Accessibility links

Қырғыз толқуының тамыры Орта Азияның өзге елдеріне таралуы мүмкін бе?


Халық толқуы. Бішкек, 7 сәуір 2010 ж.
Халық толқуы. Бішкек, 7 сәуір 2010 ж.

Қырғыз Республикасындағы соңғы бас көтеру көршілес жатқан Орталық Азия елдерінде де саяси режимдердің өзгеруіне түрткі болуы мүмкін бе деген сауал жиі қойылып жатыр. Қазір бұл мәселе аймақтағы кейбір ақпарат құралдарында басты тақырыпқа айналды.



БЕРЕКЕСІЗ БАКИЕВ

Көршілес мемлекет басшылары Қырғызстандағы оқиғалардың жаңғырығы Орталық Азияның басқа елдерінде де естіліп қала ма деген үрей үстінде отыр. Сыбайлас жемқорлық жасады деген айыппен Бакиевтің биліктен күштеп құлатылуын өздеріне жасалған ишара ретінде қабылдаған кейбір аймақ президенттері мұндай жағдай өз елдерінде де бұрқ ете қала ма деп қауіптенеді. Өйткені, Бакиевті құртқан айыптаулар бойынша Орта Азия елдеріндегі режимдер бірінен-бірі асып түседі.
Қ.Бакиев баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Минск, 23 сәуір 2010 ж.

Орта Азияның бес елі де саяси еркіндікті тұншықтырып, баспасөз бостандығы мен пікір еркіндігін шектеп отыр деген сынға ұшырап келеді. Қырғызстандағы көтеріліске түрткі болған коррупция мен непотизм аймақтағы елдердің бәріне тән.

Бакиевтің өз баласын, аға-інілері мен өзге де жақын-туыстарын жоғары лауазымды орындарға тағайындауы халық ішінде наразылық тудырды. Сөйтіп, осыдан бес жыл бұрынғы «Қызғалдақ» төңкерісінен кейін президент Асқар Ақаевты биліктен құлатқан жағдай Бакиевтің өз басына айнымай келді.

ІШКІ САЯСИ ДАЙЫНДЫҚ

Енді мызғымас режимі бар Түркменстанды айтпағанда, бүкіл туыс-тамырын биліктегі ең ықпалды орындарға отырғызып қойған Орталық Азияның басқа жетекшілері тықыр таянғандай күйге түсті.

Қырғызстандағы толқуларға қатысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үшінші күні ғана тіл қатып, көршісі қырғыз еліндегі халықтың бас көтеруін тұрақсыздық салдары деп бағалады. Өз халқының назарын Қырғызстандағы бейберекеттік пен жаппай тонаушылық әрекеттеріне аударды. Қырғызстандағы жағдайдың осы тұсын баса айта отырып, Назарбаев өз отандастарын елдегі ахуал өте жақсы деп сендірумен болды.

Қырғыз елінде жалпы ішкі өнім 800 долларды құраса, Қазақстанда ол 8 мың долларды құрайды деп экономикадағы айырмашылықтардың астын сызып көрсеткісі келді. Осы аптада Алматыда өткен Еуразиялық медиа форумда сөз сөйлей келе, Назарбаев Қырғызстанда болған көтеріліс емес, ол билік үшін талас тудырған қарақшылық деп мәлімдеді.
Тәжік президенті БҰҰ Бас хатшысымен бірге. Душанбе, 5 сәуір 2010 ж.

Ал Қазақстан сияқты экономикалық әл-қуаты жоқ Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қырғыз билігін құлатқан көтеріліс сол елдің ішкі мәселесі болса да, аймақта айтарлықтай алаңдаушылық тудырғанын мойындады.

Президент Рахмон елде қауіпсіздік жағдайын күшейту керектігін айта келе, біріншіден бізге саяси және әлеуметтік тұрақтылық қажет деді. Сол тұрғыда жергілікті үкімет басшыларына әр сенбі сайын адамдардың проблемалары мен шағымдарын тыңдайтын «ашық есік» кездесулерін өткізуге пәрмен берді.

Өзбек билігі болса, бұл мәселеге басқаша қырынан келді. Азаттық радиосының өзбек редакциясы хабарлағандай, Өзбекстандағы құқық қорғау органдарының қызметкерлері адамдарды билікке қарсы шықпауға шақырған хатқа қол қойдырып, олардың үкіметке қарсы жиналмаймыз деген уәдесін алған.

Осылайша бес жылда екінші рет халықтың жаппай көтерілуі кезінде билігі ауысқан Қырғызстанның көршілері өз елдерінде мұндай жағдайды болдырмау жолдарын қарастырып жатыр.

ТОЛҚУДЫҢ ТҮПКІ ТӨРКІНІ

Қырғыз президенті болған Бакиев отбасының сыбайлас жемқорлық арқылы ықпалы мен байлығы еселеп артып жатқанда, елдің қалғаны кедейлікпен күресіп жатты. Міне, бұл да көтеріліске түрткі болған мәселе.

Қырғызстандағы сияқты Тәжікстан, Өзбекстан тіпті газ бен мұнайға бай деген Қазақстан мен Түркменстан елдерінің азаматтары кедейлік, жұмыссыздық және басқа да жоқшылықтарға тап болып отыр.

Қырғызстандағы жағдайдан кейін сарапшылар мен бақылаушылар өз болжамдарын жариялап, Өзбекстан, Тәжікстан немесе Орта Азияның кез келген мемлекетінде халық көп ұзамай ел жетекшілеріне қарсы шығуы мүмкін
дейді.
Ганджаның қайыршылары.Әзірбайжан, 30 қаңтар 2007 ж.

Алайда, Қырғызстан мен Орталық Азия елдерінде наразылық тудыратын ұқсастықтар болғанымен, ол аймақтағы халықтар бірдей көтеріліс жасай қояды дегенді білдірмейді.

Оның үстіне Қырғызстанның жаңа билігі демократиялық реформалар жасауға уәде беріп, ел билігін парламенттік жүйемен ауыстыруды қолға алғанда, орталық азиялық жетекшілер парламентті уыстарынан шығармай отыр.

Мәселен, Өзбекстан парламентінде биліктің партиясы мен үкіметке жақын топтар отыр. Түркменстанда әлі күнге шейін тек бір партиялық жүйе салтанат құрған. Тәжікстанның оппозициялық исламшыл партиясы ақпан айындағы сайлауда парламенттен тек екі орынды иеленді. Қазақстандағы парламент президенттің «НұрОтан» партиясының еншісінде.

Бұл тұрғыда тәжікстандық саяси сарапшы Сабур Вахоб Қырғызстанмен салыстырғанда, Орталық Азия елдерінде ықпалды оппозиция тұлғалары жоқ деп есептейді.

«Аймақта халықты өз маңына жинай алатын тәжірибелі оппозициялық саясаткерлер жоқ. Адамдар өздері сене алатын жетекшіні қажет етеді, бірақ біз әзірге ондай тұлғаларды көре алмай тұрмыз» дейді тәжік сарапшысы.

Қырғызстанда билікке келген оппозиция жетекшілері елде нағыз демократиялық ахуал орнатып, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға сөз беріп отыр.

Егер жаңа үкімет халықтың үмітін ақтай алмаса, Орталық Азияда «созылмалы көтеріліс» деген атауға ие болған қырғыз толқулары барлық мән-мағынасынан айрылатын сияқты. Мұндай жағдайда «Алдымен тұрақтылықты сақтау керек. Саясат пен демократия – сосын» деп сөйлейтін орта азиялық ділмәр жетекшілердің дәурені жүре береді. Бірақ, Роза Отынбаеваның уақытша үкіметі Ақаев пен Бакиевтің қатесін қайталай қоймас.
XS
SM
MD
LG