріп, шекарашылар базасында ертеңгісін дене шынықтырып, жаттығу жасап жатқан бірнеше жауынгерді пышаққа жығып, артынша қол гранаталарын лақтырғаны баяндалыпты. Мақала авторы Қайыржан Төтеншиннің айтуынша, тұтқиылдан шабуыл жасаған террористердің қолынан қытай шекарашыларының 16 офицері қаза тауып, тағы 16-сы әртүрлі жарақаттар алған. Сондай-ақ шабуыл жасаған екі лаңкестің ұсталғаны хабарланыпты.
«Жас Алаш» басылымында «Динара Құлыбаева әлемдегі ең бай әйелдің бірі екен» деп аталатын редакциялық мақала жарық көріпті. Шіріген байлардың қалтасындағы қаржысын санап жүретін Forbes журналы бұл жолы әлемдегі ең бай әйелдердің әмиянына үңіліпті. Жер бетіндегі ең бай деген 20 әйелдің жастары 24 пен 49-дың аралығында екен. Солардың ішінде Қазақстан президенті Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева да бұл журналдың назарынан тыс қалмағаны баяндалыпты. Тізім бойынша ол сегізінші орында. «Бір қызығы, өз маңдай терімен, адал еңбегімен осы бай әйелдер қаржыны қалай тапқанын тәптіштеп жазған басылым, Динара Құлыбаеваға кезек келгенде үндемей өте шығыпты», - деп жазады мақала авторы.
«Егемен Қазақстан» басылымында премьер-министр Кәрім Мәсімовтың өткен сенбі күні Алматы қаласының әкімшілігінде үлескерлер өкілдерімен кездескені айтылыпты. «Үлескерлер далада қалмайды» деген редакциялық мақалада, Кәрім Мәсімовтың ресми адамдардың есептерін, жеке азаматтардың өтініш-арыздарын, ұсыныстарын мұқият тыңдап, қатысып отырған министрліктер мен мекеме басшыларына шұғыл нұсқаулар бергені тілге тиек етіліпті. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан құрылыстарды бітіру үшін республикалық бюджеттен он миллиард теңге қаржы бөлінетіндігі хабарланыпты.
«Время» газетінде Шығыс Қазақстан облыстық сотта басқа мемлекеттің пайдасына тыңшылықпен айналысқаны үшін Қазақстан мен Қытай азаматтарына байланысты басталған сот процессінің аяқталғаны айтылыпты. Бұл істің басты кейіпкерлері экс прокурор Ділмұрат Абдраймов пен Қазақстанның қарулы күштерінің бұрынғы офицері, запастағы подполковник Константин Колесников. Бұл екеуі де Қазақстанның азаматтары. Мақала авторы Дилярам Аркиннің айтуынша, қылмыстық істе келтірілген мәліметке сәйкес, экс прокурор мен отставкадағы офицер қытай тыңшысына соңғы үлгідегі ракета жанармайының компоненттері мен оның физико-химикалық жасалу үлгісі көрсетілген құжаттарды беріп жіберген. Сот төрағасы бұл екеуінің отанына жасаған сатқындығын мойындап, олардың әр қайсысын 11 жылдан бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған.
«Мегаполис» басылымында Павлодар қаласында республика бойынша тұңғыш рет «метамфетамин» дайындайтын есірткі лабораториясының табылғаны жазылыпты. Сергей Романовскидің бұл мақаласында, адам жүйкесіне қатты әсер беретін есірткінің бұл түрі қаладағы пәтерлердің бірінің асханасында дайындалып келгені айтылыпты. Облыстық ішкі істер басқармасының қызметкерлері Павлодарда осындай лабораторияның бар екенін алдынала білген. Бірақ, осы іспен айналысатын адам мекен-жайын жиі ауыстыратын болғандықтан, оның ізін кесу оңайға соқпағаны тілге тиек етіліпті. Дәл қазір есірткі жасаумен айналысты деген күдікті тұтқындалып, оған қарсы қозғалатын қылмыстық істің дайындалып жатқаны сөз болыпты.
«Литер» басылымында Қостанай облысының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Сарыкөл аудан орталығындағы үйлердің бірінен марихуана есірткісін сақтап отырған қойманы тапқаны хабарланыпты. Аталмыш қоймадағы есірткінің салмағы 900 килограмды құраған. Оны Қостанайға Жамбыл облысының Шу ауданынан дарбыз тиелген «КамАЗ» жүк көлігі арқылы жеткізгені анықталыпты. «Қазір осы іске байланысты қылмыстық іс қозғалды»,- деп жазады мақала авторы Владимир Катков.
XS
SM
MD
LG