Accessibility links

Молдова оппозициясы "Еуропалық интеграция үшін" одағын құруда


Оппозициялық партиялар жетекшілері "Еуропалық интеграция үшін" одағын құрып жатқандарын жариялауда. Чисинау, 8 тамыз, 2009 жыл.
Оппозициялық партиялар жетекшілері "Еуропалық интеграция үшін" одағын құрып жатқандарын жариялауда. Чисинау, 8 тамыз, 2009 жыл.

Молдованың 4 оппозициялық партиясы батысшыл бағыттағы коалиция құруға келісті. Парламентте сәл ғана басым дауысқа ие болған олардың жаңа президент сайлауға дауыстары жетпей жатыр.

Молдова парламентіндегі 101 орынның 53-ін иеленген оппозициялық 4 партия басшылары өткен демалыста көтеріңкі көңіл- күйде болған еді. Себебі олар Еуропамен интеграция деп аталатын одақ құруға келіскен болатын.

Мысалы Либерал-демократиялық партия жетекшісі Влад Филат:
-Біз өз қызметіміздегі ең маңызды шешімге келдік. Біз өзара бірігуге уағдаластық. Мұндай шешімді біздің сайлаушыларымыз күткен еді-, деді.

Жаңа коалицияның басты мақсаттарының қатарында көршілес Румыниямен байланысты одан әрі жақсарту, ЕуроОдақпен келісімшартқа қол жеткізу, сондай-ақ сыбайласқан қылмыспен күрес, баспасөз бостандығы, экономикалық реформалар жасау мен байыпты сыртқы саясатқа қол жеткізу сауалдары бар.

Бұдан бұрынғы парламент коммунистер басшысы, ел президенті Владимир Ворониннің ізбасарын сайлау ісін екі мәрте жүзеге асыра алмағандықтан, маусым айында таратылған болатын.

Яғни президентті сайлауға қажетті 61 дауысқа коммунистер қол жеткізе алмай, сол себептен үкімет басшысының міндетін атқарушы Зинаида Гречаниді президент етіп сайлау мүмкін болмай қалған-ды.

Сондықтан президент Воронин парламентті таратып, кезектен тыс сайлауды шілденің 29-на белгілеуге мәжбүр болған еді.
Бірнеше айға созылған саяси теке-тірестер салдары ел экономикасының тұралауына алып келуі мүмкін дейді сарапшылар.

Қазіргі Молдова халқы батысшыл және ресейшіл деп бөлініп отыр.

Оппозицияның жаңа одағы коммунистермен ымыраға бару қажет пе, жоқ па деген тұрғыда екі тарапқа бөлінуде. Олардың бір бөлігі парламент төрағасы немесе үкімет басшысы сияқты биік қызметті ұсыну арқылы коммунистермен келісімге келуді жақтауда.

Ал келесі тобының айтуынша, президентке құпия дауыс беру барысында коммунистер арасындағы өз партиясына көңілі толмай жүрген депутаттардың оппозициялық кандидатты қолдауларына көндіруге болатын сияқты.

Қос тараптан да нақты кімнің жеңіске жетуі мүмкін екендігін дөп баса айта қоятындар табылмауда.

Жаңа парламент өзінің алғашқы сессиясын тамыздың 29-на дейін өткізбекші. Оның жаңа төрағасы аз ғана басым дауыспен сайлануы мүмкін.

Конституция бойынша, депутаттар президентті сайлау үшін екі рет дауыс бере алады. Президент сайлана қалған жағдайда, ол өз кезегінде жаңа үкіметті тағайындайды.

Ал, үкімет құрамы парламенттегі сәл ғана дауыс басымдығымен бекітілетін болады.

Егер депутаттар әлгі қос дауыс беру үдерісінде де президент сайлай алмаса, онда жағдай күрделене түспекші.

Ондай жағдайда Жоғарғы сот бірнеше маңызды сауалдарды шешуге тиіс болады.

Біріншіден, жаңа президент белгілі болғанға дейін ол қызметті Воронин бе, әлде парламент төрағасы ма кімнің атқаратыны да белгісіз.

Екіншіден, Конституция бойынша, парламентті жылына бір-ақ рет таратуға болады. Қазіргі парламенттің биылғы сәуір айында сайланғанын ескерсек, онда ол келер жылдың сәуіріне дейін қызмет етуі тиіс дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG