Accessibility links

Ғаламдық дағдарыс дендеген 2008 жыл Ресей үшін қандай болды?


Ресей үкімет басшысы-Владимир Путин
Ресей үкімет басшысы-Владимир Путин

Жыл басынан бастап мұнай бағасының өсуі Ресей үшін аса қолайлы болған еді. Саяси, экономикалық салаларда даму кедергісіз жүре беретіндей көрінген болатын. Алайда әлемдік экономикалық дағдарыс екінші жартыжылдықта Ресейге ауыр соққы боп тиген еді.

Әлемдік хоккей жарысында канадалықтарды ұтқанынан бастап есептегенде мұнай бағасының шарықтап өсуі, халықаралық деңгейде ел маңыздылығының артуы дегендей… Ресей үшін 2008 жылдың алғашқы жартысы өте табысты мезгіл болды. Қысқасы сол жарты жыл Ресей жұлдызының жоғарылаған айлары еді.

Қаңтардың 2-де мұнайдың бір барелі 100 доллардан асқаннан кейін-ақ, бұл көрсеткіштің әрбір долларға өсуінің өзі күніне Ресей қазынасына миллиардтаған доллар пайданы құйып жатты.

Шілде айында бір барель мұнай құны 147 доллардан асқан кезде, Ресейдің өрге өрмелеген тасын енді ешкім тоқтата алмайтындай көрінген.

Еуропа одағының Набуко мұнай құбырын салу жоспарының жүзеге аспай қалуы Еуропаны көгілдір отынмен қамтамасыз етуде Ресейдің монополистік рөлді алуына жағдай жасап бергендей еді.

Ресей Оңтүстік тармақ, Солтүстік тармақ атты газ құбырларын салуға уәде берген болатын.

Ресей тіпті сыртқы саясатта да өз мақсаттарына қол жеткізе бастағандай-тын. Мысалы Кремль Грузия мен Украинаның НАТО-ға мүшелік үдерістерінің кейінге шегерілуіне ықпал етіп, сондай-ақ ресми Вашингтонның Орталық Еуропада зымыраннан қорғаныс жүйесін орнату жоспарына да қарсыласып баққан болатын.

İшкі саясатта Владимир Путиннің, билік тізгінін қолынан шығармастан, үкімет басшысы қызметіне жайғасуы да ел үшін жан-жақты табыстардың бір бөлігіндей көрінген еді.

Ал президент боп сайланған Дмитрий Медведев Путиннің көлеңкесінде қалып қойды.

Тамыз айындағы Грузиямен қақтығыстан кейін Ресейдің оңтүстік Осетия мен Абхазия тәуелсіздіктерін мойындауы Кремлдің таяу көршілеріне қайта ықпал жүргізуіне алып баратындай көрінген болатын.

АҚШ қана Ресейді айыптап, Грузияға қайырымдылық көмек кемесін жіберген еді. Одан өзге жауап қатуға Вашингтон бара қоймады.

Ал энергия жағынан Ресейге тәуелді ЕуроОдақ болса, ілкі сәтте ғана қатты сөз айтқаны болмаса, үш ай ғана шыдап, содан кейін Кремлмен келіссөздерді қайта бастап кеткен болатын.

Алайда Ресейдің тасы үнемі өрге домалай бермейтін көрінеді. Мұнай бағасының 50 доллардан төмен түсуімен бірге Ресей экономикасы да құлдырай бастады.

Рублдің еуроға және долларға қатысты құлдырауы одан әрі жалғасуда. Қор биржасы да тығырыққа әбден тірелді. Елде қарқынды дамып келе жатқан құрылыс істері күрт тоқтады.

Осылардың нәтижесінде Ресей желтоқсанның 13-і күні рецессияның елде басталғанын мәлімдеген болатын.

Экономика саласындағы осындай дағдарыстар тұсында президент Дмитрий Медведев президенттік мерзімді 4 жылдан 6 жылға ұзарту жөнінде Конституцияға өзгеріс енгізуге ұсыныс жасады.

Ол ұсынысты сот та, парламент те қолдап шықты. Осылайша Путиннің қайтадан билік басына келуіне жол салынып жатқандай.

Алайда қусырып бара жатқан экономикалық дағдарыс Путиннің бұған дейін өрістеп келген билік беделіне өзінің көлеңкесін айқын түсіріп отыр.

Бұдан былай Ресей өзінің сыртқы саясатында біраз сыпайылыққа көшуге мәжбүр болмақшы.

Қарашада Барак Обама АҚШ президенті боп сайланысымен, Ресейдің көрсеткен алғашқы қыры- Калининградқа зымырандар орнату жөніндегі жоспары болатын. Мұның өзі АҚШ-тың Чехия мен Польшада зымыраннан қорғаныс жүйесін орнату жоспарына қарымта еді.

Алайда іле-шала Путин де, Медведев те Обама билігі тұсында АҚШ-пен Ресей байланысын қайта қарағылары келетінін мәлімдескен болатын.

Стратегиялық қаруларды азайту жөніндегі қос ел қол қойған келісімшарт мерзімі келер жылы аяқталады. Осы келісімшартты қайта жаңалау барысындағы келіссөздер екі елдің өзара әріптестігін нығайтуға ықпал етуі мүмкін.
XS
SM
MD
LG