Accessibility links

БҰҰ-дағы Ресей мен Грузия елшілері айтысып қалды


Грузия президенті Михаил Саакашвили Мухровани базасында, 5 мамыр 2009
Грузия президенті Михаил Саакашвили Мухровани базасында, 5 мамыр 2009

Ресей мен Грузияның БҰҰ-дағы елшілері осы ұйымның сейсенбідегі отырысында Абхазия мен Оңтүстік Осетия шекараларында әскер санын көбейтуде деп бір-бірінің үкіметтерін айыптасты. Бұл айтыс Грузия әскери базасының бірінде бүлік бола жаздаған күні орын алған-ды.

Мамырдың 5-де Грузияның Мухровани базасында болуы мүмкін деген бүлік тез басылып, ресми Тбилиси бұл оқиғаға қатысы бар және Грузияда бір айға созылатын НАТО жаттығуларына кедергі келтіру үшін жасап отыр деп Ресейді айыптаған болатын.

Ресей өткен аптада Абхазия мен Оңтүстік Осетия шекараларын күзету мүмкіндігіне ие болатын келісімшартқа ол қос аймақ басшыларымен бірге қол қойған еді. Бұл құжат өткен жылғы тамыз қақтығысынан кейін қол жеткізілген Ресей-Грузия келісіміне қайшы келеді дейді ресми Тбилиси.

Ресейдің БҰҰ-ғы елшісі Виталий Чуркин НАТО-мен әріптестік орнату туралы біріккен қарарға қол қою жөніндегі Бас хатшы Пан Ги Мунның шешімін сынға алған болатын. Ол сондай-ақ НАТО-ның Грузияда өткізетін жаттығуларына Ресейдің қарсылығын тағы да қайталаған еді.

Осыдан кейін сөз алған Грузияның БҰҰ-дағы елшісі Александр Ломайа Абхазия мен Оңтүстік Осетия шекараларында әскер санын көбейтуде деп Ресейді айыптады.

Ал Чуркин болса, аталған аймақтар шекарасында, тамыз қақтығысынан кейінгі жағдайды тұрақсыздандыруға ұмтылып отыр деп ресми Тбилисиді айыптады.

Ломайаның айтуынша, Чуркиннің бұл айыптауы Кремлдің Грузиядағы НАТО жаттығуларына кедергі жасау ниетінің бір бөлігі боп табылады.

«Ресей елшісінің бұл мәлімдемесі совет дәуіріндегі насихаттың бір мысалы ғана. Ол мәлімдеме дәйексіз және көздеген жалғыз ғана мақсаты-халықаралық қауымдастық пен Ресейдің өз халқына да жалған ақпарат ұсыну»,- деді Ломайа.

НАТО-ның Бейбітшілік үшін әріптестік бағдарламасына бұрынғы совет республикалары қатысуда.

Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мамыр айында төрағалық етуде. Чуркиннің атап көрсетуінше, төрағалықтағы басты міндеттердің бірі 27 мамырға белгіленген Грузияға байланысты мәжілісті өткізу болып отыр. Ол кездесуде БҰҰ-ның Грузиядағы бақылаушы міндетін одан әрі ұзарту сауалы талқыланбақшы.

Ұйымның Грузиядағы қазіргі бақылаушылық қызметі маусым айының 15-де аяқталады.
XS
SM
MD
LG