Accessibility links

«Жас қазақ» газетіндегі Азиз Жұмаділданың «Жеңімпазға – 250 мың доллар» деген мақаласында, Олимпиадада жеңіске жеткен спортшысына Өзбекстанның 100 мың, Қырғызстанның 150 мың, ал Қазақстанның 250 АҚШ мың доллар сыйақы тағайындағаны сөз болыпты. Бір қызығы, аталмыш мемлекеттердің барлығының басты үміті былғары қолғап шеберлерінде. Өзбекстан бұл додаға 8, Қырғызстан 1, ал Қазақстан 10 боксшы қосты. Мақала авторының айтуынша, Бейжің қаласында Қазақстанның намысын мемлекеттің 16 аймағынан 11 ұлттың өкілі қорғайды. Мәртебелі додаға мемлекетіміздің барлық аймағының өкілі қатысқалы отырған алғашқы Олимпиада осы Бейжің болғалы тұр.
«Егемен Қазақстан» басылымында Қытайда өтетін жазғы Олимпиадаға семейлік Мұқсын Нұртазинің дзюдо күресі бойынша судья-рефери ретінде аттанғаны хабарланыпты. Мақала авторы Дәулет Сейсенұлының айтуынша, аталған күрес түрі бойынша 24 адам төрешілік етеді. Мұқсынның өзі де кешегі дэюдошы, спорт шебері. Ол халықаралық дәрежедегі төреші ретінде соңғы он жылдан астам уақыттан бері Азия құрлығында өткен бірқатар ірі жарыстарға қазылық еткен. Осыдан екі жыл бұрын дзюдо күресінің отаны – Жапония елінде өткен үлкен сынақтан қазақстандық азамат еш сүрінбей өтіп, жоғары дәрежелі төреші атағына қол жеткізді.
Бокстан 60 келі дәрежесіндегі соңғы әлем чемпионы, ұлыбританиялық Фрэнк Гевин Олимпиада ойындарында рингке шықпайтын болды. Бұл туралы «Айқын» газетінде жарияланған Айқын Жаппардың мақаласында айтылыпты. Себебі, чемпионның салмағы ауырлап, оны қалыпты жағдайға келтіру қиындық туғызған. «Қанша тырысса да, ол өз салмағын 60 келіге түсіре алмай, ақыры Олимиада ойындарынан тыс қалуға мәжбүр болды»,- деп жазады мақала авторы. Сондай-ақ, мақалада Қазақстаннан бұл салмақ дәрежесінде жас талант Мерей Ақшаловтың бақ сынайтындығы баяндалыпты.
«Караван» газетінде Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбраимовтың көлемді сұхбаты жарияланыпты. Ол әңгімесінде қытайлықтардың бокстан өз тарихында тұңғыш рет алтын жүлдеге қол жеткізу үшін қолынан келгенін аямайтындығы туралы сыр шертіпті. Ермахан Ибыраимовтың айтуынша, біз боксшылырмен ғана емес, судьялармен де күресуге дайын болуымыз керек. "Өйткені, әлемдік бокс федерациясында Қазақстанның өкілдері жоқ. Бекет Махмұтовтың кезінде біздің рингтегі әр бір соққымыздың саналатындығына сенетінбіз. Ал қазіргі жағдай басқаша. Сондықтан да, биылғы Олимпиада қазақ боксшылары үшін оңай соқпайды», дейді, ол.
«Новое поколение» басылымында Бейжің Олимпиадасының тарихтағы ең шығыны көп ойындарға айналатыны айтылыпты. Серік Ибраевтың «Қымбат алтын» деген бұл мақаласында, барлық шығындар есептелетін болса, Бейжің Олимпиадасы 44 миллиард доллардан да асып кетуі мүмкін екені баяндалыпты. Сондай-ақ, мақалада, осыдан төрт жыл бұрын Афинада өткен Олимпиада Греция үшін алдын ала жоспарланған шығынның 3 миллиард емес, 13 миллиард долларға жеткені сөз болыпты. Және, сол уақытта бұл рекордтық көрсеткіш болып саналған. «Соған қарамастан, қытай басшылығы өткізгелі жатқан Олимпиада ойындарынан пайда көруді жоспарлап отыр», - деп жазады мақала авторы.
XS
SM
MD
LG