Accessibility links

Рахат Әлиев Австриядан кетіп қалды


Вена газеттерінің мәліметі бойынша, Қазақстанның қауіпсіздік қызметінен, қылмыстық топтарынан және бұрынғы қайын атасының кегінен жасырыну үшін Рахат Әлиев Астрияны тастап шықты және бұл елге қайтып оралмайды.

Аустрияның der Standard газетінде “Әлиев Венада өзін қауіпсіз сезінбейді” деген тақырыппен берілген мақалада Қазақстанның бұрынғы сыртқы істер вице-министрі әрі Қазақстанның Венадағы бұрынғы елшісінің Аустрияға қайта оралғысы келмейтіні жазылады. Өйткені, ол өзінің және серіктерінің қауіпсіздігін сезбейді. Аустрияның баспасөзіне берген сұхбаттарында Рахат үзеңгілестеріне шабуыл жасады деп талай рет Қазақстандағы қайсыбір қылмыстық ұйымдарды айыптаған болатын.

Рахат Әлиев “шексіз мүмкіндігі бар Қазақстан президенті өзіне қарсы аянбай соғыс жүргізіп жатқан” жағдайда “бұдан былай Аустрияға салмақ түсіргісі келмейтінін” мәлімдепті.

Аустрия басылымы қыркүйек айының соңында Вена университетінің маңайында Қазақстан қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, Рахаттың жақын үзеңгілесі болып табылатын Әлнұр Мұсаевқа қарсы шабуыл жасалғанын еске салады. Қазір оны Аустрияның заң мекемелері тергеуде. Оған қоса Венада Рахаттың сыбайластарына кем дегенде тағы үш рет шабуыл болыпты.

Газетте Рахат Әлиевтің өзін ұрламақ болған жайттары айтылады: “Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, 45 жастағы Әлиев қайынатасының қаһарына өткен жылы ілінді. 2007 жылғы мамыр айының соңында елші қызметінен босатылды. Қазақ тыңшылары дипломат әрі кәсіпкерді ұрлап әкету үшін Венаға келіп қайтқан болатын”.

“Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы міндетіне кірісуге тиіс және журналистердің сапарларын төлеп, саясаткерлер мен кәсіпкерлерді елге шақыру арқылы өзінің абыройын көтеруге тырысады. Осы аптада, мысалға, Астанада Қазақ-Аустрия экономикалық форумы болып өтті. Федералдық президент жаңа үкіметті жасақтаумен қолы босамайтынын сылтау етіп, форумға қатыспады”, -деп жазған der Standard, десе де, Рахаттың қайда бас сауғалап жүргенін хабарламайды.

Бұрынғы елшінің соңғы айларда тұрған баспаналарын жиі ауыстырып жүргенін Аустрияның Krone деп аталатын басылымы да жазады. Расын айтқанда, осы мақаланы оқып болған кезде бұрынғы күйеу баланың қай елді паналағанын кесіп айту қиын: “Лондон, Вена немесе Парижді паналады ма? Сапарда оны үрей ізінен қалмай ілесіп жүреді. Үнемі жасырынып, бас сауғалап жүретін Рахат бірнеше ай бойы “дәрігер Кимбл” деген бейнені еске түсіреді. Дәл қазір ол Қазақстанның қауіпсіздік қызметінен, мафиядан және бұрынғы қайынатасының кегінен қашып жүр”.

(Хирург Ричард Кимбл – Америкадағы жұрт көп көретін бірнеше көркем фильм мен телесериалдың кейіпкері. Өзінің зайыбын өлтірді деген нақақ айып тағылған кейіпкер түрмеден қашып шығады да полициядан жасырынып жүріп, нағыз кісі өлтірушінің ізін кесуді ойлайды”.)

Сонымен бірге Рахат Әлиевке өз елінде тағылған айыптар, газеттің тізіп келтіруінше, мынадай: “қылмыстық топ құру”, “банк менеджерлерін ұрлау”, “жалған құжаттар жасау мен үлкен ұрлық жасау”. Алайда, оның үстінен әділ соттың болмайды деп тапқан Аустрияның заң орындары оны Қазақстанға ұстап беруден бас тартты.

Бір қызығы: бұл жолы Рахат өзінің Аустриядан кетуі ресми Вена мен Астананың қарым-қатынасын қалпына келтіруге тиіс деп мәлімдеген көрінеді. Ол федералдық президент Хайнц Фишердің Астанаға бармай қалуын айтып отырса керек. – “Мен екі елдің жақсы қарым-қатынасына болған жайттардың кедергі болғанын қаламаймын. Сондықтан да мен шетелде жүре тұрамын”.
XS
SM
MD
LG