Accessibility links

Қазақ жеріне иелік: кеше және бүгін

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Қазақстан үкімет басшысы жер пайдаланушылардың құқы мен міндеттерін қамтамасыз етуде олқылықтардың орын алып келгенін мойындады.

“Жер пайдаланушылар туралы жаңа заң жобасы алдағы күзде Қазақ парламентіне ұсынылуы тиіс”,-деді үкімет басшысы Кәрім Мәсімов 2008 жылдың алғашқы жарты жылдық қорытындылары бойынша үкіметтің тамызда өткен кеңейтілген отырысында.

Жер пайдаланушылардың құқы мен міндеттерін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуде олқылықтардың орын алып келгендігі де отырыста ортаға салынды. Осы проблемаға байланысты, Қазақстан бойынша жерді пайдаланушы қарапайым халық пен ресми мекемелер арасында көптеген келеңсіз жайлар орын алды.

Аталған заң жобасы қабылданған жағдайда “Мұнай туралы” және “Жерді пайдаланушылар туралы” сияқты ескі заңдар өз күшін жояды дейді Мәсімов мырза. Жерді пайдаланушы қазақстандық қарапайым азаматтар құқы жаңа құжатта толық қамтылуы тиіс.

Қазақстан республикасының “Жер туралы” заңында “жерді тұрақты пайдалану құқы тек мемлекеттік заңды тұлғаларға ғана сақталады” деп айқын атап көрсетілген.

Енді бір сәт тарихқа көз жүгіртсек...
“Дала уалаятының газеті” атты басылымының 1895 жылғы 38, 39, 40- сандарында жарық көрген “Қазақ халқына атадан балаға мирас қалған жермен пайдалану турасынан” атты мақалада жеке адамға жерді пайдалануға беру шарттары төмендегіше баяндалған екен.

“Дала уалаяты низамының... 125-бабы бойынша: "ауыл қауымына яки бір болыс ел қауымына өздерінің пайдасындағы жерді жеке-жеке кісілерге, бұлардың сұрауы бойынша, шақтап бөліп беруге мүмкін. Сонда да бұл бөліп берген жерлер патшалық землемері бөлгендегідей болып бекімейді. Көп қауым қай уақытта бұзамын, азайтамын яки көбейтемін десе ықтияр оларда болады” делінген. Он тоғызыншы ғасыр соңында жеке пайдаланушының құқы белгілі бір қауым шешіміне тікелей байланысты болған.

Ал жиырма бірінші ғасырда қабылданған “Жер туралы заң” бойынша: “Мемлекеттік емес жер пайдаланушылар үшін ауыл шаруашылық жерін пайдаланудың негізгі нысаны жалдау болып белгіленеді”,-деп көрсетілген. Осы тұжырым бойынша “мемлекеттік заңды тұғалар” қатарына жатпайтын, қолында меншігі жоқ ел азаматы жер жыртып, егін салғысы келсе, оны тек жалға ала алады.

Алдағы күзде Қазақстан парламентіне ұсынылатын заң жобасында меншік иеленуде шетқақпай боп қалған, ата-баба жерін пайдалануда құқы шектеулі қазақстандық қарапайым азаматтар мүддесі арнайы назарда болуы тиіс.

Сондай-ақ осы құжатта: “Жерді уақытша пайдаланудың мерзімі 99 жылдан 49 жылға дейін кемітіледі. Екінші рет жерді пайдаланушылардың өз құқын өзге де жерді пайдаланушыларға беруіне тиым салынады” делінген.

Ал енді бұл қиын-түйін 1895 жылғы “Дала уалаяты низамының... 126-бабында қалай көрініс берген екен? Соған тоқталсақ. Бұл бап бойынша: “жерді жалға беруді жеке бір кісіге бұйырған жоқ, көп қауымға бұйырған”...

Ал қазіргі Қазақстан заңында көрсетілген: “жерді тұрақты пайдалану құқы тек мемлекеттік заңды тұлғаларға ғана сақталады” деген ұғым мен “Дала уалаятындағы”: “жерді жалға беруді ... көп қауымға бұйырған” деген шарттар байланысын салыстыра қарағанда, “Дала уалаяты” заңдарының халықтығы байқалады.

“...Және де жерді... жалдаған уақтысы 30 жылдан артық еш уақытта болмасын...”деп, “Дала уалаятының” тұжырым жасауы жерге деген ұлттық меншіктің мықты қамқорлықта болғанын айғақтайды. Қазақ даласына орыс патшасының билік құрып тұрған сол кезеңінде де осындай заң қабылданған. Ал, егемендігі өз қолындағы қазіргі Қазақстанда жерге кімдердің ие екенін нақты айта аламыз ба?!

Негізінен патша заңдарымен халықты таныстыруды мақсат тұтқан “Дала уалаятының” бұл бабында сондай-ақ төмендегідей маңызды сауал қамтылған. Атап айтқанда: “Жер жалдағаннан түскен ақшамен жерін жалға берген кісі пайдаланбайды, қауымның пайдасында болады. Халық бұл ақшаны не кедей үйдің алымы үшін қазынаға берсе керек. Яки сусыздықтан құдық қаздыруға, я мектепке, я молда ұстауға...яки қауымның шығыны үшін қазынаға беруге...керек” делінген.

Қазақстандағы қазіргі жер пайдалану саясатына арналған, күзде талдауға түсетін жаңа заң жобасында да осындай адамгершіл ұстанымдар болса...
XS
SM
MD
LG