Accessibility links

Балгерлік те кәсіптің бір түрі ме?


Балгер, Алматы қаласы, 19 шілде, 2008 жыл

Балгер, Алматы қаласы, 19 шілде, 2008 жыл

Алматыдағы көк базардың маңынан өтіп бара жатсаңыз қатар-қатар тізіліп отырған балгерлерді көзіңіз шалады. Кеңес үкіметінің тұсында да, ақша табумен айналысқан балгерлер болды.

Бірақ, балгерлікті кәсіп қылған қазақтардың болғанын естіген емеспіз. Қазір бәрі керісінше, кезінде сығандар айналысқан кәсіпті қазақтар үйреніп алған. Алайда көк базардың маңындағы балгерлікті кәсіп қылғандар, шындығында да адамдардың болашақ тағдырын айтып бере ала ма? Әлде бұл әлеуметтік қиыншылыққа тап болған адамдардың нәпақасын табу үшін амалсыздан істеп жатқан тірлігі ме?
Біз көк базардың маңындағы балгерлермен әңгімелескенімізде, олардың барлығы дерлік, ата-бабадан қонған «қасиетті» жалғастырып отырғандарын айтты. Тіпті, кейбірі өздерінің әулие екенін де жасырған жоқ.
Олардың ішінде алаяқтардың бар екенін жоққа шығармаймын
Өзін әулиемін деп таныстарған Күлпәш есімді апай «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында, бұл «киелі» жолға қалай түскендігін былайша әңгімелеп берді:
- Менің бойыма әулиелік қасиет Назарбаев президент болған күнен бастап қонды. Содан бері бал ашып қана қоймай, алдыма келген адамдарды емдеп, оларға қиыншылықтан шығуға көмектесем. Екі алақанымдағы от арқылы кез келген ауруды емдей аламын. Осыдан бір жыл бұрын, дәрігерлер рак ауруына ұшыраған адамға бір айдан соң өлесің деп айтқанда, мен оны бұл дерттен құлантаза айықтырдым. Бұдан соң менің әулиелігіме күмәнданбайтын шығарсың?

Шынымды айтар болсам, әулиелік те маған оңай жолмен келген жоқ. Ата-бабаларым күндіз-түні мазамды алып, осы қасиеттің жүгін көтеріп жүруге мәжбүрлерді. Содан соң, өзімнен-өзім ұшатын болдым. Сырдария өзенінің маңында жерленген әулилердің моласына ұшып барып, олардың әруағына арнап дұғамды оқып болған соң, қайтып ұшып келемін. Енді Назарбаев әлі билікте отыр ғой. Ол тақтан түсетін болса, менің жағдайым қандай болатын білмеймін.
Балгер, Алматы қаласы, 19 шілде, 2008 жыл
Бір байқағанымыз, көк базардың маңында отырған балгерлердің алдынан адам үзілмейді екен. Соған қарағанда, бастарына ақ орамал тартып, құмалақ ашып отырған олардың көмегіне зәру адамдар да жоқ емес көрінеді. Ислам дінінде балгерлікке қатаң тиым салынған. Және, бал аштыруға да рұқсат жоқ. Осы сұрақты Райхан есімді келіншекке қойғанымызда, ол әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді:
- Бұл енді Алладан қонған «қасиет» қой. Менің аталарымда да көріп келдік «қасиет» болған екен. Олар менің түсімде аян беріп, осы жолға түсуімді талап етті. Әйтпесе мен де басқалар сияқты өмір сүргім келмеді дейсің бе? Басында «түс деген түлкінің боғы» деп оған аса мән бермей жүре бердім. Содан отбасымызда қиыншылықтар басталды. Өзім де қатты ауырдым. Бармаған дәрігерім қалмады. Олардың ешқайсысы менің дертімнің қандай екенін тап басып айта алмады. Ата-бабалар айтқан жолды ұстанған соң ғана, дертімнен айығып, отбасымызға береке кірді.
Гүлвира Тастанбекова деген психолог маман «Азаттыққа» берген сұхбатында, балгерлердің қыр-сырын былайша баяндап берді:
- Егер сіз бір рет болса да балгерлердің алдына барып көрсеңіз, олардың көбісінің жалпылама айтатынына көзіңізді жеткізесіз. Ал солардың көмегіне сүйенетін адамдарға не керек деп ойлайсыз? Отбасылық және әлеуметтік қиыншылыққа тап болған адамдардың көбісі ертеңгі күнінің жақсы болуынан үміттенеді. Сөйтіп балгерлерге барып, олар айтқандай, өздерінің болашақтарының жарқын болатынына сондай-ақ, бүгінгі қиыншылықтың шамалы уақыттан соң, өте шығатынына сеніп, өздерін жұбатады. Бұл дұрыс емес. Өйткені, адамдар қиыншылықты өздері жеңуі керек.
Мен балгерлер туралы зерттеген емеспін. Оларды күнделікті өмірде көріп жүріп, мынандай қорытындыға келдім. Балгерлердің барлығы дерлік бұл іспен ақша табу үшін ғана айналысады. Олардың ішінде алаяқтардың бар екенін де жоққа шығармаймын. Сіз білесіз бе, рухани дағдарысқа тап болған адамды алдау аса қиын емес. Оның көңілінен шығатын сөзді дәл таба алатын болсаң, ол сенен ештеңесін аямайды.
Өз басым, балгерлер болашақты айтып бере алады дегенге сенбеймін. Бізде болашаққа болжам жасап, өткен өміріңді айтып бере аламын дейтіндерге көбінде отбасылық және әлеуметтік қиыншылықтарға тап болған адамдар ғана барады. Ал балгерлер деп жүргендеріміз, өз кезегінде оларға не айту керек екенін жақсы меңгерген.
Біз Жарқын есімді балгерден болашақты қайтып көре аласыз деп сұрағанымызда, менің құлағыма аталарым сыбарлайды деген жауап қайтарды.
Балгер, Алматы қаласы, 19 шілде, 2008 жыл
Одан өзімнің болашағыма бал ашып беруімді сұрадым. Сондағы айтқаны мынау:
- Жақында бір адаммен кездесесің, ол саған көп көмектеседі. Сол арқылы билік басында жүрген мықты адамдармен танысып, болашақта үлкен қызметтің тізгінін ұстайсың. Әлі үйленбеген екенсің ғой. Биыл емес, ендігі жылы отбасылы боласың. Құдай қаласа, үш балаң болады. Қазір сенің қасыңда атаң мен апаң тұр. Артыңа бұрылма, қорқытып жібересің. Қолыңды жай, саған бата беріп тұр. Әмин де. Бәрекелді, Құдай қаласа, жақын күндері молшылыққа тап боласың».
Жарқынның өзінен күніне қанша ақша табасың деп сұрағанымызда, 4000 мен 5000 арасында деп жауап берді. Кейбір кезде бұдан да көп табатытын айтты.

XS
SM
MD
LG