Accessibility links

Рахат Әлиев Қазақстанда жаппай құпия тұтқындаулар басталды дейді


Президенттің бұрынғы күйеу баласы елде қудалаудың жаңа түрі – құпия тұтқындаулар басталды, ал оппозиция басшылары болса Ақордаға құпия түрде қызмет етеді деп мәлімдеді.

- Рахат Мұхтарұлы, біздің сұрағымыз, әрине, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің интернетте 23 қыркүйек күні пайда болған мәлімдемесі жайында. Онда журналистердің сұрақтарында кейбір адамдарды Рахат Әлиевпен байланысы үшін қудалау жалғасуда делінеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұндай құбылыс жоқ, Рахат Әлиевтің ісі қаралып, үкімі шығып, жабылған деп нақты айтып отыр. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

- Мен ол мәлімдемені жіті қарап, танысқан жоқпын. Жалғыз айтарым, менің пікірімше, Қазақстанда “Әлиевтің ісімен” Ұлттық қауіпсіздік комитетінің айналысқаны – президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсыруымен маған қарсы қозғалған барлық қылмыстық істердің астарында саясаттың жатқанына тікелей дәлел болып табылады.

Маған ғана репрессия жалғасып жатқан жоқ, менің туыстарыма, жақындарыма қатысты, тіпті сорақылық жағдайға дейін барып, азаматтық істе қорғаушым болған адвокат Балмағамбетоваға да қарсы репрессия жалғасуда. Менің Любовь Балмағамбетовамен байланыспағаныма екі жылдан асып кетті. Менімен қандай да бір байлaныста болған адамдар қудалауға душар болуда, олардың қатарында Қазақстанның Австриядағы бұрынғы консулы Мырзахан Салықбаев, елшіліктің кеңесшісі болған Вячеслав Денисенко сынды дипломаттар және ең соңғы мысал – Серік Бүркітбаев.

Осы тұрғыдан келгенде менімен қызмет істеген немесе бірге оқыған адамдардың барлығын тергеу қажет болса, соңғы уақытқа дейін менімен тым жақын жеке қарым-қатынаста болған мемлекет басшысының өзін, жұмыс бабы бойынша менімен тығыз қарым-қатынаста болған оның жақын қоршауын да тергеуге алу керек.

- Рахат мырза, сіз "Итті құйрығы билегенде" деген соңғы мақалаңызда Қазақстанда жаппай құпия саяси тұтқындаулар жүргізіліп жатыр деп шегелеп айтасыз. Нақты айтқанда, сіз қазір Серік Бүркітбаев, Мырзахан Салықбаев, Людмила Балмағамбетова, Марат Табанов, Серік Нұғыманов, Мұрат Жүсіпов үй қамауында отыр деп атап көрсетесіз. Демек, сіз Қазақстанның саяси өмірінде жаңа бір құбылыс - құпия тұтқындаулар пайда болды деп айта аласыз ба?

- Мұның бәрі Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Астана қаласындағы тергеу изоляторында Арнайы ақпарат қызметінің бұрынғы директоры қаза тапқаннан кейін пайда болды деп айтар едім. Мұндай тергеу изоляторында отырғандардың бәрінің сыртынан тәулігіне 24 сағат бойына видео және аудио бақылау түрлері жүргізіледі. Осы өлімнен кейін Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен оның жетекшісі Шабдарбаев жаңа технология, өзіндік ноухау ойлап тапты. Оның мәнісі - тұтқындалған адамды үй қамауында басқалардан оқшауландырып ұстау деген сияқты. Егер мұндай жағдайда адамдарға бірнәрсе болып қалса, оның Ұлттық қауіпсіздік комтитетіне қатысы болмай қалады-мыс.

Бұл үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астана мен Алматы қалаларында екі –үш бөлмелі пәтерлерді жалдайды. Ол пәтерлерге тұтқынға алынған адамдар адвокаты мен туған-туыстарына көрсетілмей, қоғаммен ешқандай байланысқа шығарылмай ұсталып отырады. Міне бұл Ұлттық қауіпсіздік комитеті ойлап тапқан жаңалық осындай.

- Сіз сонда, шілде айында қаза тапқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генералы Мәжреновтың қазасы туралы айтып отырсыз ба?

- Иә, иә.

- Сіз Серік Бүркітбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қазіргі төрағасы Шабдарбаевтың тарапынан жасалған арандатушылықтардың құрбаны болған болуы керек деп жаздыңыз ғой өз мақалаңызда.

- Мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірде-бір акциясы, кез-келген қимылы мемлекет басшысының тікелей нұсқауынсыз, оның келісімінсіз жүзеге асырылмайды деп айтар едім. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жасайтын істерінің бәрі де президент Назарбаевтың нұсқауы негізінде жасалады. Соның ішінде кез-келген тұтқындау мен қамау, оның қатарында осы жақын уақытқа дейін президент көмекшісі болған және ұзақ уақыт, бір жарым жылдай онымен бірге қоян-қолтық жұмыс істеген Серік Бүркітбаевтың да ұсталуы, міне мұның бәрі Ақордада өте күрделі сарай интригасы жүріп жатқанының белгісі.

