Accessibility links

Кремль ресми Ташкентке стратегиялық әріптес ретінде сенім артқысы келеді

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Дмитрий Медведев пен Ислам Каримов Душанбедегі саммитте. тамыз, 2008 жыл.

Дмитрий Медведев пен Ислам Каримов Душанбедегі саммитте. тамыз, 2008 жыл.

Ресей президенті Дмитрий Медведев қаңтардың 22-де Өзбекстанға екі күндік сапарын Самарқанд қаласынан бастады. Оның сапары барысында Ресейдің газға бай бұл елдегі инвестициясы жайы мен екі ел байланыстары талқыланбақшы.

Өзбек үкіметі 2005 жылғы Әндіжан оқиғасына халықаралық тәуелсіз зерттеудің жүргізілуіне рұқсат бермегеннен кейін оның Батыспен қарым-қатынасы күрт нашарлап кеткен болатын.

Оның бір көрінісі ретінде, Қаршы-Ханабад әуе базасын АҚШ әскеріне жалға беру тоқтатылған еді. Ресми Ташкент жедел түрде Ресейдің бастауындағы аймақтық ұйымдарға енген болатын. Ресей компаниялары Өзбекстанға мол қаржы құйған-ды.

Алайда Батыс елдері Өзбекстанға салынған тиымдардың кейбірін алып тастау жөнінде, өткен жылдың қазан айында, шешім шығарысымен Өзбекстан өзінің ЕуроОдақ және АҚШ-пен тығыз байланыс орнатқысы келетінін көрсетуге тырысқан болатын.

Атап айтқанда, Ресейдің бастауындағы ұйымдарға: оның ішінде Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа және Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымдарына мүшелігін тоқтатқан болатын.

Ресей думасының депутаты Константин Затулин Азаттық радиосының өзбек қызметіне берген сұхбатында Өзбекстанның сыртқы саясатын зигзаг іспеттес(толқымалы) деп сынады. Ресми Кремль стратегиялық әріптес ретінде ресми Ташкентке қаншалықты сенуге болатынын білгісі келеді деді ол.

“Біз Батыс Еуропа мен Өзбекстан байланыстарының жақсаруын мейлінше қолдаймыз. Алайда Ресей мен Өзбекстанның стратегиялық әріптестік мәселесінің оның өзге үшінші елдермен қарым-қатынасына байланысты шешілетіні бізге қолайсыз” деді Затулин.

Затулиннің болжамынша, Ресей президенті Дмитрий Медведев Ташкентке 2 күндік сапары кезінде, Өзбекстан басшылығының өз аузынан, аталған елдің Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүшелігін тоқтатуының себебін естігісі келуі мүмкін.

Өзбек ресмилері Қырғызстан мен Тәжікстанға қарағанда Өзбекстан өз күнін өзі көре алады, өзгелерге кіріптар емес деген ойларды жиі қайталауда. Ресми Ташкент мол газына сүйеніп, халықаралық істерде саудаласа алады.

Дей тұрғанмен, сол газын шетке шығару үшін және су көздеріне қол жеткізуге байланысты Өзбекстан өз көршілеріне тәуелді.
Мысалы ресми Ташкент бұл орайда Ресей газ құбырлары арқылы шикізатын шетке шығарғысы келеді.

Сондай-ақ 27 миллион халқы бар бұл елдің 6 миллиондай шетке жұмыс іздеп кеткендерінің көпшілігі Ресейдегі маусымдық жұмыстарда жүреді.

Лондонда орналасқан Chatham House ұйымындағы Ресей және Еуразия бағдарламасының басшысы Джэймс Никсидің пікірінше, Өзбекстан билігі Қаршы-Ханабадтан шығарып жібергеннен кейін, америкалықтардың ол жерге қайта барғаны қолайсыз көрінер еді.

Одан гөрі АҚШ әскерилері Ауғанстандағы шараларына орай өзге базаларды іздестіргені жөн. Және олар солай етуде деп ойлаймын деді Никси.

Сарапшылардың айтуынша, Ресей президенті Дмитрий Медведев пен Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың бұл жолғы кездесуінің мәтіні көпшілікке жарияланбайтын сыңайлы.

Дей тұрғанмен, Ресей мен Украинаның газға байланысты дауларына орай және ресейлік "Газпром" мен "ЛУКойл" компанияларының Өзбекстан үшін басты шетелдік инвесторлар болуы себепті аталған кездесуде газ сауалының басты тақырып болуы орынды да.

Мысалы бір ғана "ЛУКойл"-дың Өзбекстанға құйып отырған инвестициясы 3 миллиард доллар төңірегінде екен.

Оның үстіне "ЛУКойл" Өзбекстан газын іздеу мен зерттеуге байланысты ұзақ жылдарға арналған келісімшартқа таяуда ғана ресми Ташкентпен қол қойған екен.
XS
SM
MD
LG