Accessibility links

Желтоқсандық Құрманғазы Рахметов: Бізді тек желтоқсанда ғана еске алады


Желтоқсандық Құрманғазы Рахметов.Астана, 2008 жылдың қазан айы.

Желтоқсандық Құрманғазы Рахметов.Астана, 2008 жылдың қазан айы.

Құрманғазы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін 7 жылға сотталған.Оның пікірінше, билік желтоқсандықтарды тек 16 желтоқсанның қарсаңында еске түсіреді.

ЖАРМАХАН ТҰЯҚБАЙ ЖЕЛТОҚСАНДЫҚТАН КЕШІРІМ СҰРАДЫ


Жармахан Тұяқбай тура жиырма жыл өткен соң Құрманғазы Рахметовтен кешірім сұрады. «Сен түсінесің бе, мен кінәлі емеспін. Кінәлі жүйе, мен тек соның бір тетігімін» деді ол Рахметовке 2002 жылы өзін саяси оппозиционер деп жариялағаннан кейін. Құрманғазы Рахметов Жармаханның республика прокурорының орынбасары болып жүрген кезінде мемлекеттік айыптаушы ретінде сот процесінде сөз сөйлеп, 11 жылға бас бостандығынан айыруды талап еткеніне қарамастан оны кешірді.


1989 жылы бұл іс те күйреді.Сөйтіп, Құрманғазы Рахметов ақталды, ал оған қара күйе жаққан Жармахан Тұяқбайға Қазақ ССР Бас прокурорының бұйрығымен ескерту берілді. Құрманғазы Рахметов Азаттық радиосының тілшісіне былай дейді:


- Мен өзіме айып тағушыны білемін.Тұяқбай ол кезде жас, шашы қазіргідей емес, қап-қара болатын. Түрі қара торы. Оның прокурорлық қара кителін де ұмытқан жоқпын. Ол көзін көтерместен маған тағылған айыптарды оқи бастады. Мен тіпті не болып жатқанын да бағдарламадым, сөз жарысы басталып кетті, маған үкім де шығарылды. Мен шынымен де оны кешірдім: ол онда жас еді әрі жүйе де шынымен солай болды ғой. Ол жүйенің тапсырмасын орындады. Осыларға қарамастан мен ол оппозицияға өткен кезде қуандым әрі осынысы үшін мен оны әрқашан «Ағай, ағай» деп сыйлап жүрдім. Бірақ кейіннен өзін оппозиционермін деп жүріп, ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірігіп қызмет еткенін естігенде жыным ұстады. Мен өзімнің тағы бір алданғанымды білдім. Ең алдымен Алматыға барып, оны тауып алып, «Осы рас па?» деп сұрағым келді. Бұл сондай масқаралық қой. Осыдан кейін адамдарға қалай сенуге болады? Кімге сенеміз енді?

Құрманғазы Рахметовтің әңгімесін толықтырсақ, бұл жерде Жармахан Тұяқбайдың партиялық жұмыстарын Ақорда мен ҰҚК қаржыландырып отырғанын, тіпті ол басынан-ақ жалған оппозиционер ретінде өзін көрсеткенін жоққа шығарғанын айта кету керек.


ҚАЗАҚ АУЫЛДАРЫНАН ОРЫСТАНҒАН АСТАНАҒА ОҚУ ІЗДЕП КЕЛГЕНДЕР


Рахметов Құрманғазы 1981 жылы мектепті алтын медальмен бітіріп, сол жылы политехникалық институттың басқару жүйесін автоматтандыру факультетіне оқуға түседі.


- Ол кезде қазақ мектебін бітірген балалар үшін техникалық оқуға түсу оңай емес болатын, себебі оқу орыс тілінде жүретін. Мен қатты қиналдым, себебі мен орыс тілін жетік білмейтін едім. Осыған байланысты мен өзімді ыңғайсыз сезінетінмін, әрі бойым да кішкентай еді.


