Accessibility links

Ресей «қырғыз ұлтшылдығынан» қауіптене қалды


Балалар Ресейден көмек ретінде келген гуманитарлық жүктің қаыснда отыр. Ош, 17 маусым 2010 жыл
Балалар Ресейден көмек ретінде келген гуманитарлық жүктің қаыснда отыр. Ош, 17 маусым 2010 жыл

Қырғызстандағы Ресей елшілігі қырғыз саяси жетекшілерінің сөздерінде ұлтшылдық сарыны күшейіп бара жатқанына алаңдайды. Жекелеген этникалық топқа ерекше құқық пен артықшылық беру туралы ұрандар Қырғызстанның халықаралық имиджіне нұқсан келтіреді деп сенеді орыс дипломаттары.


Қыркүйектің 22-і Қырғызстандағы Ресейдің елшілігі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы арнайы мәлімдеме таратты. Құжатта мынадай жолдар бар: «Қырғызстандағы Ресей елшілігі соңғы уақытта кейбір қырғыз саяси жетекшілерінің мәлімдемелерінде ұлтшылдық сарындағы көпірме сөздің күшейіп бара жатқанына, Қырғызстандағы ахуал туралы өзіндік пікірі бар азаматтарға қысым көрсетудің жалғаса түскеніне алаңдайды».

ДИПЛОМАТИЯ ТІЛІ

Мәлімдемеде Қырғызстанның БҰҰ, ЕҚЫҰ және ТМД сияқты халықаралық ұйымдардағы негізгі нормативтік актілерге қосылғанын қайтар еске салады. Сондықтан да Бішкек барша қырғызстандықтардың құқықтары мен мүддесін қорғау жөнінде міндеттеме алғанын ескертеді.

«Жекелеген этникалық топқа ерекше құқық пен артықшылық беру туралы бастама көтеру Қырғызстандағы этникааралық қарым-қатынасты реттеуге сеп бола алмайды. Керісінше, ел тұрғындарының сыртқа кету үрдісін күшейтіп, мемлекеттің халықаралық имиджіне нұқсан келтіреді», - деп жазылған мәтінде.

Бұған қоса, Ресейдің Қырғызстандағы елшілігінің мәлімдемесінде қайсыбір ұлтшылдыққа шақыратын сөздерді жасанды түрде Ресей президенті мен премьер-министрінің аузынан шықты деп көрсету әрекеттері айыпталған.
Жекелеген этникалық топқа ерекше құқық пен артықшылық беру туралы бастама көтеру Қырғызстандағы этникааралық қарым-қатынасты реттеуге сеп бола алмайды.

Бұл мәлімдемеде Қырғызстандағы Александр Князев пен Нур Омаров сияқты саясаттанушыларды таяққа жығуға қатысты алаңдаушылық айтылған. «Өкінішке қарай, мұндай заңбұзушылық қажетті деңгейде құқықтық және қоғамдық-саяси тұрғыдан бағаланбай отыр» деп жазылған құжатта.

Қорытындылай келе, Қырғызстандағы Ресей елшілігі ұлтшылдық сарындағы ұрандарды ауыздықтауға және ұлтаралық араздықты қоздыруға қарсы шыққан сарапшыларға қарсы жасалған қылмыстарды әділ түрде тексеруге шақырады.

РЕСЕЙ МЕН ҚАЗАҚСТАНДЫ МЫСАЛ ҚЫЛУ

Кейбір ақпарат құралдары ресейлік дипломаттардың наразылық білдіруіне Қырғызстанның оппозициялық «Атажұрт» партиясының жетекшісі Камчибек Ташиевтің «Фергана» ақпараттық вебсайтына берген сұхбаты түрткі болуы мүмкін деген болжам айтады. Қырғызстанның оңтүстігінде болған оқиғаларға қатысты бұл сұхбат биылғы қыркүйектің 16-ы жарияланған еді.

Сұхбат кезінде журналист саясаткерге «Атажұрт» партиясының бағдарламасы ұлтшылдық туралы құжатқа ұқсап кеткені туралы өз пікірін айтады. Камчибек Ташиев өзінің әсіре ұлтшыл емес екенін айта отырып былай дейді:
Қырғызстандық "Атажұрт" партиясының жетекшісі Камчибек Ташиев

«Мысалы, Өзбекстан 20 жыл бұрын елдің иесі өзбектер екенін ашық мәлімдеді. Сондықтан оларда ешқандай ұлтаралық қақтығыс жоқ. Өзге ұлттар осы мемлекет пен қоғамның заңына бағынады. Мейлі орыс болсын, тәжік болсын, өзгелері болсын. Олар өзбектің салтын, тілін, дәстүрін, тарихын сыйлайды, сол себепті тып-тыныш тұрып жатыр.

Қазақстанды алып қаралық. Олар да 15 жыл бұрын осылай деп мәлімдеді. Ресейді алып қарайық. Қуатты, көпұлтты мемлекет. Владимир Путин билік басына келгенде Ресейде тек орыстар қожайын екенін айтты. Содан кейін ол жерде ұлтаралық қақтығыс болған емес.

Қырғызстанда да дәл осылай болуы тиіс. Негізгі ұлт – негізгі ұлт болып жариялануы тиіс. Ол ұлт осы елде тұратын өзге ұлттардан төмен тұра алмайды. Біздің дәстүрімізді, тіліміз бен тарихымызды сыйласын. Сонда ғана ел тыныш өмір сүреді. Егер біздің елдегі қандай да бір ұлт – орыстар, өзбектер, түріктер мен қытайлар қырғыздармен тең, я олардан жоғары тұрамыз десе, онда мемлекетіміз күйрейді».

Маусым айының басында Қырғызстанның оңтүстігінде қырғыздар мен этникалық өзбектердің арасында қанды қақтығыс болып, 400-ден астам адам өлген еді. Мыңдаған халық баспанасыз қалып, босып кетуге мәжбүр болған.

Бірқатар шетелге қашуға мәжбүр болған бақылаушылар мен қырғызстандық құқық қорғаушылар Қырғызстанда ұлтшылдық ұранының көтерілгеніне бірнеше жыл болғанын айтады.
XS
SM
MD
LG