Accessibility links

Жолаушылар тағдырына кім жауапты?


"Сайран" автобекеті, Алматы қаласы, 2008 жыл

"Сайран" автобекеті, Алматы қаласы, 2008 жыл

Қырғызстанда болған жол апатынан соң, Кәрім Мәсімов, 22 шілде күні болған үкімет отырысында Ішкі істер министрлігіне автобустар мен басқа да жолаушылар таситын көліктерді жаппай бақылауға алуды тапсырды.

«Ішкі істер министрлігіне халықаралық және ішкі бағыттар бойынша еліміздің азаматтарын тасымалдауға тартылған барлық көлік паркін кешенді тексеріп шығуға тапсырма беремін. Бұл шараға 1 қыркүйекке дейін мерзім белгілеймін. Тексеру нәтижелері маған баяндалсын», - деді Мәсімов.
Алматыда халықаралық және қалаарлық бағытта жолаушы тасымалдайтын «Сайран» автобекетіне барып, ондағы бүгінгі жағдаймен танысып қайттық.
Шымкент пен Алматының арасы шамамен 700 шақырым. Мұны айтып жатқан себебіміз, екі қаланың ортасында жолаушы тасымалдайтын жүргізушілер орташа есеппен 10 сағат рөлде отырады. Таңертең Алматыға жетсе, кешке қайтадан жолға шығулары керек. Автобекеттің жүргізушілерге қоятын талабы осындай. Кешкі жетіге дейін онда бірде-бір автобус қалмауы тиіс. Ал алыс жолға шығатын жүргізушілер, олардың ұзақ сапардан шаршап-шалдығатынына автобекет қожайындарының көңіл бөлмейтіндігін айтып отыр.
Біз «Сайран» автобекетіндегі жүргізушілерді әңгіме тартқанымызда, олардың кейбірі көмекшілерінің мүлдем жоқ екенін жасырған жоқ.
Алматы мен Шымкентке қатынайтын автобустың жүргізушісі Азат Батырбасов «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында, мынандай жағдайдан хабардар етті:
- Осы автобусты жалға алып жұмыс істеп жүргеніме бір жылдан асты. Құдайға шүкір, жолда келе жатып келеңсіз жағдайға тап болған емеспін. Мен әр бір рейстен автобустың қожайынына 200 доллар төлеп тұруым керек. Бүгінгі кезде жанар-жағармай бағасы қымбаттап кетті. Оның үстіне автобекеттегі орынға да 10 мың теңге төлейміз. Енді өзіңіз есептеп көріңіз, қасыма көмекші алсам, бұл жұмыстан ешқандай пайда көре алмаймын ғой. Сондықтан, шаршағаныма қарамастан, көмекшісіз жұмыс істеуге тура келіп тұр. Сондай-ақ, менің автобусыма жолаушы тауып беретін осындағы қыз-жігіттерге де, әр адамның жолақасынан түсетін ақшаның 10 пайызын төлеймін.
"Сайран" автобекеті, Алматы қаласы, 25 шілде, 2008 жыл
Автобустың техникалық жағдайына тоқталар болсам, кейбір құралдарын жөндеуге өзімінің шамам жетеді. Әрине, жарты жылда бір рет автобусты техникалық бақылаудан өткізіп тұрамын. Ал шындығына келсек, осындағы тұрған 70 автобустың бірде-біреуі жол полициясы қызметкерлерінің қойған талаптарынан өте алмас еді. Барлығы жақсы болған күннің өзінде, олардың дөңгелектері бақылаудан сүрінбей өтуге үлкен кедергі болады деп санаймын. Осы сияқты ақауларға көз жұмуымыз күн көрістің қамы ғой.
Ал, «Сайран» автобекетінің жолаушы тасымалдау бөлімінің бастығы Әли Қасымов халықаралық және қалааралық рейстер туралы мынандай мәлімет берді:
- Халықаралық жолаушы тасымалдау Көлік және комуникациялар министрлігінің рұқсаты арқылы жүзеге асады. Біздің өзімізде автобус жоқ. Тек жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялармен келісім-шартқа отырамыз. Олардың автобустарының техникалық жағдайын және жүргізушілерін үнемі назарда ұстаймыз.
Ал Қырғызстанда жол апатына ұшыраған автобус туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Ондай автобустар көбінде туристік фирмалармен жұмыс істейді. Автобекетке күніне жүзге жуық автобус келеді, соның 10 пайызы ғана бізбен келісім-шарт жасасқан. Және солардың бірі жол апатына ұшырайтын болса, жауапкершілік автобустың қожайынына ғана артылады. Біз тек билет сату, жолаушылармен қамтамасыз ету сияқты қызметтің түрлерімен шұғылданамыз.
«Сайран» автобекетіне барғанымызда Ташкентке баратын автобустарды да көзіміз шалып қалды. Олардың жүргізушілері бізбен әңгімелесуге аса құштар болған жоқ. Соған қарамастан, көкейіміздегі сұрақтарға жауап алуға тырыстық.
Әділжон өзі жүргізетін автобустың қожайыны екен. Қазақстандық әріптестеріне қарағанда, оның көмекшісі де бар. Алайда ол «жолаушы тасымалымен айналысу үшін, Өзбекстанның қай мекемесінен рұқсат алдыңыз» деген сұрағымызға, жауап бермеді.
Бір байқағанымыз, Әділжонның автобусына қазақ азаматтары да мініп жатты. Өйткені «Сайрандағы» автобустардың көбісі Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасындағы аудандарға қатынамайтын көрінеді.
XS
SM
MD
LG