Егер мұның астарына үңілер болсақ, сол Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі ақпарат көздерінен менің білгенімдей, Бүркітбаев Шабдарбаевтың ұлының жолын кесіп кеткен. Мен сол туралы жаздым.

- Әлиев мырза, сіз сондай-ақ өз мақалаңызда президент Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетін бақылай алмайды, Шабдарбаевты алмастыра алмайды, есесіне Шабдарбаев Назарбаевты алмастыра алады деген тағы бір тезисті көтересіз. Демек сіз мемлекет басқаруда бір дисбаланс пайда болды деп айтып отырсыз ба?

- Назарбаев мырза соңғы 17 жыл ішінде авторитарлық билік орнатты. Билік - авторитарлық, елде барлық шешімді бір адам қабылдайды, биліктер бөлінбеген, сот билігі мен атқарушы, заң шығарушы биліктер арасында баланс жоқ. Міне осындай жағдайда барлық авторитарлық елдегі сияқты, соның ішінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығындағыдай, басты рөл арнайы қызмет жетекшілеріне тиеді. Олар бір жағынан президентті қорқытады, екінші жағынан толық ерік берілгендігін пайдаланып, өзгеше ойлайтын, өздеріне жақпаған адамдарды қудалап, репрессияға ұшыратады.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мақсаты - саяси тыңшылық екені жасырын емес. Арнайы қызметтің полициялық, патшалық күзет жандармериясы тәсілдерімен қайта туғандығы айқын. Барлық телекоммуникациялық және техникалық орталықтарды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің реттеп, бақылап отыратыны құпия емес. Оның ішінде Азаттық радиосын бақылау да бар. Сайттарды жабу, хакерлік шабуылдар жасаудың жалғасып жатқаны ешкімге жасырын емес. Мәселен, “Куб.инфо” веб-сайты сияқты сайттар көптен бері ашылмайды.

- Мұндай кедергілер қою техникалық жағынан қалай жүзеге асырылады?

- Айталық, Ақордаға ұнамайтын, басқа пікірде болудың өзі “халық жауына” айналуға жеткілікті, өз пікіріңізді еркін тарата алмайсыз, ол үшін Арнайы ақпарат қызметі, басқармалар, департаменттер жұмыс істейді. Олар төрағаның бұйрығымен ақпараттарды бақылап, қажет дегеніне кедергі жасап, ұстап отырады.

- Кейбір Астанаға жақын бұқаралық ақпарат құралдары Серік Бүркітбаев Рахат Әлиевпен байланысы үшін тұтқындалды, Бүркітбаев телекоммуникация жүйелерінің жетекшісі болып тұрған кезде телефон әңгімелерін заңсыз тыңдауды, жазуды қамтамасыз еткен, ұйымдастырған, Рахат Әлиевтің адамдарына қай түймені қалай басу керектігін үйретті деген мәлімет таратты.

-Бұл комментарийлер, әрине, жай сөз, бұндай әңгіме де Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тарапынан таратылған. Мен айтар едім, Қазақстанның ішкі заңдары бойынша оперативті техникалық шұғыл қимылдар жүргізу, атап айтқанда, сіз айтып отырған телефондарды тыңдау, поштаны қарау, интернетті бақылау құқықтары Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілген.

“Қазақтелеком” құрылымдары тіпті телекоммуникация тораптарынан ақпаратты алу қалай жүзеге асырылатынан да хабарсыз. Телефон әңгімелерін тыңдау, мобилді байланыс жүйесін де тыңдауды тек қана Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Арнайы ақпарат қызметі жүргізеді, содан кейін ғана тиісті орындарға беріледі. Ал Бүркітбаевтың бұған қандай да бір қатысы бар деп айту, ол мүмкін емес.

- Әлиев мырза, кейбір телефон әңгімелері де сіздің қолыңызға түскен ғой. Жақында сіз мақалаңыздың бірінде президент кеңесшісі Ертісбаевтың басқа да саясаткерлермен әңгімелері деген нұсқаны келтіріп, онда бұл телефон жазбалары жақында ол үшін өмірінен айрылған адамнан сізге түскенін айтқан едіңіз.

- Мен тағы да айтамын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істейтін адамдардың алдында таңдау тұрады. Ол: әкімшілік басшылары мен үкіметтің заңға қарсы қылмысты әрекеттері турасында қоғамды құлақтандыру немесе ол турасында жұмған аузын ашпай, үнсіз келісу. Міне кейбіреулер соның бірін таңдайды.

Әрине бұл заңсыз жолмен алынғандықтан, оларды кінәлауға болар, бірақ елді басқарып отырған саясаткерлер жөнінде және олардың қылмыстық әрекеттері туралы қоғам білуі керек. Жасырынның бәрі жарыққа шығуы керек деп есептеймін. Қазақстан сияқты елде өтпелі қоғам құрылған, билік - авторитарлық, мемлекет басшысының сөзі мен ісі екі түрлі, іс жүзінде атқарушы биліктің не парламент алдында, не басқаның алдындағы жауапкершілігі айқындалмаған. Қалыпты демократиялық, еркін елдегі сияқты парламенттік тыңдаулар өткізілмейді, өкінішке қарай, ол турасында ешкім басын қатырмайды.

- Бас прокуратура және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өзі тексеру амалдарын жүргізіп, бұл телефон әңгімелерінің жазбалары жалған, олар техника көмегімен қолдан жасалған деп мәлімдеді ғой.

- Ол аудиофайлдардың шынайылығын тексеретін тәуелсіз тексеру ұйымдастыру қиын емес қой. Ол аудиолардың кімдердікі екенін анықтауға болады емес пе? Эксперттік қызмет бар ғой. Егер керек болса, қылмыстық тексерулер жүргізілер еді.

Менде қарсы сұрақ туады, неге онда бірқатар қызметкерлерге, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкерлеріне жабық соттар, әскери трибунал жүргізіліп, оларға үкім шығарылды? Оларға мұның құны тым қымбатқа түсті ғой.

- Әлиев мырза, сіз туыстарыңыз бен сізді қолдаған, бірге жұмыс істеген, таныс болған көптеген адамдардың қудалауға ұшырап жатқаны туралы айтып отырсыз. Жақында Қазақстан оппозициясының кейбір жетекшілері, атап айтқанда, Болат Әбілев, сізге қарсы мәлімдеме жасады, кейбір қылмысты істерге қатысыңыздың барлығы жайында айыптар айтты. Жоғалып кеткен “Нұрбанк” басшыларының бірінің әйелі Армангүл Қапашева сіздің іс-әрекеттеріңіз үшін сіздің туыстарыңыз жауап берсін, туыстар өз туыстарының қылмыстары үшін жауап берсін деген талаптар қойды.

- Мені, әрине, жоғалған адамдарың тағдыры алаңдатады. Айтқым келетіні - сол аудиофайлдарда нақты және айқын көрсетілген, бүкіл ол сценарийді кімдер жасағаны, ол Шабдарбаев пен президент әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Жақсыбековтердің ісі екені, олар сонда осы жоғалған адамдардың бірі туралы айтады. Жоғалғандардың қайда екенін Шабдарбаев мырзадан сұрау керек. Олар неге Шабдарбаевқа қайрылмайды?

Екінші, сіз айтқан оппозиция лидерлері жайында. Мен оппозиция жөнінде мүлде айтқым келмеп еді, сіз сұраған соң айтарым, Қазақстанда нағыз оппозициялық күш жоқ. Барлық оппозициялық партиялар, оның ішінде Болат Әбілевтің де партиясы, Жармахан Тұяқбайдың да партиясы Ақорда мен ұлттық қауіпсіздік комитетінен қаржыландырылады.

Олардың барлық қимыл-әрекеттері президент Назарбаевтың тарабынан үйлестіріліп, қалыпқа түсіріліп, редакцияланып отырады. Мен мұны жалаң сөзбен емес, өзімде бар, дәлелдей алатын фактілерге сүйеніп айтып отырмын.

- Дегенмен, өткен жексенбі күні кейбір оппозиция жетекшілері қазақ тілін қорғау митингісін өткізіп, онда Қазақстан билігін қатты сынады.

- Мен бұл Назарбаевтың қатысуынсыз болып жатыр деп есептемес едім, біздің көпұлтты Қазақстанда ұлттық картаны бұл бағытта шайқау өте қауіпті дер едім. Менің ойымша, Грузиядағы дағдарыс жағдайында және Ресеймен және кейбір ТМД елдерімен Қазақстанның қарым-қатынастарының дағдарысты жағдайында Назарбаевқа ұлттық-патриоттық және әсіреұлттық бағытқа қарай басымдық беру тиімді болып отыр.

Сосын біраз уақыт өткеннен кейін Назарбаев тынышталыңдар, тұрақтылықты бұзбаңдар деген тұрғыда мәлімдеме жасайды. Сөйтіп Назарбаев мемлекеттегі тұрақтылық елесін тудыратын керемет бір арбитр етіп көрсетіледі. Менің білуімде, оқиғалардың соңғы дамуы, міне, дәл осындай бағытпен байланысты деп ойлаймын. Ал бәрін де өмір көрсетеді.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет.

Редакциядан: Азаттық радиосы Рахат Әлиев тарапынан Қазақстан билігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне айтылған сын, айыптар жайында осы мекемеге де қайрылды. Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Мұхтар Анарбеков мекеменің мәлімдемесіне сүйеніп, елде құпия тұтқындаулар жүргізіліп жатыр дегенді жоққа шығарды. Азаттық радиосы осы сұхбатта көтерілген мәселелер жайында басқа да пікірлерге орын береді, әңгіме жалғасын табады деген ойдамыз.
XS
SM
MD
LG