Accessibility links

Қырғызстанның оңтүстігінде болған қақтығысқа қатысты сот үкімдері шыға бастады


Әзімжан Асқаров, қырғызстандық құқық қорғаушы. Нөкен аудандық сотының залында, 6 қыркүйек 2010 жыл

Әзімжан Асқаров, қырғызстандық құқық қорғаушы. Нөкен аудандық сотының залында, 6 қыркүйек 2010 жыл

Маусым айындағы этникааралық қақтығысты ұйымдастыруға қатысы бар деген айып тағылған күдіктілердің соты бастала сала негізінен Қырғызстандағы өзбек диаспорасының өкілдері қатаң жазаға тартылуы мүмкін деген қауіп пайда болды.


«СОТТАЛЫП ЖАТҚАННЫҢ КӨБІ ӨЗБЕК»

Қырғызстанда күтпеген жерден бұрқ ете қалған екі этникалық топтың арасындағы қанды қақтығыстың тұтанғанына үш ай толды. Бұл жайттан кейін қырғыз үкіметі мен қырғыз халқы тарихи жылнамасының осы бір ұсқынсыз оқиға жазылған парақшасын тезірек аударып жіберуге тырысып бағып жатыр.

Бірақ, осы бұзақылыққа қатысты алғашқы сот ісі басталысымен-ақ, соттың таразысы бір жаққа ауып кете ме деген қауіп қоюлана бастады. Мұндай жағдай алдағы қазанның 10-ы күні өтетін парламент сайлауының қарсаңындағы шиеленісті тарқатудың орнына ушықтырып жібере ме деген секем де бар.
Ойран болған Ош көшесіндегі балалар, 10 қыркүйек 2010 жыл

Маусым айының ортасында Жалал-Абад пен Ош облыстарында болған жанжалға этникалық қырғыздар мен өзбектер бірдей қатысып, 400 адам қаза тапқаны белгілі. Бүгін сотқа тартылып жатқандарға қарап тұрып, сол бір трагедияның жадыңда жаңғырмауы әсте мүкін емес.

Бірінші сот тыңдауы Ош қаласының Қарасу ауданында қыркүйектің 3-і аяқталып, бес азаматқа үкім шығарды. Бұлардың барлығы да этникалық өзбектер болатын.

Екінші сот Қырғызстанның оңтүстігіндегі Нөкен қаласында өткен апта басталып, қыркүйектің 15-і қайта жалғасты. Айыпталушы сегіз адам да өзбек диаспорасынан.

Үшінші сот қыркүйектің 13-і Жалал-Абад қаласында басталған. Үкімін күтіп отырған 11 айыпталушы – түгел өзбек.

Этникалық сипатынан бөлек соттардың бәріне тән тағы бір нышан – прокурорлар ұзақ мерзімді жаза кесуді талап етеді. Бұл талаптардың көпшілігі сол күйінше үкімге еніп жатыр.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ БАЙҚАҒАНЫ

Бұл мәселе бірден адам құқығын қорғаушылардың назарына түсті. Құқық қорғаушылар әу бастан толқу кезінде қамауға алынған өзбектердің саны тым көп екенін, қырғыз билік органдарының көбіне өзбектерді ұстап, тіпті азаптауға тырысқандарын мәлімдеп, айыптап шыққан еді.

«Хьюман Райтс Уотч» ұйымының аға зерттеушісі Анна Нейстат жауапкершілікке тартылған қырғыздар санының өте аз болып шыққаны қатты алаң туғызады дейді.
Жаһангир Базаров отбасымен бірге. Ош, 2010 жыл

- Жағдай мүлдем тұрақсыз, әне-міне ши шығатындай. Сондықтан қырғыз үкіметі өз іс-әрекетін ел-жұрт қалай түсінеді деген мәселені ескеріп, барынша сақтық қылғаны жөн. Әлбетте бір этникалық топты екіншісінен артық санап отырған сияқты көрінбеуі керек. Бұлайша жасау тұрақтылық орнатуға жатпайды, - деді Нейстат.

«Әділет пен шындық» атты құыққорғау ұйымының жетекшісі Равшан Гапиров көптеген этникалық өзбектерді айран-асыр қылып отырған мәселе қырғыздардың әлі бірде-бір сотқа тартылмауы дейді.

- Мұндай әрекет өзбектердің қатты шамына тиіп тұр. Бірақ, қолдарынан келетін қайран жоқ екенін сезеді. Өздерін қорғауға да қауқарлары қалмаған,- деп сөйледі Гапиров.

«ҚАҚТЫҒЫСҚА ҚАТЫСҚАННЫҢ БӘРІ ЖАЗАСЫН АЛАДЫ»

Қырғызстанның ресми өкілдері бұлай алаңдауға себеп жоқ сияқты көрсетеді, ешкімді этникалық тегіне қарай екшеп жатпағанын айтады және маусым айында болған жаппай тәртіпсіздікке қатысқан адамдардың бәрі әділ түрде жазасын алады деп сендіруге тырысады.

Бегәлі Пирманов этникалық қақтығысқа қатысты жүріп жатқан тергеу амалдарын қадағалап отырған ресми өкіл ретінде кем дегенде 240 адамға қатысты іс қозғалғанын айтады. Айып тағылғандардың этникалық тегі туралы сұрағанымызда «олардың бәрі Қырғызстан азаматы» деуден аспады.

Анна Нейстат «Бірде бір қырғыздың жазаға тартылмауы мүмкін» деп қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтады.

ӘЗІМЖАН АСҚАРОВ ӨМІР БОЙЫ ТҮРМЕДЕ ЖАЗА ӨТЕМЕК

Егер сот істерінде этникалық тепе-теңдік сақталған жағдайдың өзінде басқа мәселелер көлденең шығуы мүмкін. Осы орайда назарға ең көп ілінген маңызды оқиға – қыркүйектің 15-і күні қайта жалғасқан Нөкендегі Әзімжан Асқаровтың соты. Асқаров – «Воздух» атты құқық қорғау ұйымының директоры. Жалал-Абадтағы «Әділет» адам құқықтарын қорғау жүйесінде де белсенді қатысушы болған.

Асқаровтың негізгі жұмысы қақтығыс кезінде түрмеге түскендердің жай-күйін хатқа түсіріп, полицияның іс-әрекетін бақылау болған. Қазір оған маусымның 12-і күні Базар-қорған ауылында болған қырғыз-өзбек соқтығысы кезінде қырғыз полиция қызметкерін өлтірді деген айып тағылып отыр.

Үш күннен соң қамауға алынған Асқаров ондай қылмысқа қатысы жоғын мәлімдеп келді. Соттың алғашқы күндері Асқаровқа өткен айда өзінің адвокаты түсіріп алған суреттері жайында сұрақ қойылды. Фотосуреттерде Асқаровтың көкала болып таяқтың ізі қалған жон арқасы анық көрініп тұр. Бұл оның қамау орнында таяқ жегенін көрсетуі мүмкін.

Асқаров өзінің суреттеріне қатысты полицияны қорғап жауап берді.

- Мені ешкім ұрған жоқ. Полиция алпыс жасар қарт адамды ұра ма екен? – деді істі болған құқық қорғаушы.

Тағылған айыпты мойындамаса да, Әзімжан Асқаровты бүгін Нөкен қалалық соты өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесті. Оның қасындағы жеті адам да жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды және адам өлтірді деген айып бойынша әртүрлі мерзімдік жазаға кесілді.

ЕКІ ЖАҚТЫҢ ДА ТАЛАБЫ - ӘДІЛ СОТ

Осы айдың басында Ош қаласының Қарасу аудандық соты маусым оқиғасына қатысы алғашқы үкім шығарып, Жаһангир Базаровты 23 жылға соттаған еді. Оған маусымның 12-і күні Бірдік ауылында болған қақтығыс кезінде қырғыз тұрғынды өлтірді деген айып тағылған.

Маусымның 13-і Сузақ ауданында болған Сампа қырғынына қатысты үшінші сот осы апта Жалал-Абадта басталып, қыркүйектің 22-і Нөкенде жалғаспақ. Ресми билік бұл оқиға кезінде Сампа мақта фабрикасының қасында 16 адам жергілікті өзбектердің қолынан өлгенін хабарлады. Қаза тапқанның бәрі қырғыз. Осы оқиғадан кейін екі қырғыз ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Сампа оқиғасына қатысты 19 өзбекке іздеу салынып, 14-і сотқа тартылған.

Сот істерінің мұндай сипат алуы жергілікті қырғыздар мен өзбектердің арасын ушықтыра түсуі мүмкін болғанмен кейбір бақылаушылар сот шешімі жарым-жартылай жүзеге асса да, көптің жүрегіне түскен жараны жазуға сеп болады дейді.
Ош қаласының бала тұрғындары, 10 қыркүйек 2010 жыл

- Әлбетте, этникалық өзбектерге қатысты тергеу жүргізуде тұрған ешнәрсе жоқ. Бірақ, біз сонымен қатар өзбектерге қарсы да түрлі қылмыс-қиянат жасалғанын білеміз. Сол мәселелердің де сотта қаралғанын қалаймыз, - дейді «Кылым Шамы» ҮЕҰ-ның жетекшісі Әзиза Абдурасулова.

«Хьюман Райтс Уотч» ұйымының өкілі Анна Нейстат жергілікті билік сотталушылардың этникалық шығу тегіне қарамастан соттың әділ түрде өтуін, тергеу амалдарының ашық жүргізілуін қамтамасыз етуі тиіс деген пікір айтады.

Бұл мақсатқа қол жетсе, қырғыз да, өзбек те алауыздықтан арылып, мамыражай тіршілікке қайта кірісер еді.

- Сондықтан да екі қауым үшін де кінәлілердің сотқа тартылып, жазасын алғанына көз жеткізу өте маңызды, - дейді Абдурасулова. - Әділ сотсыз бейбіт өмірге қол жеткізу әсте мүмкін емес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG