Accessibility links

Пәкістан: жер сілкінісінен зардап шеккендер көмекке зәру

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Пәкістанның әскери тікұшақтары жер сілкінісі болған аймақта.

Пәкістанның әскери тікұшақтары жер сілкінісі болған аймақта.

Пәкістанның Балужистан аймағында жер сілкінісі кесірінен ондаған мың адам баспанасыз қалды. Оларға көрсетіліп жатқан көмектер жеткіліксіз болуда.

Пәкістанның Балужистан аймағына қарасты Зиарат ауданында болған жер сілкінісінен мыңдаған үйлер жермен-жексен болды. Қазанның 29-да болған ол апаттың күші 6,4 балл еді.

Аман қалғандар түнімен, ашық аспан астында от жағып, жылынуға тырысты.

Қаза болғандар санын анықтау тек таң атқаннан кейін ғана мүмкін болды. Құрбан болғандар саны 200 адамнан асады деп хабарланды. Ресмилердің айтуынша, үйінділер астында қалғандар бұдан былай да табылуы мүмкін.

Жарақаттанған жүздеген адам мен суықта бүрсеңдеген басқа да аман қалғандардың денсаулықтары алаңдатарлық күйде.

Пәкістан армиясы зілзала болған аймаққа көмек тікұшақтарын, құтқарушылар және медициналық көмек көрсететін жасақтар жөнелтуде. Халықаралық Қызыл крес ұйымы да көмек қолын созуда. Алайда бұл көмектер жеткіліксіз болып отыр.

Баспанасыз, азық-түліксіз қалған талай азаматтар өздеріне ешқандай көмектің көрсетілмегенін айтып отыр.

“Жұт жеті ағайынды” демекші, жер сілкінісінен кейін жүріп өткен 20-ға жуық жерасты дүмпулері мен таудан құлаған көшкіндер де өз дегенін істеп бағуда. Олар аталған аймаққа апаратын жолдарды жауып тастаған.

Тікұшақтармен көрсетілетін көмектердің өлшеулі екендігі тағы белгілі. Алғашқы мәліметтерге қарағанда, кем дегенде 12 мыңдай адам үйсіз қалған. Сәрсенбідегі бұл табиғат апатынан мың жарымдай үй жермен-жексен болған екен.

БҰҰ-ның Балужистандағы Даму бағдарламасы кеңсесінің қызметкері Мұхаммед Азам Какар Азаттық радиосына:

- Менің ойымша, адамдарға ең әуелі шатырлар керек. Күн өте салқын. Үйлерінің қирап, үстілерін басып қалуынан қорыққан тұрғындар далада қонуға пейіл болып отыр. Сондықтан оларға көрпелер қажет. Оларға азық-түлік керек. Балаларға сүт табылмай, қинауда. Жаралылар мен сырқат жандарға дәрі-дәрмек ауадай қажет болып отыр, - деді.

Оның пікірінше, аймақтағы кісі шығыны жөнінде дәл қазір нақты айта қою қиын. Себебі, шалғай аудандардағы елді-мекендерге жету қиынға түсуде. Дей тұрғанмен сол аймақтарға барып келген жекелеген азаматтар хабарына қарағанда, ол жерлердегі инфрақұрылым қатты зақымданған.

Пәкістанның солтүстігінде 2005 жылдың қазан айында күші 7,6 балдық жерсілкінісі болған-ды. Сол жолы да осыған ұқсас жағдай орын алған еді. Ол жолы табиғат апатынан 73 мың адам қаза болған-ды.

Сыншылардың айтуынша, сол жолы зардап шеккендерге көмек дер кезінде әрі ұйымдасқан түрде көрсетілгенде, қаза болғандардың саны мұншалықты көп болмас еді.

Содан бері бұл аймақта инфрақұрылым әлі қалпына келтірілген емес. Қираған мектеп пен ауыз су құбырлары, телебайланыс жүйелері қалпына келтіруді күтуде.

Ендеше сәрсенбіде Балужистанда болған жер сілкінісінің зардабы қанша уақытқа созылар екен? Жауап табу - қиын...
XS
SM
MD
LG