Accessibility links

70 жылдан кейін Риббентроп-Молотов келісімі жаңару бағытына бет алғандай

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

СССР сыртқы істер министрі Вячеслав Молотов Риббентроп-Молотов келісіміне қол қоюда. 23 тамыз, 1939,

СССР сыртқы істер министрі Вячеслав Молотов Риббентроп-Молотов келісіміне қол қоюда. 23 тамыз, 1939,

Тамыздың 24-не қараған таңда Германия мен Совет одағының бір-біріне шабуыл жасамау турасында қол қойған келісімінде Орталық Еуропада ықпал ету аймағын өзара бөлісу туралы құпия хаттама болған еді. Ресей Шығыс Еуропадағы ықпалын күшейткісі келеді деген сөздер қазір де айтылып қалады.

ҚОС ДИКТАТОРДЫҢ ҚҰПИЯ КЕЛІСІМІ

Риббентроп-Молотов келісімі миллиондаған адамның өмірін қиды. Адамзат баласына айрықша қасірет әкелді.

Ол келісімге 1939 жылғы тамыз айының 23-нен 24-не қараған түнінде, Кремлде қол қойылған болатын. Германия сыртқы істер министрі Иоахим Риббентроп сол жолы Иосиф Сталин және Вячеслав Молотовпен кездескен еді.

Тараптар аталған құжатқа қол қойысымен, Германия Польша елін өз қалауынша бөлу мүмкіндігіне ие болған-ды.

Қажет болған жағдайда Польшаның одақтастарымен яғни Британия және Франциямен соғысу құқы да туғандай еді.

Риббентроп-Молотов келісімі Германияның қос майданда соғыс жүргізбеуіне жағдай жасады. Яғни совет тарапынан соғыс қаупі айыққан болатын.

Ал Сталин үшін 1930-шы жылдардағы репрессиядан тұралап қалған армиясын күшейтіп, қайта топтау ауадай қажет еді.

Германия, қыркүйектің 1-і күні Польшаға шабуыл жасау арқылы, Екінші дүние жүзлік соғысты бастап берді.

Содан кейінгі оқиғалар шапшаң қарқынмен дами бастаған болатын. 17 қыркүйекте Қызыл әскер Польшаның шығыс бөлігіне басып кірді.

Сталин қараша айында Финляндияға соғыс ашты. Себебі аталған келісім бойынша Финляндия Совет одағы ықпалына қарауы тиіс болатын.

1940 жылдың маусымында Балтық бойындағы 3 елде, Совет үкіметінің көмегімен, кремлшіл үкімет билікке келген еді.
Олар дереу КССРО құрамына қосылуды талап етісті.

Совет армиясы румыниялық Бессарабия мен Солтүстік Буковинаны жаулап алған болатын.

КОММУНИСТЕР МЕН НАЦИСТЕРДІҢ ОДАҚТАСУЫНА НЕ СЕБЕП

Риббентроп-Молотов келісімінің қабылдануы Еуропа мен Американы таңдандырды. Себебі тараптарды өзара жалғастыратын байланыстар сырын табу қиын болатын.

Гитлер славяндар мен большевиктерге деген өзінің жеккөру сезімін тұрақты түрде айтып отыратын.

Сонда оларды не байланыстырған еді?

Сарапшылардың айтуынша, екі елді де диктаторлар билеп отырды. Қос елде де репрессия болып өткен еді.

Сондай-ақ бұл қос елдің әрқайсысы да әлемде өздерін жалғыз, жау ортасында қалғандай оқшау сезінетін.

Сондықтан да Гитлер сталиншілермен уақытша болса да, келісімге баруды жөн санады.

Эстония, Латвия, Литва және Польша елдері мен қазіргі Молдова жерінде Риббентроп-Молотов келісімі қатыгез оккупацияға жол ашқан болатын.

Бірнеше жүздеген мың жергілікті халық Сібірге және басқа да еңбекпен түзеу колонияларына күштеп айдалған еді.
Олардың орнына этникалық орыстар барып қоныстанған болатын, оның салдарлары қазір де сезіліп қалады. Осы саясат салқыны Совет үкіметі құлағаннан кейін де жер дауы сипатында, одан әрі жалғасып келеді.

РЕСЕЙДІҢ ЫҚПАЛ ЕТУГЕ ҰМТЫЛЫСЫ ТУРАСЫНДА

Сол Риббентроп-Молотов келісімінен зардап шеккен елдер Ресейдің аталған аймақтағы өз ықпалын қайта жандандыруға деген ұмтылысына табанды түрде қарсы тұруда.

Мысалы, үстіміздегі жылдың 16 шілдесінде Шығыс Еуропа елдерінің 22-дей көрнекті қайраткері АҚШ президенті Барак Обаманың атына хат жолдады. Олар өз хаттарында Ресейдің басқыншылық ұмтылысына жол бермеуге Обаманы шақырған болатын.

Қазіргі кезде гитлерлік-сталиндік келісімнің жаңа сипаттағы үлгісі әзірленуде деген де пікірлер айтылуда.

Ал, Ресей билігі болса, тарихтың бұл жауыр тұстарын жаба тоқуға тырысып бағуда. Атап айтқанда, Риббентроп-Молотов келісімі елді Германиямен соғыстан аман алып қалу үшін мәжбүрлі түрде жасалды деп, тарихты қайта жасауға тырысушылық бар.

Кремль ол үшін Ресей тарихын академиялық кітаптардан бастап, мақалаға дейінгі аралықта қайта жазуға ұмтылуда.
XS
SM
MD
LG