Политехникалық университетте бір жыл оқыған соң Құрманғазы орыс тілін жақсы меңгеру мақсатымен әскерге кетуді ойлайды. Екі жыл Одессада әскери қызметін өтеп, туған аулына оралады, онда түрлі жұмыстар атқарып бірнеше мамандықты меңгереді. Дегенмен, белгілі бір мамандыққа оқып, диплом алу керек екендігін түсінеді. Сөйтіп, Құрманғазы астанаға тағы да жоғары оқу орнына түсуге аттанады, 1986 жылы ол Қазақ мемлекеттік университетінің арнаулы бөлімінде оқиды, мұнда физика пәні ағылшын тілінде оқытылатындықтан тағы да қиналуға тура келеді.


Бірақ, студенттік өмір алға жылжи береді, Құрманғазы сабақты зор ынтамен оқиды. Ол сабақты әрқашан ерекше ықыласпен оқитын, оның үстіне мектептен бастап ең сүйіп оқитын пәні физикаға деген құштарлығы керемет еді, әрі ағылшын тілі де өмір талабы. Оның үстіне, ол ауылда қалып алдыңғы қатарлы мезанизатор немесе озат тракторшы-комбайншы, тіпті электр маманы да болғысы келмеді. Оның болашағы жоқ деп ойлады.


ЖАМАНДЫҚ БОЛАТЫНЫН ЕШКІМ ДЕ СЕЗБЕДІ


Құрманғазы Рахметов балалармен бірге жаттығуын аяқтаған соң, стадионнан оқу корпусына қарай қайтып келе жатып, Космонавтар көшесінің бойымен бір жаққа қарай асыға ағылып кетіп бара жатқан жастарды көрді. Олармен бірге курстастары да кетіп барады. Құрманғазы 17 желтоқсан күні алаңға онда «не болып жатқанын» көру үшін курстастарымен бірге барғанын айтады. Олар қоршаудан өте бере тура алаңның ортасынан бір-ақ шыққандарын байқады. Тобырдың арасынан біреу оның аяғына ауыр сойылды құлатып алды. Аяғы ақсаңдап, жатақханаға қайтып кетеді.


Құрманғазы 18 желтоқсанда, аяғының ауырғанына байланысты алаңға курстастарымен бірге бара алмай қалғанын айтады. Күні бойы университте жүреді. Курстың старостасы ретінде ол сол күні студенттердің стипендиясын алуы керек еді. Жоғары оқу орнының кассирі қашан келеді деп күтумен болады.


Кешкісін Құрманғазы ағасының үйіне кетеді. Бірақ жолда оған екі орыс жігіті жабыла кетеді. Құрманғазы оларға қарсылық білдіреді. Бірақ олардың « калбит», «чукча» деп тағы басқа ауыр сөздер айтқандары көпке дейін есінен шықпай қояды. Сол түні намыстан мазасызданып, ұйықтай алмайды.


Естіген сөздері бүкіл тұла бойын ашу-ызаға булықтырады: «Неге мені өз елімде «чукча» дейді, қорлағаны, намысыма тигені несі» деп қорлыққа шыдамайды. Сөйтіп, Біріккен Ұлттар Ұ йымына хат жазып, өз ойын толық білдірмек болады. Ауылдың қарапайым баласының бұл хаты да кейіннен істі болғанында тіркеледі.


Келесі күні, 19 желтоқсанда Құрманғазы көпшілікпен бірге конституциялық құқықтардың сақталуын талап ету туралы сөздер жазылған транспаранттар ұстап шығады. Құрманғазы сол күнгі оқиғаны былайша еске түсіреді.


- Сол кездері біздер СССР тарихынан Лениннің ұлттық саясаты туралы оқып жатқанбыз. Сондықтан да жігіттер Лениннің ұлттың өзін-өзі анықтаудағы құқықтары, ұлттық саясат және конституциялық құқықтардың сақталуы туралы сөздері мен цитаталарын келтіріп, ұрандар мен транспаранттарды бір түнде-ақ жазып тастады. Алаңға қарай бара жатқанда көшеде транспаранттарды ашқан жоқпыз, оны қойнымызға тығып алғанбыз. Біз топ-тобымызбен қызу әңгімелесіп келе жаттық. Бізбен бірге қыздар да келе жатты. Бір кезде кенеттен арт жағымнан басымнан қатты соққы алдым да бірден құлап түстім. Бірақ есімді жиып алып, басыма капюшон іле салғаным қандай жақсы болған деп ойлап үлгердім.


Көзімді ашқанда көргенім бәрі менің жанымнан қашып кеткен екен. Оларды қашып бара жатқан жерінен ОМОН дықтар арттарынан қуып барып, қолдарындағы ауыр сойылмен бас-көзге қарамай, ұрып соғып, шеттерінен автобустарға тығып жатқанын байқадым. Мен орнымнан тұруға әрекет етіп көріп едім, мұрнымнан қан саулап кеткенін көрдім. Бір жас жігіт, жасы мен құралпы, өзі қазақ екен, қолындағы сойылы мен істігін ұстап маған төніп келді де, онсыз да мұрнымнан қан саулап тұрғанын көрген соң ба, мені ұрмады. Мен ол жерден қаша жөнелдім.

Артынша автобуспен алып кеткендерге ОМОН дықтардың не істегенін естідік қой. Оларды аямай ұрып-соққан, әсіресе, студент-қыздарды да қатты ұрғаны сонша, олардың шыңғырған дауыстары құлағымнан кетпей қойды, – деді маған сол автобуста болғандардың бірі кейіннен. Қатты қорлап, ұрып соққанға шыдай алмаған курстасымның бірі тергеушілерге Лениннің сөздері жазылған транспаранттарды дайындаған мен екенін атап айтып берген.


ӨТЕ ЕРЕКШЕ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ ПОЛКОВНИК


20 желтоқсан күні Рахметов Құрманғазы ешнәрсе болмағандай университетке барады, дәрісханада лекция тыңдайды, сосын басқа студенттермен бірге семинар сабағына барады. Сабақта отырғанында бір студент есіктен басын сұғып, оны төменде бір қарт адамның күтіп тұрғанын айтып, төменге түсуін өтінеді. Ол оқиғаны Құрманғазы былайша еске алады:


- Төменге түстім. Бір қарт кісі «Рахметов деген сен бе?», - деп сұрады. Өзінің кім екенін айтпады да. Сосын ол не болғанын тәптіштеп сұрай бастады. Менің ойымда ешқандай арамдық жоқ, не болды, қалай болды, не көрдім бәрін тізіп айта жөнелдім. Басында ол мені куәгер ретінде сұраса, кейінірек келе –келе әңгіменің ауаны басқа жаққа бұрыла бастады. Мен кейін білдім ғой, бұл адамның ерекше істер жөніндегі полковник Сағадиев әлде Сағдиев пе сондай біреу екенін. Қазір есімде жоқ.


КОМСОМОЛ ҚАТАРЫНАН ШЫҒАРЫП ТҰТҚЫНҒА АЛДЫ


Баядаров деген комсорг Құрманғазы Рахметовке оны қалалық комсомол комитетіне шақырып жатқанын айтады. Ол барады, бірақ ол жерде онымен көп сөйлесіп жатпады. Тек Құрманғазыға арыз бен түсініктеме жазу керектігін айтады. Бұл туралы Құрманғазы былай дейді:


- Мен бәрін қазақ тілінде жазып шықтым. Мейлі, түсінбесе, қиналсын деп ойладым. Ол кезде ешкім де қазақша жақсы білмейтін. Мен оның соңы неге әкеп соғатынын, мені түрмеге отырғызуы мүмкін екені туралы ойлаған жоқпын. Мен тек қана «егер мені оқудан шығарып жіберсе, ауылға қай бетіммен ұялмай барады екенмін» деп ойладым. Екінші оқуды да оқи алмаған әумесер деп ауылдастарым күледі-ау деп уайымдадым.


Бір күнде Құрманғазы Рахметовты комсомолдан да жоғары оқу орнынан да шығарып тастады. Себебі сол кезде –ақ оны соттайтыны белгілі болған екен. Ал қалалық комитет өз қатарының тазалығын ойлап одан алдын-ала құтылуды ойлаған. Комсомол белсенділері кейіннен оны «ол комсомол емес» деп хабарлады.


Бұрын «Целинный» кинотеатрының маңында қыдырып жүргенінде соның жанындағы милиция ғимаратының астында тергеу изоляторы бар екенін білмепті. 22 желтоқсан күні оны осы жертөле дәлізімен алып келе жатқанда ол мұнда көп адамдарды көрді. Негізінен бәрі жастар екен. Кейбіреулері қаңсырап жатыр. Кейбіреулері жан- дәрмен ыңырсып жатыр. Ал кейбірі қазақша патриоттық әндерді айтуда. Құрманғазы өз өміріндегі осы жантүршігерлік күндер туралы былай дейді.


- Мені бір адамдық камераға тықты. Сосын бір баскесерді әкеліп кіргізді. Ол мені әңгімеге тартып, ұлтсызданғандар туралы әлдебір әңгімелерді айтып, мені өзіне тарта бастады. Менің басым сынып ауырып тұрғандықтан мен оның қайдағы бір космос туралы айтқандарын, оған менің не қатысым барын түсіне алмадым. Кейіннен түрмеде тәжірибелі болғанда түсіндім ғой, ондай тәсілдің менен ақпарат алу үшін жасалған арандатушылық екенін. Милиция қызметкерлері камераға кіріп мені және менің заттарымды тексеріп кетеді, Ана адамға бұрылып қарамайды да, тіпті оларға оның бар-жоғы бәрібір сияқты. Ол асықпай ақырын өзінің шайын сораптап отыра береді. Мен өзімді қылмыскер деп есептемедім Себебі мен ешкімді өлтірген жоқпын. Мен тек қана жалпы бұқаралық демонстрацияға шықтым. Аяғымды жаралап, басымнан соққы алдым. Болды, бар болғаны осы. Мен ойладым: болды, осымен бәрі бітті деп. Мен не істей қойдым соншалықты.Жаңа жылға дейін босатып қалар деп үміттендім.Жерлестеріммен жаңа жылды бірге қарсы алайық деп уәделесіп қойғандықтан, енді бара алмайтын болдым деп ренжідім. Мен олардың сұрауымен «Тамашаның» жаңажылдық концертіне бәріне билет сатып алып қойғанмын. Бірақ оның бәрі далада қалды, алда не күтіп тұрғанын болжап біле алмадым


АЛҒАШҚЫ АШЫҚ СОТ

Құрманғазы Рахметов пен басқа да Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға сот алғашында ашық түрде өтті.


Олардың ісі бірден Жоғарғы сотта қаралды. Сот бар –жоғы екі күнде бітті. Сотты «Ашық сот» деп жариялағанымен Құрманғазы Рахметовтың көптеген достары мен туыстарының ешбірін кіргізбеді. Айтарлықтай кінәсі болмағандықтан, өзін қылмыскер деп есептемеген соң соттың аяғына дейін босатады деген үмітін жоғалтпады. Сот үкімі туралы Құрманғазы Рахметов былай дейді:


- Мен аңқау едім. Шындығында менен басқаларының бәріне де үкім белгілі болған екен. Біреулерді университеттен шығарған, біреулерді шартты түрде соттаған. Бірақ қазақтарға, әсіресе, қазақ мектебін бітіргендерге, қырын қарап, оларды бірден ұлтшылдар деп айыптаған. Ұлттық мектепті бітірді ме бітті, ұлтшыл деп санады. Сөйтіп, мені алаңда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген 65 баппен 7 жылға бас бостандығымнан айырып жіберді.


Құрманғазы Рахметов бірінші түрмесі туралы былай дейді:


- Алғашында мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің түрмесінде отырдым. Мен одан кейін отырған түрмелермен салыстырғанда бұл әрине жұмақ еді: астыңда матрац, ақ сейсеп, үш рет тамақ, намысыңа тие бермейді, адам сияқты қарым-қатынас. Оның кітапханасы да бай екен, мен онда барлық классиканы оқып шықтым. Сондағы 7 жылға сотталған бір тұтқын менің не үшін отырғанымды, қандай баппен отырғанымды білгенде ішін басып ұзақ күлді. Мен - деді ол, - 700 мың сом алғаным үшін отырмын. Менің отыруымның себебі бар.


ҚҰРМАНҒАЗЫНЫҢ АНАСЫНЫҢ БАРЛЫҚ ТІСІ БІР ТҮНДЕ ТҮСІП ҚАЛДЫ


Құрманғазы ҰҚК-нің түрмесінде отырған кезінде ағасына өзінің басынан кешкендерін айтып берді, ол жерден оны этаппен зонаға алып кету керек болатын. Құрманғазының ағасы Алматыға келді. Олар туыстарының ешқайсысына, әсіресе, анасына хабарламауды ұйғарыпты. Үйге келген басылымдарды тығып қоятындықтан, анасы бұл жайдан бейхабар болып шықты.


