Accessibility links

Мамандар Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы мал санының бірнеше есеге азайып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қағып отыр.

Оған биыл көктемде жауын-шашын мөлшерінің аз болуы әсер еткен. Фермерлердің басым бөлігі алдағы қысты айтпағанда, қазірдің өзінде қолдарындағы малдарына азық болар шөп таба алмай қиналып отырған көрінеді. Себебі, биылғы құрғақшылық егістікке ғана емес, жайылымдық жерлердегі шөптің бітік шығуына да кері әсерін тигізіпті.
Биыл шөп, бидай және арпаның бағасы екі есеге өскен. Мал азығының қымбаттауы фермерлердің бас ауруына айналды. Қыста қолдағы малды жем-шөппен қамтамасыз ету үлкен шығын болмақ, үйтіп-бүйтіп бұл тығырықтан шығатын жол табатын болса да, бәрібір бейнетінің ақталмайтынын олар да жақсы түсініп отыр. Сондықтан да, биыл жаз шыққалы оңтүстік облыстарда жұрт қолдағы малды көптеп сата бастады.
Ал мамандардың дабыл қаға бастағаны жақында ғана, негізі бұл мәселе ерте көктемде байқалған. Мамыр айының ортасында Шымкент облысының фермерлері жайылымдық жерлердің тар болатынын алдын ала болжап, қыстан аман қалған малдарын екі есе арзан бағамен сата бастаған болатын.
Тіпті маусым айының басында, премьер-министр Кәрім Мәсімов те осы мәселеге назар аударып, Ауылшаруашылығы министрлігіне қарапайым халыққа көмек ретінде олардың қолындағы малды сатып алуға тапсырма берген еді. Ал мамандар биылғы қуаңшылықтан кейін аймақта астық түсімі де мәз болмайтынын айтып отыр.
- Егін орағының басталғанына көп болған жоқ. Қазір облыста бір гектардан 4-5 центнер ғана астық алынуда. Бұл өте төменгі көрсеткіш екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне қоспа жем де тапшы. Осының барлығы мал шаруашылығымен айналысып отырған қарапайым адамдарға ауыр соққы болуда, - деді Жамбыл облыстық ауылшаруашылығы департаментінің малшаруашылығы бөлімінің бастығы Аманбай Қошамбеков ақпарат құралдарына берген түсіндірмесінде.
Таяуда Қырғызстанның премьер-министрі Игорь Чудинов, Қырғызстан территориясында Қазақстаннан сатылуға әкелініп жатқан мал басының шамадан тыс көбейгенін хабарлады.
Қырғызстандағы ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, Қазақстаннан әр апта сайын Шу облысындағы базарларға шамамен 5-6 мың бас мал алып келінеді екен. Және, солардың басым бөлігі Қазақстанның оңтүстік облыстарынан жеткізіліп жатқан көрінеді.
Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қошқарата ауылындағы «Тәлітбековтар әулеті» деп аталатын шаруа қожалығының басшысы Есенжан Тәліпбеков «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында, бұл мәселені былайша баяндап берді:
- Жоғары басшылықтан қарапайым халықтың қолындағы малды сатып алады деген хабарды естігенімізде, кәдімгідей қуанып қалған едік. Бұл сөз айтылған жерінде қалды ма деп ойлаймын. Мен басшылық ететін шаруа қожалығында мал саны мыңнан асып жығылады. Арамызда бөтен адамдар жоқ. Кез келген жұмысты өзімнің інілеріммен бірігіп істейміз.
Біздің жұмыста қулық-сұмдық деген атымен жоқ. Барлығы бейнетпен беріледі. Бірақ, биылғы жыл біз сияқты адамдарға өте ауыр болайын деп тұр. Құдайдың қарапайым шөбін айтпағанда, еккен жоңышқамыз да шықпай қалды. Базардағы буылған шөптің біреуінің құны 300-400 теңге. Ал жемнің бағасы жаздың басында-ақ аспандап кеткен. Осыдан соң, бізде малды сатпастан басқа амал жоқ. Оны қолда ұстайтын болсақ, қыстың ортасында бәрібір арам өледі. Біз ғана емес, төңіректегі көрші фермерлер де қолындағы малдарын жүз-жүзден сатып жатыр.
Жаздың басында Қазақстандағыға қарағанда, көрші мемлекеттердегі базарларда мал етінің бағасы біршама жоғары болды. Сол кезде көпшілігіміз шекараның арғы бетіне мал апарған болатынбыз. Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасындағы «Черняев» базарын айтпағанда, Қырғызстанда да болдым. Малды көбінде атпен айдап, жеткіздік. Өйткені, көлікпен таситын болсаң, ешқандай пайда көрмейсің.
Ауыл тақырыбын 1984 жылдан бері зерттеп келе жатқан ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Өндіріс Жақыпов «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында, Қазақстандағы мал басының таусылып баражатқанын айтты.
-Малдың басым бөлігі кішігірім шаруа қожалықтарында, олардағы төрт түліктің жалпы саны мынандай: жылқының 86 (4432 мың), сиырдың 89 (2103 мың), қойдың 78 (10303 мың) пайызы бар. Бірақ, оны бағып көбейтетін жерлері өте аз. Сонымен қатар, бұл көрсеткіш Қазақстандағы мал басының таусылудың алдында тұрғанын білдіреді.
Ал биылғы қуаңшылықтан кейін Қазақстандағы мал саны қанша есеге азаюы мүмкін? Статистикалық агенттіктің таратқан мәліметіне сүйенетін болсақ, жарты жылдың ішінде шошқа саны екі мыңға азайған. Ірі қара мал бар болғаны үш пайызға өскен. Мал шаруашылығы мамандарының болжауынша, биыл қой саны екі есеге азаюы мүмкін.
XS
SM
MD
LG