Accessibility links

Баспасөзге шолу 07.08.2008 жыл


Бейсенбідегі газеттерде Қазақстан мен Қытайдың арасында құбыр құрлысының басталғаны, сондай-ақ, Қырғызстанда ВИЧ инфекциясын жұқтырған бала саны 75-ке жеткені баяндалыпты.

«Айқын» газетіндегі Айхан Шәріптің «Қара тізімдегілер» командасымен жазаланбақ» деген мақаласында премьер-министр Кәрім Мәсімовтың қызметіне лайық емес әкім-қаралар мен биік лауазымды шенеуніктердің «қара тізімін» президентке ұсынатын мерзімді нақтылағаны сөз болыпты. Ол мерзім Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2008 жылдың тоғыз айындағы қорытындысына сәйкес, қазан айына белгіленіп отыр екен. Мұны премьер-министр Кәрім Мәсімов аймақ басшылары мен Министрлер кабинетінің мүшелері қатысқан үкіметтің кеңейтілген отырысында жариялапты. Сондай-ақ, ол өз ісіне салғырт қараған басшымен бірге оның командасы да жазаланатындығын ескертіпті.

«Жас Алаш» басылымындағы Қазақстан мен Қытайдың арасында ұзындығы 1304,5 шақырымға созылатын құбыр жүйесінің құрлысы басталғандығы туралы мақалада, Орталық Азия елдерінің «көгілдір отынының» қазақ жері арқылы Ұлы қамалдың арғы жағындағы мемлекетке төтесінен тартылатыны тілге тиек етіліпті. Мақала авторының айтуынша, осы кезге дейін Қытай мен Үндістанды газбен жеке-дара қамтамасыз етіп келген орыстың «Газпромы» бұл жобаға қатыстырылмаған. Құбыр құрлысы 2013 жылы аяқталады. Құбыр арқылы тасымалданатын 40 миллиард текше метр газдың 30 миллиарды Қытайға кетсе, қалған 10 миллиарды қазақ жерінде қалатын көрінеді.

«Түркістан» газетіндегі Динара Мыңжасарқызының «Көксарайдың тізгіні Шүкеевке тапсырылды» деп аталатын мақаласында, әлеуметтік маңызы зор нысана іргетасының құрылысы мақұлданып, темір қазығы қағылғаны айтылыпты. Осы мәселеге байланысты түрлі ұсыныс білдірген парламент депутаттарына президент, «Көксарай» су реттегіші салынуы тиіс дегенді кесіп айтыпты. Мақалада жазылғандай, сыйымдылығы 3 миллиард текше метр болатын су реттегішінің құрлысына 223 миллион доллар қаржы бөлу көзделінген. Алғашқыда мұны атқаруды Төтенше жағдайлар министрлігі өз мойнына алғанымен, кейін президент бұл жауапкершілікті вице-премьер Өмірзақ Шүкеевке жүктепті.

Қазақстан құрама командасы туының Қытайдың астанасындағы Олимпиада қалашығында өткен сенбіде желбірегенін хабарлаған «Ана тілі» басылымы, оларды осы қалашықтың басшысы Чэнь Чжилидің құттықтағанын атап өтіпті. Ту көтерудің ресми салтанатына Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан Республикасының елшісі Икрам Адырбеков пен Ұлттық Олимпиада делегациясы басшысының орынбасары Вячеслав Кухарский бастаған қазақстандық спортшылар қатысыпты.

Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев аз уақыттың ішінде мемлекетіндегі қалалардан өзінің портреттерін алып тастау туралы бұйрық берген екен. Бұл туралы "Экспресс К" газетіндегі Арман Жановтың мақаласында айтылыпты. Әлиев мұндай жарлықты 15-ші қазанда болатын президент сайлауының қарсаңында шығарған. Ал мемлекеттегі президенттік сайлау алды компаниясы 1 тамыз күні басталды.

«Время» басылымының хабарлауынша, Қырғызстанның Ош қалалық соты облысаралық балалар клиникалық ауруханасының үш медицина қызметкеріне жас балаларға ВИЧ инфекциясын жұқтыртқаны үшін бес жылға шейін бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған. Ош облысындағы эпидемиологиялық тексеру барысында 75 баланың ВИЧ инфекциясын жұқтырғаны белгілі болған. Бүгінгі күнге шейін осы жаман аурудың кесірінен көз жұмған балалардың саны төртеуге жетіпті.
XS
SM
MD
LG