Құрманғазы өзі туралы тіпті «Комсомольская правданың» жазғанын кейін білді. Ол мақалада комсомолдың қатарына оның атына кір келтіретіндердің қабылданатындығы туралы жазылған.


Құрманғазы Рахметовтің анасына «тілектестердің» бірі баласының саяси салдармен түрмеде отырғандығын айтқанда оның бүкіл тісі бір түнде түсіп қалыпты. Құрманғазының мектеп директоры болып істейтін ағасын қызметінен алып тастап, қарындастарын қарағандылық оқу орындарынан шығарып жіберген. Құрманғазының ісі оның отбасына да кесірін тигізді.


ТЕМІР СЫМНЫҢ АРҒЫ ЖАҒЫНДА


Қаңтарда сот болды, мамырда этаппен зонаға әкелді, қатаң режим. Маңғышлақ, Ақтау, Атырау, Құсмұрын, Қарағанды. Құрманғазы Рахметов зонадағы өмірі жайлы баяндайды:


— Түрменің өз заңы бар. Қазір қалай екенін білмеймін, біздің қазіргі қоғамға қарағанда ол кезде түрмеде әділеттілік болатын. Қазіргі қоғам былыққа толы ғой. Қасқырдың үйірінде қасқырлардың заңымен өмір сүресің. Ондаған жылдар бойы түрмеде отырған қаніпезерлер алғашында мені қорлап, мазақ етті. Орыстар мені ұрып-соғып: «Сен қай халыққа қол көтергеніңді білесің бе, біз саған көрсетеміз», — деді. Мен олардың қорлықтарына көнбей, қарсыласып бақтым, әлім жеткенше төбелестім, соның кесірінен денсаулығыма елеулі нұқсан келді. Ол жерде не денсаулығыңды не намысыңды құрбан етесің.


Құрманғазы өзінің түрменің барлық сынына шыдағанын, түрмеде ешкімге қызмет қылмағанын айтады. Ол айтқанға көнбеген қыңырларды қалай өлтіргендерін көзімен көрген. Соңына дейін тіресіп, «сатылмаған» жігітті оның көзінше өлтірді.


Желтоқсаншы Құрманғазы Рахметов көп нәрсе адамның өзіне байланысты деп есептейді. Ол жұдырыққа ғана емес, түрме басшыларының «кінәсін мойындауы» үшін жасаған қысымдарына да шыдады. Өзінің кінәсіз екенін айтып тұрып алды.


Онымен бірге дәл осы бап бойынша сотталған жеті адам болды, оларды да халық жауы атандырып, қысым көрсетті. Мерзімдерін ұзарту үшін әдейі төбелеске арандатты. Түрмеде отырып, екінші мерзімге сотталған да желтоқсаншылар бар.


Егер сол кезде өзінің кінәлі екенін мойындаса, ісінің қайта тергеуге жіберілмейтіні мен екі жылдан кейін босанып шыға алмайтынын Құрманғазы кейін түсінді. Ол өзімен бірге отырғандарды есіне алады:


— Түрмеде сақтану түйсігі жұмыс істей бастады, мен сақ жүретін болдым. Менімен бірге Жармағанбет деген сотталушы отырды. Ол да 65-баппен жеті жылға сотталған екен. Театр институтының студенті едім деді. Мен оны өтірік айтты деп, дұрыс қарай қоймадым. Оның түрі арабқа ма, ирандыққа ма ұқсайтын, шашы сиреп қалған, жасынан үлкен көрінетін ол қайдан студент болсын деп ойладым. Сөйтсем, ол да мен сияқты оқуға кеш түскен, жәбірленуші студент екен.


Құрманғазы Рахметов түрмеден туберкулез жұқтырыпты:


— Бірақ маған адамша қараған, ауырып қалғанда көмектескен азаматтар да болды. Түнімен ыстығым көтеріліп, терлеймін. Санитарлық бөлімде төсенішті бірнеше рет ауыстырғаны есімде. Салмағым 44 килограмм болып қалды, түрмеде өлетін шығармын деп ойладым. Менің немен ауыратынымды айтқан жоқ. Бірақ ол жердегі фтизиатр жақсы адам болып шықты. Өкінішке орай, қазір ол әйелдің атын ұмытып қалдым, бірақ әлі күнге алғысым шексіз. Жақсылығы үшін алғыс айта алмай отырғаным өкінішті.


Құрманғазы Рахметов екі жыл екі ай түрмеде отырып шықты. Ол жерден 1989 жылдың ақпанында ауру болып шыққан ол ауылына қайтады. Әлі күнге дейін сол кезде жамалған аурудың сыр беріп қалатынын айтады. Және — мен еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат болатынмын, дәрігерге қаралмақ түгіл, жүрегімнің қай жағымда екенін білмейтінмін, — деп қосып қойды.


«ГОРБАЧЕВ ҚҰРЫСЫН!» — БҰЛ СЕНІҢ ІСІҢ


Ауылына келген Құрманғазы милицияның есебіне тұрды, бірден ауруханаға жатты. Ауылының кейбір тұрғындары онымен амандасқысы келмей, жақтырмай күдіктене қарап жүрді. Тіпті тосын жағдай да болды. Біреу ауылдағы дүкеннің қабырғасына «ГОРБАЧЕВ ҚҰРЫСЫН!», — деп жазып кетіпті, ертеңіне ауруханаға келген милиция: «Бұл сенің ісің», — деді.


Мұхтар Шаханов басқарған комиссия желтоқсан оқиғасына қатысқан студенттерді ақтап алып, оларды бұрын өздері оқыған оқу орындарына қайтадан орналастыруға қол жеткізді. Құрманғазы Рахметов Алматыға келді. Өзі сияқты жазаланған студенттермен сөйлесті. Сөйтіп, бәрі бірігіп, «Желтоқсан» қоғамдық қозғалысын құрды.


1993 жылы Құрманғазы Рахметов ақталады. Төленетін материалдық және моральдық өтемақы көлемі белгіленеді. Оған тек 2000 жылы ғана қол жеткізді. 8 миллион теңгені құраған өтемақысын алу үшін Рахметов талай-талай табалдырықты тоздырды. Ол туралы еске алғанда:


- Ал менің көптеген жолдастарым түк те алған жоқ. Бәрінің бірдей Астанаға барып, мен сияқты шенеуніктің көзіне шөңгедей қадалатындай мүмкіндіктері жоқ қой. Қазақстанда заңдар пәрменсіз. Осындай ұзақ сандалудан соң мен заң академиясына оқуға түстім, өз құқығымды өзім қорғау үшін құқықтық сауаттылықтың аса қажеттігіне көзім жетті.


Рахметов Құрманғазы 1994-1996 жылдары «Желтоқсан» қоғамын басқарып, желтоқсандықтардың құқығын қорғады, олардың үй алуы мен өтемақыға қол жеткізулеріне көмектесті.


- Менің өзім сияқты мыңдаған желтоқсандықтардан айырмашылығым мені ақтай салысымен менен олар кешірім сұрады. Соның бірі маған үкім шығарған Жоғарғы соттың төрешісі Кенжебеков еді. Мен өзім оқыған Қазақ мемлекеттік Университетіне қайтадан қабылдады. Бірақ мен енді басқа адам едім, медальдың екі жағын да көріп, өмірден өз түйгенім болғандықтан да менде мүлде басқаша өмірлік түсініктер пайда болды.


БІЗДІ ЖЫЛЫНА БІР РЕТ — ТЕК ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНДЕ ҒАНА ЕСКЕ ТҮСІРЕДІ


Құрманғазы 2001 жылы кластасының шақыруымен отбасымен бірге Щучинскіде демалып қайтады. Өкпесін құрт ауруы меңдеген адамдарға майдай жағатын ерекше ауа дертіне шипа болады. Сөйтіп, Құрманғазы осы жерге көшіп келуді ұйғарады. Оның айтуынша, тұрақты жұмысы жоқ. Қазір жол жасаушыларға жалданып уақытша тірлік кешуде. Өзі және уақыт жайлы Рахметов былай дейді:


«Сол уақыт пен сол кездегі оқиғалар әлі де зерттелген жоқ. Ел біз туралы , біздердің мұң- мұқтажымыз туралы түк те білмейді. Көбісінің әлі күнге баспаналары да жоқ, тым болмаса, әлеуметтік үй де берілген емес. Оның үстіне Желтоқсандықтарды қорғайтын заң жоқ. Жарытып жұмыс істемейтін комиссияның барынан жоғы. Желтоқсан оқиғасының жылдығы жақындағанда ғана бізді еске түсіреді, содан бір ай бойы айтыла-айтыла, артынан бәрі де ұмытылады, ештеңе де шешілмейді, баяғы мәселелер сол күйінде қалып келеді.


1993 жылы Желтоқсан оқиғасының жеті жылдығы қарсаңында мемлекет тарапынан ешқандай көмек көрмей, жан ашымастықтан торыққан жастар наразылық ретінде ұжымдасқан түрде өздерінің күре тамырларын кесті. Сол кезде президент көмекшісі қызметін атқаратын Қайырбек Сүлейменов арқылы президентке хат та беріп жібердік. Одан кейін ғана үкімет қаулысымен желтоқсан оқиғасына қатысушылар ақтала бастады. Қаулыда оларды баспанамен және медициналық жағынан қамтамасыз ету керек деп көрсетілгенімен ол талап ешуақытта орындалып көрген жоқ.


Мысалы, бір кездері репрессияға ұшыраған немістер мен кәрістердің осы елде туған балалары мемлекет тарапынан материалдық көмек пен жеңілдіктер алу үшін қолдарына арнайы куәлік алған. Олармен салыстырғанда бізде түк те жоқ. Зейнеткерлікке шыққанда жеңілдіктер беріледі,- дейді бізге. Ол жеңілдіктің өзі мүгедек-желтоқсандыққа ғана беріледі екен. Осы да әділеттілік пе? Біз денсаулығымызды құрттық, мен осы оқиғаның алдында күрестен спорт шебері едім ал, жазамды өтеуді арнайы ауруханада бітірдім. Бірақ, шенеуніктер болса бізді тек мүгедек ретінде ғана көргісі келеді. Бізді тек 16 желтоқсанның алдында ғана еске алып, ол күн өткен соң тарс ұмытады.


Желтоқсанның 20 жылдығында бізді ескерер деп үміттендік. Бірақ, олай болмады. Бұл атаулы күнге шенеуніктер аса мән бере қоймады. Президент Назарбаев Алматыда Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткішті ашқан кезде осы оқиғаға қатысқандар мен жапа шеккендерге ерекше қамқорлық жасалуы керек деп айтты. Содан соң біраз уақыт мемлекеттік шенеуніктер тарапынан жұмыс жүргендей болып еді. Комиссия құрылғанда да енді біраз мұқтажымыз орындалатын шығар деп ойлаған едік Бірақ ешқандай жұмыс жоқ. Комиссия іс жүзінде жұмыс істемейді. Біздің басты талабымыздың бірі —бізге қуғын-сүргінге ұшырағандар мәртебесін берсе дейміз.


Қазақстанда жыл сайын республика тәуелсіздігі күні аталып өтеді. Халық осы тәуелсіздікті алу жолында 1986 жылғы студенттер мен жастардың көтерілісі үлкен роль атқарғанын жақсы біледі. Мен «Желтоқсан» қоғамдық ұйымын басқарғанымда осы оқиғаға қатысқан барлық жастармен араластым десем болады. 1986 жылы бізді соттады, әркім әртүрлі мерзімге кесілді, кейбіреуі тіпті – 25 жылға дейін сотталды. Біздің ісімізді қайта қараған кезде кейбіреулерді екі— екі жарым жылдан соң босатты.

Кейбіреулер үшін біз өзіміз күреске шықтық, олардың істерін қайта қарауды талап еттік. 25 жылға соттаған Мырзагұл есімді желтоқсандықты жеті жылдан кейін босатты. Сол кезде бізді соттағандарды жауапкершілікке тарту туралы шешім де болды. Соған қарамастан ешкім де жазаланбады, оны айтасыз, олардың көпшілігі әлі де жоғары лауазымды қызметтерінде отыр.

  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG