Accessibility links

Шашы қысқа қыздың ғұмыры да неге қысқа болды екен... деймін


Прага маңында жол апатынан қаза болған Азат Еуропа/Азаттық Радиосы иран қызметінің тілшілері Амир Заманифар және Роза Хассанзаде Ажири. 29 қыркүйек 2009 жыл.
Прага маңында жол апатынан қаза болған Азат Еуропа/Азаттық Радиосы иран қызметінің тілшілері Амир Заманифар және Роза Хассанзаде Ажири. 29 қыркүйек 2009 жыл.

Есімі Роза екен... Мен оны алғаш рет қай жерде және қашан көргенімді есіме түсіре алмадым, бірақ оның сұлу күлкісі бірден көз алдыма елестейді. Сосын шашы қысқа болатын...мен оған сырттай "Шашы қысқа қыз" деп ат қойған едім.

Ол иран редакциясында жұмыс істейтін. Мен оны жұмыста жиі көретінмін. Ол темекі шегетін еді, мен де темекі шегу үшін төртінші қабатқа жиі көтерілетінмін. Мен оның жалғыз тұрғанын көрмеген сияқтымын: үнемі әріптестерімен бірге дауыстап әңгіме айтып, әзілдесіп тұратын. Ол мені білетін...

Бір күні мен иран редкциясындағылар Праганың орталығындағы Вацлав алаңында Махмуд Ахмадинежадтың екінші мәрте Иран президенті болып сайланғандығына қарсы наразылық акциясын өткізіп жатқанын көріп қалдым. Олар мені бірден таныды, акцияға қолдау көрсетіп, үн қатуымды, дәлірек айтқанда алаңға төселген жасыл түсті материалға қол қоюымды сұрады. Әріптестеріме қолдау көрсеттім. Қазақ редакциясында жұмыс
Прагадағы Вацлав алаңындағы наразылық акциясы. Прага, шілде 2009 жыл.
істейтінімді, жақында Алматыдан келгенімді айттым. Роза оны естіді. Содан жұмыста ирандық әріптестеріммен, Розамен де амандасып жүрдік, бірақ сөйлескен емеспіз.

Мен оның есімін осы уақытқа дейін білмеген екенмін. Мен үшін ол "шашы қысқа қыз" болып қала берді. Маған оның есімі Неда секілді көрінетін. Неда - биыл жазда Теһрандағы толқулар кезінде қаза болған қыз, Ахмадинежадтың екінші мәрте президент болып сайлануына қарсы қозғалыстың "символы". Бірақ оның есімі, мен ойлағандай Неда емес, Роза екен.

Оны соңғы мәрте көрген кезім есімде қалыпты. Алматыға қайтуға дайындалып жүрген күндердің бірінде жұмыста көрдім. Екеуміз есікте кездесіп қалдық, оған жол берген едім, ол рақметін айтты-ау деймін, онысы есімде жоқ, бірақ маған қарап жымия күлгенін жақсы білемін. "Мен сен туралы бірдеме білемін" деген секілді жұмбақ күлкі...
2009 жылы 29 қыркүйекте Прага маңында жол апатынан қайтыс болған Азат Еуропа/Азаттық радиосының иран қызметінің тілшісі Роза Хассанзаде Ажири.

Алматыда қарбалас жұмыс күндерінің бірінде иран редакциясында жұмыс істейтін үш адам көлік апатына ұшырағандығы туралы хабар жетті: екеуі қайтыс болыпты, біреуі аураханада хал үстінде жатқан көрінеді. Бірақ олардың нақты кімдер екендігі белгісіз. Ойыма бірден сол қыз түсе кетті. Шашы қысқа қыз" жоқ па екен араларында?" деп сұраймын хабаршыдан. "Көңіл айтып келдік, суреттерін көрдік, қайтыс болғандар жап-жас қыз бен жігіт, екеуінің де шашы қысқа екен" деген жауап естідім.

Интернеттен Фарда радиосының сайтын тауып алып ашқаным сол еді, қарамен көмкерілген суреттен күле қарап тұрған екеуінің бірі - шашы қысқа қызды бірден тани кеттім - оның есімі - Роза екен.

Болашақта Прагаға жолым түсе қалғанда онымен сөйлесермін, мүмкін араласып та кетермін деп ойлайтынмын. Осындай ой Розаның енді қазір арамызда жоқ екендігін сезіндіре алмай, шашы қысқа қыздың ғұмыры неге қысқа болды екен деп күбірлей бердім...

Азаттықтың иран редакциясының журналистері - Роза 27-де, Әмір 29 жасында жол апатынан қаза тапты.

Роза мен Әмірді жұма күні Прагадағы әріптестер ақтық сапарға шығарып салады.
XS
SM
MD
LG