Accessibility links

Жұма күнгі басылымдарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жалған ақша жасаумен айналысқан адамдарды құрықтағаны жазылыпты. Сондай-ақ, Алматыдағы заң академиясының жабылып қалғаны баяндалыпты.

«Жас қазақ» газетінде Мұрат Алмасбекұлының мақаласында, Қазақ гуманитарлық заң университетінің Алматы қаласындағы филиалының жабылып қалғаны айтылыпты. «Арман арқалап Алматыға келген жастардың үкілі үміті бу болып ұшты да кетті», - деп жазады мақала авторы. 2007 жылы шыққан үкімет қаулысына сәйкес, академия өткен жылы бірінші курсқа студент қабылдамаған екен. Білім және ғылым министрі Жансейт Түймебаев заң академиясына арнайы хат жазып, студенттердің оқуын аяғына дейін жалғастыруға рұқсат еткенімен, Алматыдағы дәріс алып жүргендердің барлығының Астанаға ауысатындығы туралы шешім шығарылыпты.
«Айқын» газетінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қалалық департаменті қызметкерлерінің жалған ақша жасаған алты адамнан тұратын күдіктілерді қолға түсіргені баяндалыпты. Мақалада қауіпсіздік қызметінің Исмаилов, Мададов, Мұстафаев, Белуш, Долгоспинов және Ню деген азаматтарды қылмыс үстінде ұстағаны және олардың ірі ақшаларды қолдан жасап, таратқаны жазылыпты. «57 миллион жалған ақшамен қолға түсті» деп аталатын Қайыржан Төрежанның мақаласында, қолға түскен күдіктілердің Алматы қаласының түбіндегі Алатау ауылында орналасқан «Андорра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігіндегі баспахананы ақша жасайтын зауытқа айналдырып алғаны тілге тиек етіліпті.
Сонымен қатар, газетте Ақтөбе облысының басшылары Ресейден келетін ет пен сүт өнімдеріне уақытша шектеу қоюға мәжбүр болып отырғаны хабарланыпты. Мақала авторы Гүлбаршын Айтжанбайдың айтуынша, мұндай шешім жасауға Ресейдің Орынбор өңіріндегі шошқалардың «африкалық обаға» ұшырап, қынадай қырылып жатқаны себеп болған. Бұл аурудың адам денсаулығына зияны болмаса да, осы жағдайға байланысты 146 шошқа өртеліпті.
«Литер» газетіндегі Айнур Балакешованың «Дәрігердің ісі» деп аталатын мақаласында, президентке арыз хат жазған Раиса Құсайынованы Петропавл қаласы сотының алты ай еңбекпен түзеу жұмыстарына жіберу туралы шешім шығарғаны баяндалыпты. Раиса президентке жолдаған хатында Солтүстік Қазақстан облысының құрт ауруымен күрес диспансерінің бас дәрігері Наталья Воронцованың қол астындағы қызметкерлермен дөрекі сөйлесетінін және ауруханада жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің құрт ауруына шалдығуына қарапайым қауіпсіздік шараларының қамтамасыз етілмеуі себеп болғандығы туралы жазған екен. Сондай-ақ автор өз мақаласында екі дәрігердің арасында басталған даудың сотқа ұласып, ақыр аяғында шағымданушының өзі жалған мәліметтер тартқаны үшін жауапқа тартылғанын тілге тиек етіпті.
«Экспресс К» басылымында Өскемен қаласындағы өзендердің бірінде тапаншадан атылған оқтан 31 жасар азаматтың көз жұмғаны айтылыпты. Полицейлер жедел ісдестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдіктіні қолға түсірген. Дегенмен, автор Андрей Кретконың айтуынша, өлген жігіттің жақын достары полицейлерге сенімсіздік ретінде Өскемен Қаласындағы Республика алаңында жиналып, наразылық акциясын өткізген. Олар полицейлердің күдіктіні бостандыққа жіберіп, оның орнына мүлдем басқа адамды қамап қойғанын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG