Accessibility links

Қырғызстандағы сайлау «дүниені таңырқатып», көршілерін үркітіп тастады


Дауыс беруге шақырған билбордтардың бірі. Ош, 11 қазан 2010 жыл
Дауыс беруге шақырған билбордтардың бірі. Ош, 11 қазан 2010 жыл

Қырғыз Республикасында өткен парламенттік сайлауды халықаралық бақылаушылар «бейбіт жағдайда, еркін» өтті деп бағаласа, пост-советтік көршілері «кландар арасындағы жаңа қақтығысқа жол ашты» деп сипаттауға тырысып жатыр.


Қазанның 13-і күні Қырғызстанның Орталық сайлау комитеті сайлау кезіндегі дауыстардың барлығын қайта есептеуден бас тартты.

– Қырғызстанда қандай да бір саяси ұйымға бола [барлық] дауыс қайта саналмайды, – деді Орталық сайлау комитетінің төрағасы Ақылбек Сариев сәрсенбілік жиында.

Ал жеңіске жеткен бес партия коалиция құру үшін өзара бейресми келіссөздерді бастап кетті.

САЙЛАУДАН СОҢ

Қазанның 10-ы күні өткен сайлауда 5 пайыздан аз дауыс жинаған партиялар кейбір сайлау учаскелерінде заңбұзушылықтардың тіркелгенін айтып, дауыстарды қайта есептеуді талап еткен. Сайлау қорытындысымен келіспей отырған «Бүтін Қырғызстан» партиясының жақтастары қазанның 13-і де наразылық акцияларын жалғастыра берді.

Азаттық радиосы қырғыз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі таңда жеңіске жеткен партиялар арасында бейресми келіссөздер басталып та
«Ар-Намыс» партиясының жетекшісі Феликс Кулов сайлау алдындағы митингте сөйлеп тұр. Бішкек маңындағы Байтық ауылы, 8 қазан 2010 жыл.
кетіпті. Кейбір сарапшылардан СДПК мен «Ата Мекен», «Ар-намыс» пен «Атажұрттың» бірігетіні жайлы пікірлер естіліп қалады.

«Ар-намыс» партиясынын жетекшісі Феликс Кулов екі-үш партиямен келіссөз жүргізіп жатқанын айтты, бірақ олардың атын атаудан бас тартты.

– Біз қазір екі-үш партияменен белсенді келіссөздер жүргізіп жатырмыз, бірақ қандай да бір шешім қабылданған жоқ. Бұйыртса, бүгін, не ертең бір қорытындыға келеміз, – деді Феликс Кулов Азаттыққа.

КӨРМЕС КӨРШІСІН ДЕ КӨРМЕС

Қырғызстандағы саяси оқиғалар Қазақстанның ақпарат құралдарында әрқалай бағаланып жатыр. Бұл жерде мынадай құбылысты байқауға болады.

Мемлекет меншігіндегі ақпарат құралдарында Қырғызстандағы сайлауды бұрынғыдан еш айырмашылығы жоқ, кезекті бір сайлау ретінде көрсету үрдісі бар. Орталық Азия аумағында парламенттік басқару жүйесіне тұңғыш қадам жасалып жатқанына қарамастан, мұндай ақпарат құралдары оның тарихи мән-мазмұнына тоқталмай, көбіне сайлаудағы сақтық шаралары мен қауіпсіздік мәселелеріне айрықша
Алматыда жүрген Қырғыз елінің азаматтары парламент сайлауына дауысты Алатау ауданындағы «Болашақ» базарында ашылған сайлау учаскесінде берді.
мән үстейді. Мәселен, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы қазанның 10-і күні мынадай ақпарат таратты:

«29 партия, 3 мыңнан аса адам. Қырғыздың енді құрылатын Жоғарғы Кеңешінде болатын 120 мандатқа бәсеке осындай. Бұл сайлау азат қырғыз тарихындағы ең қымбат, ең тартысты, һәм ең қиын сайлау болып тұр. Қымбат дейтініміз, саяси партиялар тек үгіт-насихатқа ғана 150 миллион доллардан аса қаржы жұмсады, тартысты дейтініміз, үміткерлердің арына дақ, беделіне нұсқан келтіретін ақпараттар қаптап кетті, қиын дейтініміз құқық қорғау органдары екі аптадан бері ат үстінен түспей, күшейтілген жүйеде жұмыс істеп жатыр. Ел билігі қандайда бір жанжалдың сайлау кезінде де я болмаса сайлаудан кейін де бұрқ ете қалуы мүмкін деп әлі де сақтанып отыр».

Сайлаудың алдын-ала қорытындысы қазанның 12-сі күні белгілі болса да, «Егемен Қазақстан» басылымының соңғы екі санында көрші мемлекеттегі маңызды саяси оқиға туралы бір ауыз сөз жоқ.

«Айқын» басылымында жарық көрген мақаладан Қырғызстанның парламенттік жүйеге қадам басқаны туралы тек тақырыптан ғана аңғаруға болады. Сайлау барысын құрғақ есеп сияқты баяндап өткен мақала авторы сайлаудың әділ, ашық өткенін қырғызстандық партия жетекшілерінің сөзі арқылы жеткізеді.

«Алаш айнасы» басылымында бұл тақырыпқа көлемді мақала арналған. «Ала-Тоо ар жағындағы байкелер аламаны» деп аталатын материалда автор елдегі партияларға сипаттама беруге тырысады. Елдің парламенттік нышандағы республикаға айналғанын жазған тілші партияларда аймақтық-кландық сипат басым екенін жазады. Сөйтіп, «бас-басына би болған байкелер біріге ме?» деп ортаға сауал тастайды. Феликс Құловтың жеңіске жетуін кездейсоқ деп бағалаған автор сәуір төңкерісі қаһармандарының халық қолдауына ие болмағанын да алға тартады.

Ал оппозициялық басылымдар керісінше, Қырғызстандағы бұл оқиғаны аса ірі құбылыс ретінде бағалап, бұл тақырыпқа басқы беттен орын берген. Мәселен, «Жас Алаш» басылымы қазанның 12-сі күнгі «Қырғызстандағы сайлау әділ өтті» атты мақаласында «Бiз үшiн арманға айналған мұндай оқиғаға қол жеткiзген бауырлас қырғыз ұлтына сүйсiнбеске амал жоқ. Үйренетiн, үлгi алатын тұстарымыз да аз емес» деген жолдар бар.

РЕСЕЙДІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Ресейдің ақпарат құралдарында Қырғызстандағы саяси өзгерістерді үнемі бір қырынан ғана сипаттау басым. Қырғызстанның парламенттік республика құрудағы алғашқы қадамына мысқылдай қараған кейбір басылымдар ондағы саяси күштердің бытыраңқылығын, партиялардың аймақтық деңгейден аса алмай отырғанын үнемі бетіне басып отырады.

Мәселен, «Коммерсант» басылымы қазанның 11-і күнгі «Қырғызстан парламенттік форманы өлшеп көріп жатыр» (Киргизия примеряет парламентскую форму) деген мақалада елдің жарты жыл бойы заңды биліксіз өмір сүргенін тілге тиек етеді. Басылымның айтуынша, ұлтаралық қақтығыстар бір орталыққа шоғырланған биліктің жоқтығынан қайталануы да мүмкін.

«Жаңа қырғыз парламентіндегі 120 орынға сайлауға қатысқан 29 партия үмітті. Олардың бағдарламаларының бірінен-бірі айырмашылығы жоқ.... [Бірқатар] партияларды танымал саясаткерлердің өзіндік бір клубы деп атасақ та болады» деп жазады басылым.

«Новая газета» басылымындағы мақалада автор Наталья Харитонова Қырғызстанды түрлі өзгерістерге дайындалып, сәнденіп жатқан «қалыңдыққа» теңейді.
Сайлаудың алдын ала нәтижесі бойынша қырғыз парламентіне өткен партиялар өкілдері баспасөз мәслихатында. 12 қазан 2010 жыл.
Халықаралық саясаттағы негізгі ойыншылардың Қырғызстандағы саяси процестерге ықпал еткісі кеп отырғанын жеткізген тілші онда әрқайсысының өз мүддесі бар екенін айтады.

«Мұның бәрі немен аяқталатыны белгісіз. Бұл шыныменен де, пост-советтік кеңістіктегі тамаша тәжірибе. Ең бастысы, «күйеу жігіттер» осыншалықты көз қызықтырарлық, әрі Орталық Азияның жүрегінде орналасқан стратегиялық маңызды «қалыңдық» үшін өзара тіл табыса алмай кикілжіңге келіп қалмаса болғаны» деп жазады тілші.

Ресейлік көпшілік басылымдар Дмитрий Медведевтің Қырғызстандағы парламентаризмнің болашағына қатысты айтып жүрген «кландар соғысы өршіп, қылмыстық топтардың билік басына келуі мүмкін» деген сияқты пессимистік болжамдарына дәлел іздеуге көшкендей болып көрінеді.

«ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ЕРКІН САЙЛАУ ӨТКІЗГЕН ТҰҢҒЫШ ЕЛ»

Халықаралық бақылаушылар мен батыс баспасөзі Қырғызстандағы сайлауға қатысты үндес пікір білдірді. Әдетте мақтауға сараң мамандар бұл жолы басқаша сөйледі. ЕҚЫҰ өкілі Мортен Хогланд: «Мен бұл халықтың саяси плюрализмге [ұмтылысына], азаматтық жауапкершілігі мен рухына қайран қалдым. Ұзақ уақыт бойы Орталық Азиядағы көптеген сайлауларды бақылаған едім. Бірақ, бұл – нәтижесін алдын-ала болжап біле алмаған бірінші сайлауым болды» деп ағынан жарылды.

Еуропа парламенті делегациясының басшысы Катарина Неведалова: «Қырғызстан халқы тарихтың тұтас бір парағын аударып, тұрақты
АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Сьюзан Эллиот баспасөз мәслихатында. Бішкек, 13 қазан 2010 жыл.
және тиімді демократияға қарай аяқ басуға деген зор құлшыныс танытты», – деді.

«Вашингтон Пост» газеті Қырғыз Республикасында парламенттік сайлау өте сала жазған бірінші мақаласын «Қырғызстан [еркін] дауыс берді де, дүниені таң қалдырды» деп атапты. Басылым Қырғызстанның Орталық Азия аймағында бірінші болып еркін сайлау өткізгенін атап өтеді.

Ал «Форин Полиси» журналының редакторы Стив Левин «...Қырғызстан парламенттік сайлау өткізді және барлық тексеру бойынша жоғары жақтан ешқандай да фальсификация жасалмағаны көрінді», – деп түйеді.

«Файнэншл Таймз» басылымы қазанның 10-ы (яғни, сайлау өткен күн, авт.) өтпелі режим президенті Роза Отынбаева үшін мерекелеуге тұрарлық датаға айналды деп санайды. Қырғыз парламентаризмінің бұрынғы советтік елдердің ішінде ерекше құбылысқа айналғанын басылым былайша сипаттайды:

«Тіпті сырттағы Балтық елдері де, ең бір демократиялық деген бұрынғы совет республикалары да күшті президенттік жүйенің негізінде құрылды. Қолайға жағатындай көрінген парламенттік жүйелерді жүзеге асыру қиынға соқты. Украина 2004 жылғы төңкерістен кейін қабылдаған парламенттік конституциясын жарамсыз етіп тастады да, 1996 жылғы президенттік билік үлгісіне қайта көшті».

Осылайша бұрынғы совет республикаларының ішінде бірінші болып «батыл эксперимент жасауға» дәті барған қырғыз елінің бұл қадамы «қол соғып қошеметтеуге тұрарлық» деген пікірде басылым.

Батыс баспасөзі Қырғыз Республикасындағы парламенттік сайлауды тек жақсы жағынан көрсетіп, бірыңғай мақтап жатыр деуге және келмейді. Бірқатар мақалаларда қазанның 10-ы күнгі сайлау ұзақ жолдың басы, зор сынақтың кіріспесі екені анық көрсетілген. Мысалы, жоғарыда айтылған «Форин Полисидің» тілшісі өзінің қысқаша комментариін Джон Хопкинс университетінің ғалымы Эрика Мараттың мынадай болжамымен қорытындылайды: «[Сайлаудан кейінгі] ең жаман сценарий – күшке сүйенген жемқор жетекші басқаратын президенттік жүйеге қайтып оралу. Ең жақсы деген сценарий – саяси мүдделер тепе-теңдігі орнаған, бірақ бірліктен айрылған парламенттік басқару жолына түсу».

«ТӨҢІРЕГІН ҮРКІТУ»

Батыс баспасөзі бір ауыздан дерлік атап өткен тағы бір жайт – Қырғыз Республикасында өткен «еркін, әрі әділ сайлаудың» көрші мемлекеттердің, әсіресе, Қазақстан мен Өзбекстандағы биліктің мазасын қашырып отырғаны. «Таймз» газеті тілшісінің пайымдауынша, Орталық Азиядағы сайлау нәтижелерін өз қалауынша бұрмалап үйреніп қалған автократиялық режимдермен салыстырғанда Қырғызстандағы оқиға – тарихи жетістік. Басылым ЕҚЫҰ-на төрағалық етіп отырғанына қарамастан Қазақстандағы парламент негізінен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың партиясынан ғана тұратынын тағы бір еске салып өтеді.

OpenDemocracy.net басылымына мақала жазған бұрынғы қырғыз дипломаты Бақтыбек Әбдірисаев Қазақстан мен Өзбекстанның бұлайша
Жеңіске шаттанып Үкімет үйінің алдында тұрғандар. Бішкек, 8 сәуір 2010 жыл.
алаңдайтын жөні жоқ екенін айтады. Автор демократия бацилласы тіпті Қырғызстанда орнығып қалғанның өзінде жан-жағына инфекция құсап жылдам жайыла қоймайтынын ащы әзіл арқылы еске салып өтеді.

Биылғы сәуір айында Құрманбек Бакиевті биліктен кетірген халық толқуынан соң орныққан уақытша үкімет жалпыхалықтық референдум өткізіп, Қырғыз Республикасындағы билік түрін парламенттік басқару жүйесі етіп бекіткен. Маусым айында елдің оңтүстігінде тұратын қырғыздар мен этникалық өзбектердің арасындағы қанды қақтығыс Роза Отынбаева бастаған реформашыл топ үшін ең қиын сынақ болды. Бірақ, қазан айының 10-ы күні өткен парламенттік сайлауға дауыс беруге хақы бар тұрғындардың 60 пайызға жуығы қатысып, еркін саяси таңдау жасады.

Жаңа билік жүйесі бойынша президент Роза Отынбаева қырғыз парламентіне елді басқару тізгінін біржола бермекші. Ол аз болса, сайлау қорытындысы бойынша дәл қазір уақытша үкіметті құрап отырған саяси күштер басым дауысқа ие бола алмады. Ал биліктен қуылған Бакиевке ниеттес, әсіре ұлтшыл ұрандарымен аты шыққан «Атажұрт» партиясы парламенттегі ең көп орынға ие болып шыға келді.

Бірақ, болашақта коалициялық үкімет құрыла қалса, «Атажұртпен» құйрық тістесіп мәреге жеткен социал-демократтар мен «ар-намыстықтар» ұлтшылдардың мемлекет басқару ісінде сыңар езуленіп бұра тартуына жол бермейтіндей тетікке ие. «Дүниені таң қалдырып» отырған да осы жағдай.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG