Accessibility links

Ресей советтік дәстүрдің иісінен арылған жоқ


Бұл аптада Мәскеуде әлемнің елдердің, оның ішінде АҚШ президенті Дж.Буш пен Еуроодақ басшылығын, ТМД елдерінің лидерлері мен Таяу Шығыс жанжалы бойынша “квартеттің” өкілдерін қонақ етіп күткен Ресей президенті Владимир Путиннің мерейі үстем болды.

Оның осы кездегі іс-қимылын саяси сарапшылар қалай қабылдады, қалай бағалады? Бұл дипломатия тұрғысынан асқақтаған осы аптадан кейін Ресей ықпалы бүкіл әлемге жүретін қуатты елге айналып, Мәскеудің абырой-беделі өсті ме әлде ықпалы тарыла түсті ме? Азаттық радиосының тілшісі Джереми Бранстен Мәскеуде бірқатар кездесу өткізіп, осындай пікірлерге қаныққан еді.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 60 жылдығын тойлап осы аптада Қызыл алаңда болып өткен әскери шеруді көрген кімде-кім терең әсер алмай қалмады. Осы шеруді қызықтаған 50-ден аса елдің лидерлерінің арасында АҚШ президенті Дж.Буш та болды. Бейсенбі күні журналистермен жүздескенінде ол да шеруден алған әсерін жасыра алмады.

- Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлерін құрметтеп Қызыл алаңға келгендер таң қаларлық оқиғаның куәсі болды. Бала күнімде Қызыл алаңнан өткен зымырандық әскердің шеруін бақылағаным есімде қалыпты. Ал бұл жолы мен Қызыл алаңда нацизмді жеңу жолында құрбан болғандарды аза тұту үшін АҚШ президенті ретінде отырдым және мен досымның қасында отырдым, - деді Дж.Буш.

Мәскеуде орналасқан саяси зерттеулер институтының директоры Сергей Марковтың пікірінше, өзінің даңққа толы өткен тарихын мақтан ету – Ресейдің заманына сай қабылетті әрі құрмет-қошеметке лайық қуатты мемлекет екенін айғақтайды.

- Мен әскери шеруді Украинадан бақыладым және ол жөнінде мен көп кісімен пікір алмастым. Олардың басым көпшілігі сол сәтте Ресей мен Путин атқарған осы шараға зор құрметпен қарады. Олардың барлығы дерлік шерудің қалай өткеніне аң-таң болды. Менің ойымша, бұл Ресей мен Ресейдің мемлекеттік билігінің қол жеткізген жетістігінің көрінісі болып табылады, - деді С.Марков.

Алайда жұрттың барлығы мұндай пікірде емес. Кейбір жаңалықтарда советтік дәстүрдің иісі мүңкіп тұрғанын атап көрсетті. Мысалға, француздардың жаңалықтарынан сөйлеген көрермендер “Қызыл алаңда жетпей тұрған бірде-біреу болса, ол жалғыз Сталин еді” деген ойларын білдіріп жатты.

Ресейдегі совет тарихына деген түрлі қарама-қайшы көзқарас, оның ішінде 1939 жылғы масқара “Молотов-Риббентроп” шарты да бар, аз да болса Ұлы мерейтойға көлеңкесін түсіргендей болып, бірқатар дипломатиялық кездесуге, оның ішінде Ресей мен Еуроодақ басшыларының бас қосуына да әсер етті.

Мәскеудегі Карнеги орталығының өкілі Эндрю Качинстің пікірінше, Ресей үшін бұл аптаның қорытындысы анық “екіұшты” болды. Совет Одағының 2-нші дүниежүзілік соғыстағы миллиондаған құрбаны мен Ұлы Жеңіске қосқан, оның ішінде әсіресе Ресейдің қосқан зор үлесіне бас ию үшін бүкіл әлем жиналды деген пікірмен Эндрю Качинс келіседі.

Алайда, Кремльдің советтік дәуірді ашық аңсағаны, оның атап көрсетуінше, әсіресе сәуірдің 25-інде жасаған жолдауындағы “Совет Одағының күйреуі – Ресей үшін ең зор геосаяси апат болды” деген сөзі көптеген шетелдік лидерді аса қолайсыз жағдайға қалдырды. Путиннің бұл сөзі, деп есептейді Эндрю Качинс, 2-нші дүниежүзілік соғыстың тарихы төңірегіндегі қарама-қайшы көзқарастарды шиеленістіре түсті.

Батыс әлемінің басым бөлігі Совет Одағы үстемдік еткен соғыстан кейінгі кезеңде Балтық теңізі жағалауы мен Шығыс Еуропа елдерінің әділетсіз қысым көргенін мойындайды. Бұл елдер осы күні НАТО мен Еуроодақтың мүшелері. Э.Качинстің сөзіне қарағанда, В.Путиннің әлгі елдердің “өкпесін” мойындамауы және Балтық теңізі елдеріне намысқа тиетіндей ескерту жасауы Ресейді дипломатиялық кіріптар жағдайға қалдырды.

- Сөйлеген кезінде кейде В.Путин қызыл сезімнің жетегінде кетіп қалады. Жиі емес, ол көбіне әділдігін айтады. Бірақ Еуроодақ басшыларымен келіссөзінен кейінгі баспасөз-маслихатында Балтық теңізі елдеріне арнап айтқан сөзінде ол: “шекарана қайта қарау сияқты “идиот” талап-шарттарды қойыңдар!” деп қызыл сезімге беріліп кетті. Бұл қатты әсер туғызды және, менің ойымша, Еуроодақ пен Ресей басшыларының және тікелей Балтық елдерімен келіссөзіне сөзсіз кері ықпал етті, - деді Э.Качинс.

Дж.Буштың В.Путинге сый-құрмет көрсеткен сөздеріне қарамастан, АҚШ президентінің Мәскеуге дейін және одан кейін Латвия мен Грузияға сапарға баруы – Ресей мен Кремльдің ықпалын әлсіреткісі келген елдердің арасындағы тепе-теңдікті бұзбау мақсатында жасалған дипломатиялық амал болды.

Эндрю Качинстің пікірінше, Мәскеуде осы аптада өткен мерейтой осы тепе-теңдікті еш өзгерте алмады. Оған қоса, АҚШ әкімшілігі Ресейге бір кезде Совет Одағының республикалары болған және орыстар 90-ыншы жылдары “жақын шетел” деп атаған мемлекеттердің әлдеқайда маңызды рөл атқаратынын ашық аңғартты дейді Э.Качинс, және оларды Ресей Федерациясы сөзсіз сыйлауға тиіс.
XS
SM
MD
LG