Accessibility links

Иран-Пәкістан-Үндістан газ құбыры бейбітшілік құбырына айнала ма?

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Иран мен Пәкістан арасында газ келісіміне қол қойылды. Сонымен күндердің-күнінде Иран газы Пәкістан арқылы Үндістанға жеткізілмекші.

Иран мен Пәкістан арасында қол қойылып, 25 жылға арналған энергия келісіміне орай Иран елі күн сайын 150 миллион текше метрдей газын Пәкістанға жеткізбекші.

Иран-Пәкістан-Үндістан газ құбыры жөнінде біраздан бері көп айтылған емес. Алайда Иран президенті Махмуд Ахмадинежад пен Пәкістан президенті Асиф Әли Зардаридің мамырдың 24-дегі кездесуінен кейін біраз жайт өзгергендей.

Қос ел компаниялары басшылары қол қойған бұл келісім бойынша Иранның Асалоуе қаласынан басталатын газ құбыры Пәкістан арқылы Үндістанға жетпекші.

Дей тұрғанмен, осы жолмен Иран газының жүріп өтуі үшін талай кедергілерді жеңу керек болады.

Алғашқы сауал қаржыны қайдан табуға болатынына тірелмекші. Ең әуелі Ираннан Пәкістанға қарай 2100 километрдей газ құбыры, содан кейін Үндістанға қарай жалғасатын 600 километрдей құбыр салынбақшы.

Алайда аталған газ құбыры жобасына халықаралық қаржы қорлары қолдау көрсете қойған жоқ. Оған себеп-Иранның ядролық бағдарламасына байланысты әлемдік ұстаным.

Халықаралық даму банкі сияқты қаржы қоры болса, аталған газ құбырына бақталас боп отырған Түркменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан газ жобасын қолдап отыр.

Дей тұрғанмен бұл қос жобаға да ортақ бір қиындық бар. Ол-аталған құбырлардың Балужистан арқылы өтетіндігі.

Пәкістандағы осы Балужистан аймағының ұлтшылдары қазірдің өзінде бірнеше құбырларды жарып үлгерді. Олар Балужистанның ресми Исламабадтан тәуелсіз болуы жолында күресіп келеді.

Қос президент те бұл келісімге қол қойылуын қызу қуаттай келіп, аталған бейбітшілік құбырын салуға уәделесті.

Пәкістанның мұнай мен табиғи ресурстар бойынша кеңесшісі Асим Хусайнның айтуынша, Пәкістан мен Иран ресми келісімшартқа 15 күн ішінде, үшінші елде қол қоятын болады.

Дей тұрғанмен ол үшінші ел Үндістан болуы мүмкін. Мұның өзі аталған құбыр жобасы тағдырын одан арі шырғалаңға салатын сыңайлы. Себебі Нью-Дели мен Исламабад арасындағы қарым-қатынастар проблемасы бұл жобаға әсер етпекші.

Тіпті Үндістан бұл жобадан шыққысы келген жағдайда да, Иранмен арасында газ құбырын салатынын Пәкістан айқын мәлімдеді.

Иран және Пәкістан ресмилерінің айтуынша, жаңа құбыр жобасы алдағы үш немесе төрт жыл ішінде басталып, бес жылдан кейін аяқталуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG