Accessibility links

Обама Палестина мемлекетінің құрылуын қалайды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

АҚШ президенті Барак Обама (оң жақта) Палестина басшысы Махмуд Аббаспен кездесті. Вашингтон, 28 мамыр 2009 ж.

АҚШ президенті Барак Обама (оң жақта) Палестина басшысы Махмуд Аббаспен кездесті. Вашингтон, 28 мамыр 2009 ж.

Таяу Шығыс бейбіт келіссөзін кең тұрғыда алға жылжыту үшін Израиль Батыс жағалаудағы қоныстарын кеңейтуін тоқтатуы тиіс, деді АҚШ президенті Барак Обама.

АҚШ президенті Барак Обама Таяу Шығыс бейбіт келіссөзін ілгері жылжыту бағытында Израильге қысымын қайталауда. Алайда Палестина мемлекетін құрудың нақты уақытын белгілеуге қарсы болды.

Обама Ақ үйде, бейсенбіде сөйлеген сөзінде:

- Біз Израильдің сенімді одақтасымыз. Сондықтан Израильдің амандығы мен қауіпсіздігіне біз мүдделіміз. Оған қол жеткізудің ең тиімді жолы - Палестина мемлекетін де құруға алғышарттар жасай отырып, оған негіз жасау, - деді Обама.

Ол аталған мәселені Израиль үкіметнің басшысы Беньямин Нетаньяхумен талқылағанын айта келіп, жол картасы бойынша тараптардың өз міндеттері бар екендігін айтты. Израиль міндеттемесінде, сондай-ақ Батыс жағалаудағы қоныстарын кеңейтуді тоқтатуы да бар.

Палестина тарапы болса, Батыс жағалаудағы қауіпсіздік жайын жақсартуы тиіс. Бұған орай Палестина басшысы Махмуд Аббас қажетті шараларды бастап та кетті, дей келіп, сондай-ақ Палестина басшылары Израильге қарсы арандатушылық жасайтындарды тоқтатуы тиіс, деді Обама.

Махмуд Аббас Таяу шығыс дағдарысын шешу үшін қос мемлекет құру уақыты келді деді. Сонымен қатар, Палестина билігінің жол картасы бойынша белгіленген міндеттерін тұтастай орындауға құлшынысты екендігін айтты.

Обама алдағы аптада Сауд Арабиясы мен Мысырға сапары барысында, Ислам әлеміне арналған, өзінің көптен күтілген сөзін айтпақшы. Обама әкімшілігі, осы сапар қарсаңында, Израильдің Батыс жағалаудағы қоныстарын кеңейтуін тоқтатуы туралы пікірталастарды жалғастыруда.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Израильдің Батыс жағалаудағы қоныстарын кеңейтуін толықтай тоқтатуын ресми Вашингтонның қалайтынын баса айтты. Израиль бейсенбі күні Ақ үйдің аталған шақыруын кері қақты.

Қалыпты өмір талабы, халық санының өсуі қоныстарды кеңейтуді талап етеді, деген пікірлерін алға тартты Израиль ресмилері.

Палестина билігі болса, Израиль тарапы барлық бөгесіндерді алып тастап, сондай-ақ Батыс жағалаудағы қоныстарын кеңейтуін тоқтатпайынша ешқандай бейбіт келіссөздерді жалғастырмайтындарын айтты.

Сарапшылардың айтуынша, Обаманың Израильден бейбіт келісімге баруды қаншалықты талап ететіні әзірге белгісіз.

Обама Американың Мұсылман әлемі алдындағы беделін көтеру, сондай-ақ байсалды бағытты ұстанушы Араб мемлекеттерін Иранға қарсы бірлескен күреске тарта алу үшін Палестина мен Израильдің өзара татуласулары аса маңызды буын деп біледі.
XS
SM
MD
LG