Accessibility links

Наоми Кэмпбелдің гауһарға тұтқын ғұмыры


Британиялық топ модель Наоми Кэмпбелл. Канн, 20 мамыр 2010 ж.

Британиялық топ модель Наоми Кэмпбелл. Канн, 20 мамыр 2010 ж.

Либерияның бұрынғы президенті Чарльз Тэйлор Наоми Кэмпбелге «қанқызыл гауһар тас» сыйлапты деген қаңқу сөздің жайылып кетуі супермодельдің 40 жастық мерейтойының берекесін алды.


МАЙОНЕЗ БАНКІСІНДЕГІ ГАУҺАР ТАС

Супермодель Наоми Кэмпбелл - әрдайым кешігіп жүретін әлемдегі ең сұлу әйелдердің бірі саналады. Сән саласында жұмыс істейтін кәсіби фотограф Дэвид Бэйли осы бикешті өзінің бірде үш тәулік бойы сарыла күткенін айтады. Наоми мамыр айының 22 жұлдызында өзінің туған күнін тойлады. Ол биыл 40 – қа толып отыр, деп жазады «Дейли телеграф».

Атақ-абыройдан жұрдай болған Либерияның бұрынғы президенті Чарльз Тэйлор оған «үлкен алмас» сыйлапты деген қаңқу сөздің гу-гу етіп ел ішін кеулеп кеткені супермодельді қатты ашуландырып жүр.

Қазір тақтан тайдырылған 61-жасар Либерияның бұрынғы диктаторына қарсы сот жүріп жатыр. Аталған сот ол 1990-жылдары көршілес Сьерра-Леонемен болған қақтығыстың кезінде әскери қылмыс жасады деген айыптау негізінде басталған еді. Куәгерлер айтуынша, аталған қақтығыстар барысында Либерияның бұрынғы басшысы өз сарбаздарына жаудың зәресін ұшыру үшін тұтқындардың етін жеп отыруды бұйырған.

Тэйлорға Наоми қатты ұнап қалған тәрізді. Олар алғаш рет 1997 жылы Оңтүстік Африкада пойызда кездесіпті. Кейінірек, бұлар Нельсон Мандела ұйымдастырған салтанатты түскі астың қонағы болды. Ондағы қонақтар арасында актриса әрі Фрэнк Синатраның бұрынғы әйелі Майа Фэроу да болған еді. Майа, Наоми маған осыдан соң бір естіген құлақты елең еткізер гауһар тас сыйлау туралы әңгіме айтып берген еді, дейді.

«Ол түн ішінде өздерін Чарльз Тэйлордың адамдарымыз деп таныстырған бір кісілердің келіп бұл жатқан бөлмедегі есікті қаққанын айтты. Наоми есікті ашып, мән – жайды сұрағанда, олар бұған ірі гауһар тас берген. Ол бұл тасты президент Нельсон Мандела балаларға көмек үшін деп ұйымдастырған қайырымдылық науқанына берем деп еді», деген сөз айтады Майа.

Наомидің бұрынғы агенті Кэрол Вайт та бұл сөздің растығына куә болды. Ол супермодельге бөлінбеген бүтін күйі, бес-алты баданадай ірі бағалы тастарды біреулердің беріп жатқанын көрдім дейді.

ТЕРЕҢ ШЫҢЫРАУДАН АТАҚ ПЕН ДАҢҚ ШЫҢЫНА

Нельсон Манделаның Балалар қорының өкілдері: «Бізде Наомиден ешбір бағалы тас алынғандығы жайлы мәлімет жоқ», деп отыр. Бір американдық теледидар компаниясының тілшілері бұл туралы Наомидің өзінен сұрағанда, ол ашуланып: «Мен ешбіреуден алмас тас алғам жоқ және бұл тақырыпты ешбіреумен талқыламақ емеспін», деп сөзді келте қайырып, тез ол жерден кетіп қалыпты.

Осы әңгіменің басында сөз болған сотта кейбіреулер куә болып, Тэйлорға қарсы ол ұдайы контрабандамен айналысты және Сьерра-Леонеде өндірілген алмастарды тонады дегенді айтты. Аталған куәлардың айтуынша, Тэйлор алмастарды Оңтүстік Африкаға майонез банкісіне салып тасымалдаған. Ал Оңтүстік Африкада бұл бағалы тастар қару-жараққа айырбасталып отырған. Тэйлорды сотқа тарту ісіне жауапты БҰҰ комиссиясының мүшелері аталған іс бойынша Наомиден куә ретінде жауап алғысы келіп отыр.

Наомидің туған күн мерейтойы болғандықтан, супермодельдің өзі аталған жайтқа қатысты, жоқтан өзгеге бола долданып, ашулана беретін «көкбет примадонна» емеспін деген емеурін танытып, сыр бермеуге тырысты.

Әйтсе де, ол көзі бұлаудай болып жылаған күйі, өзінің жан-дүниесіндегі
кірбіңді де көлеңкелі тұстардың пайда болғаны шешесінің кінәсі деп білетінін жайып салды. Оның айтуынша, мұндай жан-дүниесінің аспанын бұлтша торлаған кірбіңнің пайда болу себебі оның өзінің сәби кезінде көбіне қараусыз, жалғыз қалғанына байланысты екен.

Шаңқылдаған дауыспен аяқ астынан құрысып-тырысу; мағынасыз бірдеңені шатып-бұту; өзін-өзі ақтау, наразылық көрсеткен болып әдейі ел көзінше жиналыс болып жатқан жерден немесе мекемеден кетіп қалу деген нәрселер примадонна ретінде Наоми Кэмпбелге жарасады-ақ. Алайда, шындығында мұның бәрі оның бала кезінде дұрыс тәрбие көрмегендігінен екен.

Көптеген қырынан алып қарағанда, ол нағыз сән әлеміне мүлде жаңа, алдыңғы қатарлы леп әкелген әйел деп есептеледі. Мәселен, ол британ сән журналы British Vogue – тың мұқаба бетінде суреті жарияланған қара түсті әйел заты ішінен біріншісі болды.

Дегенмен, оның бетін енді қайтып көрмейтіндей болып, көңілі біржола қалған адамдар да бар. Мысалы, ол өзінің жеке көмекшісі Джорджина Гэлэнисті ұялы телефонмен басынан ұрып, миын аузына түсіре жаздады. Тағы бір супермодель Тайра Бэнкспен ел көзінше аузына не келсе соны айтып, бет жыртыса боқтасты. Есірткіні тіпті де аузыма алған емеспін деп періште пейілді болса да жалған сөз айтты. Тағы бірде оның жолжүктері ұшты-күйлі жоқ боп кеткен соң, Хитроу әуежайының екі полицейін алдамақ болғаны тағы бар, деп жазады «Дейли телеграф».

«Наоми Кэмпбелді жұмыстан босатқаннан кейін қалай жеңілденіп қалғанымды айтып жеткізу мүмкін емес», деп ағынан жарылады бұрындары супермодельді жалдап келген Elite сән агенттігінің басшысы Джон Кэзэблэнкас.

БАЙЛАР ДА ЖЫЛАЙДЫ

Көптеген басқа әйелдер тәрізді Наоми де өзін ешбір еркек қарамайтын, көріксіз біреумін деп санап өсті. Сорайған арық, сүйегі арсиған, түр- кейпінен афро-азиялық белгілер аңқып тұрған оған мектептес жолдастары Олив Ойл, яғни «зәйтүн майы» деген лақап ат тақты. Оның шешесі Вэлери жетпісінші жылдары Fantastica атты бишілер труппасының құрамында өнер көрсеткен болатын. Көрсеткені бар болсын, ол апталап, айлап қыдырумен жүріп, үйдің қарасын көрмейтін. Ал Наомидің әкесі болса, ерте қайтыс болды, ол Ямайкада туған қытай еді. Оны оңтүстік Лондон аудандарының тұрғындары Минг мырза дейтін. Жасы онға келгенге дейін сәби Наомиді негізінен достары мен туыстары тәрбиелеп жеткізді.

Наоми би өнеріне де қатты құмартты. Дегенмен, Ковент Гардендегі Италиа Конти театр-эстрада мектебінде оқып жүрген кезде оны көшеде аяқ астынан сән агенттігінің қызметкері кездестіреді. Ол сәтте Наоми 15 жаста еді. Бұдан кейін ол Elle журналымен келісім-шартқа қол қояды. Бұл туралы журналдың бұрынғы редакторы Салли Брэмптон былай дейді: «Біздің бір келісім – шартқа отырған супермоделіміз бар еді. Әлгі аяқ астынан ең соңғы қысылтаяң сәтте, суретке түсуден бас тартты. Осы тұста Наомидің келе қалғаны. Оның қолында «Полароид» аппаратымен түсірілген мынабір екі бұлыңғыр фото бар болатын. Бар есімде қалғаны – оның ғажайып назданған жымиысы еді. Тағы бірталай уақыт өткен соң мен оны Нью-Йоркте кездестірдім. Оның жанында жүру мен үшін ұжмақ құсының иығыма қонуымен барабар нәрсе еді».

Әйтсе дағы, супермодельдің өзінің көңілі босаңсып кеткен кей сәттерде мұндай разылық пен жаннаттың иісіне ұқсас сезімдер ізім-ғайып жоқ болатын тәрізді. «Мен тұла – бойымды өкініш сезімі кернегендей боп тұрмын, - деді ол АҚШ тележұлдызы Опра Уинфриге. – Мен өз-өзімнен қысыла берем, ‘Құдай-ау, менің кінәм неде сонша?’ деп құса болам». Осы сәтте оның қасында тұрған шешесі Вэлери де: «Мен оны расында да ылғи жалғыз тастап кетіп беріппін ғой», деп жылай берді.

Ол тіпті баяғыда мұндай нәрсені ұмытып, жөнге келетін уағы болды емес пе, деген сауал қояды осы арада басылым.

Мамыр айының 22 жұлдызында Француз Ривьерасында Наоми мен оның жанжолдасы, ресейлік миллиардер Владимир Доронин супермодельдің туған күні мен екеуінің жұптасып бірге өмір сүргеніне бір жол толуына байланысты дүрілдете той жасады. Яхта, лимузин мен тікұшақтардың ұзын легі тізілген бұл шулы дүрмекке Канндағы кинофестивальге келген жұрттың жартысынан астамы қатысты. Ал Наомиге қатты қажет нәрсе ол саусағындағы гауһар тас сақина болар. Дегенмен де, Наомидің алдымен оған қатысты меншік құқығына байланысты мәселені реттеп алғаны дұрыс еді, деп жазады «Дейли телеграф».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG