Accessibility links

Барак Обама Конгреске федералдық бюджет жоспарын ұсынды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

АҚШ президенті Барак Обама федералдық бюджетті жариялады. Вашингтон, 26 ақпан, 2009 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама федералдық бюджетті жариялады. Вашингтон, 26 ақпан, 2009 жыл.

Ақпанның 26-сында АҚШ президенті Барак Обама Конгреске өзінің федералдық бюджет жоспарын ұсынды. Хабарларда 3 триллион доллардан асатын бюджет жобасында бай американдықтар үшін салық ұлғайтылады делініп отыр.

АҚШ президенті Барак Обаманың ақпанның 26-да Конгреске ұсынған федералдық бюджет жоспары Буш әкімшілігі саясатынан түбірімен өзгеше жоспар болып отыр.

Сондай-ақ мұның өзі Обаманың сайлауалды науқанда берген көптеген уәделерін нақтылай түсу болмақшы.

Хабарларда 3 триллион доллардан асатын бюджет жобасында бай американдықтар үшін салық ұлғайтылатыны атап көрсетілген.

Ол жоспар білім беру, энергиямен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау реформаларын қаржыландыруды көздеуде.

Оның ішінде алдағы 10 жылға арналған денсаулық сақтау ісіне 634 миллиард доллар бөлуді сұрауда.

Обаманың АҚШ Конгресіне жолдаған, 2010 жылға арналған бюджетінде 200 миллиард доллардан аса қаржы алдағы 18 ай ішіндегі АҚШ-тың соғыс операцияларына, оның 75,5 миллиард доллары Ауғанстанды қолдауға деп қарастырылып отыр.

Ақ үй өкілдерінің айтуынша қаржының біраз бөлігі АҚШ-ң машина жасау саласын қолдауға бөлінбекші.

Президент Обама федералдық қаржы тапшылығын 2013 жылға дейін екі есеге қысқартуға уәде берген болатын. Ол уәденің қалай жүзеге асатыны әзірге айқын емес дейді сарапшылар.

АҚШ бюджетінің бір саласы жіті тексеруден өтетін болады. Ол-қорғаныс саласына арналған қаржы.

Обама әскер қатарына жаңадан біраз жасақ шақыртуға уәде берген еді. Алайда өзін-өзі ақтамаған қырғи қабақ соғысы сияқты қарулану саласына қаржы жұмсауға нүкте қойылатын түрі бар.

Хабарларға қарағанда бюджетте табыс салығының біраз бөлігін қоршаған ортаны қорғау, яғни ауаға көмірқышқыл газының көп бөлініуіне тосқауыл қою ісіне жұмсау қарастырылмақшы.
XS
SM
MD
LG