Accessibility links

"Шекарасыз репортерлер": Назарбаев - баспасөзге тісі батқан "қырық жыртқыштың" бірі


Қазақстан президенті Н.Назарбаев

Қазақстан президенті Н.Назарбаев

"Шекарасыз репортерлер" ұйымы жолма-жол аударғанда «баспасөздің жыртқыштары» деп аталатын жаңартылған тізімін жариялады. Баспасөз бостандығына тіс батырған жоғары шенді саясаткерлердің қатарына бұл жолы Қазақстан президенті қосылған.




Мамырдың 3-і Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күнін атап өту үшін "Шекарасыз репортерлер" ұйымы баспасөздің жаулары деген жаңартылған тізімін жариялады.

«Баспасөз бостандығына тіс батырғандар» деп аталатын тізімде президенттер мен үкімет басшыларының, олардың ішінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай президенті Ху Цзиньтаоның, Иран президенті Махмуд Ахмадинежад пен Ресей премьер-министрі Владимир Путиннің аттары аталады.

Қазақстанға жеке тоқталған «Шекарасыз репортерлер» ұйымының айтуынша, президент Назарбаев 2005 жылы қайта сайланған соң өтпелі кезеңдегі қоғам ретінде сөз бостандығын қолдаймыз деген. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы болса да, Назарбаев баспасөз бостандығын шектеуші деген атақтан құтылу үшін ешнәрсе жасамаған. Керісінше, президенттің ар-ожданына нұқсан келтірді деген желеумен журналистер түрме жазасына кесілуі мүмкін. Сонымен бірге Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеу туралы заңды күшейтіп, басылымдарды жабуды жеңілдеткен. Ал жабылған газеттерде жұмыс істеген журналистер үш жыл кәсібімен шұғылдана алмайды деп атап өтеді «Шекарасыз репортерлер».

Қазақстанда Интернет еркіндігіне де шектеу енгізілген. 2009 жылы мақұлданған заңға сәйкес, блогтар мен чаттар және тағы басқа вебсайттар ақпарат құралдарының заңды мәртебесіне теңестірілген. 2010 жыл басталмай жатып қазақстандық журналистер бірнеше мәрте мемлекет тарапынан зорлық көріп үлгерді. Мәселен, елдің оңтүстік-батысындағы Жаңаөзен қаласында мұнайшылардың 19 күнге жалғасқан ереуілі мен басқа да проблемаларын көтеріп мақала жазған Игорь Лара өлімші болып соққыға жығылды дейді аталмыш ұйым.

Осы жылғы баспасөз бостандығына тіс батырғандар тізімінде аттары аталған 40 саясаткер мен үкімет басшыларының, діни жетекшілер мен қылмыстық топтардың көбі өткен жылғы тізімге де ілінген болатын.

Бұл тізімге бұрынғы совет мемлекеттері арасынан енгендер - Өзбекстан президенті Ислам Каримов пен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов, Беларусь президенті Александр Лукашенко мен Әзірбайжан президенті Илхам Алиев.

Африкадағы Ливия, Нигерия, Экваторлық Гвинея, Руанда, Зимбабве басшылары мен Сомалидегі исламшыл милиция жетекшілері де баспасөз бостандығына тіс батырғандар тізіміне енгізіліп отыр. Сонымен қатар бұл құжатта Италиядағы қылмыстық топ пен Испаниядағы «ЕТА» қозғалысы да баспасөзге қатер төндіруші жыртқыш ретінде сипатталған.

«Шекарасыз репортерлердің» мәлімдемесіне сәйкес, Ирақта жұмыс істейтін журналистерге қарулы қақтығыстардан зор қауіп төніп тұр. Бірақ, жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Елдегі зорлық-зомбылықтан журналистерден гөрі қарапайым халық көбірек зиян шегіп жатыр. Сондықтан аталмыш ұйым исламшыл топтарды бұл жолғы тізімнен алып тастағанын айтып отыр.

Бұл жолғы тізімге Шешенстан президенті Рамзан Қадыров пен Ауғанстандағы "Талибан" жетекшісі Мулла Омар да кірген. "Шекарасыз репортерлер" ұйымының айтуынша, Қадыровтың саясатына күдік келтірген кез келген адам ажал құшып жатады. Аталмыш ұйымның баяндамасында 2006 жылы Мәскеуде оққа ұшқан журналист Анна Политковская мен 2009 жылы Грозныйда кісі қолынан өлген журналист әрі адам құқығын қорғаушы Наталья Эстемированың қазалары мысал ретінде келтірілген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG