Accessibility links

Қырғыз журналисінің өліміне қатысты жаңа дерек пайда болды


Геннадий Павлюк, қырғыз журналисі

Геннадий Павлюк, қырғыз журналисі

Геннадий Павлюктің өліміне қатысты Алматыда ұсталған күдіктілердің біреуі Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі деп жазады «Дело №...» басылымы. Марқұмның туыстары қырғыз басылымының дерегін растап отыр.



Бұған дейін қазақ полициясы Алматыдағы мейрамханалардың бірінде қырғыз журналисті Геннадий Павлюкті ұрлауға қатысы бар екі күдіктінің ұсталғанын хабарлаған еді. Қазанның 14-і күні Қырғызстанның «Дело №...» басылымы ұсталғандардың арасында Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері Алдаяр Исманқұловтың бар екенін сеніммен жазады.

«ДЕЛОНЫҢ» ДЕРЕГІ

«Қазақстан ІІМ ұсталғандардың атын әзірге, айтпай отыр. Бірақ, ұсталғандардың бірі – Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік қызметінің (МҰҚҚ) жедел-техникалық бөлімнің бұрынғы бастығы Алдаяр Исманқұлов екенін редакциямыз жеке дерек көзі арқылы анықтады. Атап өтерлік жайт, бұл өлімге қатысты оның есімі көктемнен бері айтылып жүр. Сондықтан оның сол уақыттан бері атышулы қылмыс болған Алматының мейрамханаларында емін-еркін сауық-сайран салып жүруі көзге оғаш көрінеді» деп көрсетілген басылымда.

Бұл ақпаратты марқұмның әйелі Ольга Павлюк та растайды. Ол мұны қазанның 14-і күні Алматыдағы тергеушілерден білген.

Қазанның 15-і күні Азаттықтың тілшісімен тілдескен Ольга Павлюк былай деді:

«Алматыдағы тергеушілерге хабарласқанда, күдіктілердің арасында Алдаяр Исманқұлов бар екенін растады. Бұдан басқа ешнәрсе деген жоқ. Мұның телефон арқылы айтылатын әңгіме емес екенін ескертіп, егер мүмкіндік болса, басқа да байланыс каналдары арқылы сізге шығамыз деді».

Ал ұсталған екінші күдікті Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны болып шыққан. Бұған қатысты полиция өкілдерінен түсініктеме алудың сәті түспеді.

ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ ҚОЛЫ ЖЕТПЕГЕН КҮДІКТІ

Осы жылдың сәуір айында қазақ полициясы қаза болған журналистің әріптес-досы, «Атамекен» партиясының жетекшісі Өмірбек Текебаевты куә ретінде Астанаға шақырған болатын. Өзіне көрсетілген күдіктілердің суреттерінің арасынан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілі Алдаяр Исманқұловты танығанын саясаткер сол кезде ақпарат құралдарына хабарлаған болатын. Журналистің өліміне қырғыз құқық қорғау органдарының қатысы бар екенін уақытша үкіметтің өкілі Алмазбек Атамбаев та растаған еді.

Өмірбек Текебаевтың айтуынша, содан бері оның қайда кеткенін ешкім білмейді.

– Ол (Алдаяр Исманқұлов – ред.) көптен бері комитеттің қызметкері емес. Сол кездегі дау әсер етсе керек, – деді Өмірбек Текебаев Азаттыққа жұма күні.

Ал «Дело №...» басылымының жазуынша, 2006 жылдан бері Қырғызстандағы ұйымдасқан қылмыстық топпен тығыз қарым-қатынаста болған Алдаяр Исманқұловтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Күдіктінің Алматыда ұсталуы енді Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік қызметі мен бас прокуратураның арасындағы теке-тіреске әкеп соқтырғанын жазады.

2009 жылғы желтоқсанның 16-ы қырғыз журналисі Геннадий Павлюк Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің 6-шы қабатынан жұмбақ жағдайда құлап, сол ауыр жарақаттан есін жимаған күйі желтоқсанның 22-і қайтыс болған еді. Осының ізінше қазақ полициясы кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, істі зерттеуге Қазақстан мен Қырғызстанның құқық қорғау орган өкілдері кірісіп кеткен болатын.

Журналистің жұмбақ өлімі әлі күнге дейін ашылған жоқ.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG