Accessibility links

Оштағы қақтығыс ондаған миллион доллар шығын келтірді


Өртенген өзбек мектебі. Ош, 18 маусым 2010 ж.

Өртенген өзбек мектебі. Ош, 18 маусым 2010 ж.

Маусым айында Қырғызстанның оңтүстігінде болған жаппай толқу мен қақтығыстың кесірінен мемлекет жетпіс миллион доллардан аса шығынға ұшыраған. Қырғыз шенеуніктерінің мәліметі бойынша бұл сома әлі де өсе түсуі мүмкін.


ЭКОНОМИКАҒА ТИГЕН АУЫР СОҚҚЫ

Ош пен Жалалабад облыстарында болған қарулы қақтығыстардың залалды зардабы Қырғызстан экономикасы үшін үш миллиард 265 миллион сомға бағаланып отыр (бұл шамамен 71 миллион доллар). Бұл туралы шілденің 9-ы күні Ошта өткен баспасөз мәслихаты кезінде Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Мұқамбет Қасымалиев мәлім етті. Бірақ, ол «бұл деректер әлі де өзгеруі мүмкін» деді.

Қырғыз шенеуніктерінің мәліметіне сәйкес 2010 жылғы маусымның 10 мен 14-і арасында Ош пен Жалалабад облыстарында болған қырғыз-өзбек этникааралық қақтығыс кезінде 2500 үй, жүздеген коммерциялық және ондаған үкіметтік ғимарат жарамсыз болып бүлінген.
Оштық өзбек үйінің орнын ғана сипап қалды. 1 шілде 2010 ж.

Дегенмен, «Азат Еуропа»/«Азаттық радиосы» Қырғыз қызметі хабарлағандай, бүлінген дүние-мүліктің құны бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Өйткені, болған оқиғаның жай-жапсары әлі де анықталып жатыр.

Қырғызстан қаржы министрлігінің өкілдері оңтүстік өңірді қайта қалпына келтіру жұмыстарының алғашқы кезеңіне шамамен 500 миллион доллар керек деп бағалап отыр.

Уақытша үкімет премьер-министрінің бірінші орынбасары Алмазбек Атамбаев жапа шеккендерді алдымен жаңа баспанамен, жаңа инфрақұрылыммен, сонымен қатар, байланыстың заманауи түрімен қамтамасыз ету керек дейді.

Алмазбек Атамбаев осы істі ойдағыдай атқарып шығу үшін алдымен қырғыздар мен өзбектер арасында өзара сенімділік орнатқан жөн деген пікірде.

«Егер біз бәрін атүсті жасап, оңтүстіктегі өртенген үйлер мен қираған ғимараттарды қайта қалпына келтірумен ғана шектелсек, жоғарыдағы келеңсіз жағдайдың қайтадан орын алуы ықтимал. Жаңа баспана тұрғызылар, бірақ, жүрекке шемен боп қатқан өкпе мен нала кете ме, сондықтан, біз атқарылар осы жұмыстың қаншалықты ауқымды, әрі жауапты екендігін сезінуіміз керек»,- деді Алмазбек Атамбаев Бішкекте Қырғызстан экономикалық жағдайды бағалау жөніндегі бірлескен комиссия өкілдерімен өткен кездесу кезінде. Комиссия құрамында Азиялық даму банкі, Халықаралық қаржы қоры, Дүниежүзілік банк және Еуропалық қайта құру мен даму банкінің өкілдері бар.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ КӨМЕГІ

Біріккен Ұлттар Ұйымының хатшысы Пан Ги Мун 18 маусым күні халықаралық қауымдастықты Қырғызстанға көмек қолын созып, 71 миллион АҚШ долларын жәрдем ретінде беруді өтінген еді.

Пан Ги Мун өзінің гуманитарлық мәселелер бойынша көмекшісі Джон Холмстың қазіргі кезде донор-тараптармен көрсетілер көмек жайын ақылдасып жатқанын журналистерге мәлім етті.

«Азат Еуропа»/«Азаттық радиосы» Қырғыз қызметінің ақпараты бойынша, Пан Ги Мун Қырғызстан уақытша үкіметінің басшысы Роза Отунбаевамен телефон арқылы сөйлесіп, Қырғызстандағы жағдайды қалыпқа келтіріп, елде зорлық-зомбылық себебінен адам өліміне жол бермеу мәселесін талқылаған.
Босқын өзбектерге арналған уақытша лагерь. Қырғызстан, 27 маусым 2010 ж.

Қырғызстандағы Еуроодақтың өкілдігі мәлім еткендей, Қырғызстанның оңтүстігінде болған тәртіпсіздік салдарын реттеу үшін Еуропалық комиссия тарпынан бес миллион еуро бөлініпті. АҚШ Мемдепартаменті гуманитарлық көмек ретінде 32 миллион доллар көлемінде жәрдем беріпті. Бұл туралы Америка сыртқы саясаты ведомствосы таратқан баспасөз парағында айтылған.

Ал Түркия Қырғызстанға елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін 21 миллион долларды грант ретінде бөлмек ниетте. «Азат Еуропа»/«Азаттық радиосы» Қырғыз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенер болсақ, Түркияның Сыртқы істер министрі Ахмед Даутоглудың Бішкекке іс-сапары кезінде гранттық көмектерді жеткізу жөніндегі келісімдерге қол қойылғалы отыр.

КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ

Оңтүстіктегі бейбіт өмірді қайта қалпына келтіру үшін ішкі ресурстар мен мүмкіндіктер барынша пайдаланылып жатыр. Елдің уақытша үкіметі оңтүстіктегі оқиғалардан зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау мақсатында, арнайы декрет те шығарды. Осылайша, 2010 жылғы маусымның 1-інен 2012 жылғы желтоқсанның 31іне дейін олар салық төлеу мен түскен пайданың белгілі бір бөлігін бөлісуден босатылды. Бұған қосымша, кәсіпкерлер жалпы салықтан бөлек патенттің де ақысын төлемейді. Олардан 2012 жылдың соңына дейін тауар тасымалы үшін кедендік төлемдер де алынбайды.
БҰҰ Азық-түлік бағдарламасы бойынша жәрдем алып жатқан Қырғызстан тұрғындары. Ош, 24 маусым 2010 ж.

Ош пен Жалалабад облыстарында болған қақтығыстардың зардабын анықтау мақсатында құрылған комиссия өз жұмысына өткен айдың соңында кірісті. Елдегі экономикалық ахуал мен қайта құруға қатысты қажетті қаржылық жағдайға байланысты бірлескен баяндама Қырғызстанға көмек көрсетуші донорлардың халықаралық конференциясында талқыға түспек. Бұл жиын шілденің 27-і күні Бішкекте өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Қырғызстанның оңтүстігінде болған этникааралық қақтығыс кезінде екі мыңнан астам адам қаза тауып, төрт жүз мыңға тарта босқын үйлерін тастап, бас сауғалауға мәжбүр болды. Он мыңға тарта азамат көршілес өзбек елін паналады. Үйсіз далада қалған өзге тұрғындар уақытша шатырлы лагерьлерді қоныстап, мектеп ғимараттары мен туысқандарының үйлеріне орналасты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG