Accessibility links

Сәрсенбі күнгі басылымдарда Иранға жасалып жатқан қысым тоқтатылмайтын болса, мұнай бағасының 500 долларға жететіндігі және қазақстандық түрмелерде отырғандардың арасында ВИЧ дертіне шалдыққандардың саны 1791-ге жеткені жазылыпты.

«Айқын» газетінде Болат Абағанның өзін-өзі тонаған пошта бастығы туралы мақаласы жарияланыпты. Мақала авторының айтуынша, Алматы облысы Сарқан аудандық ішкі істер бөліміне Алмалы ауылындағы «Қазпошта» бөлімшесінің меңгерушісінен «бетперде киген төрт адам отбасымды ұрып-соғып, 10 миллионға жуық ақшаны алып кетті» деген суыт хабар түскен. Аталған сома ауыл тұрғындарына таратылуға тиіс зейнетақы екен.

Жедел іздестіру ісіне кіріскен полиция қызметкерлері арызданушының өзін де күдіктілердің қатарына қосқаны айтылыпты. Ал қылмысқа қатысы бар ретінде ұсталған екі адам да «қарақшылық шабуылды» пошта меңгерушісінің өзі ұйымдастырғанын мойындапты. Пошта меңгерушісі олардың бұл қызметі үшін 5 миллион теңге төлеуге уәде еткен екен.
Сонымен қатар, газеттің төртінші бетінде Абзал Самановтың «Ет пен сүт қымбаттауы мүмкін» деп аталатын мақаласында, оңтүстік облыстарда қуаңшылықтың етек алуына байланысты малдан құтылу науқаны басталғаны айтылыпты. Онсыз да шұжық өнімдерінің 60 пайызын, сүт өнімдерінің 45 пайызын, таза еттің 35 пайызын импорттап келген Қазақстанның биылғы жылы мал басының кемуінен, келер жылы импорт көлемін өсіретіні сөзсіз деп жазылыпты.
«Егемен Қазақстан» басылымында Көсемәлі Сәттібайұлының «Олимпиада алдындағы... абсурд» деген мақаласы жарияланыпты. Онда Бейжің Олимпиадасының дүбірі кейбір өңірдің спорттағы жетістіктерімен бірге экономикалық әлеуетіне де сын көзбен қарауға мәжбүр етіп отыр деп жазылыпты. Азия біріншілігінің күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Бейжің Олимпиадасына жолдаманы алғашқылардың бірі болып жеңіп алған жеңіл атлет Тахир Мамашевтің бапкері Алексей Бовтруктың дәл қазіргі жағдайда «қыр астында» тұрған Олимпиадаға бару-бармауы белгісіз болып тұрғаны баяндалыпты. «Себеп? Шенеуніктердің жауабы біреу-ақ: «Ақша жоқ», - деп жазады мақала авторы.
«Литер» газетінде АҚШ тарапынан Иранға жасалып жатқан қысымның салдарынан мұнай бағасының тағы да бірнеше есеге қымбаттауы мүмкін екені айтылыпты. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) АҚШ-тың Иранға деген көзқарасы өзгермейтін болса, мұнай бағасының 500 долларға жететінін ескертіпті. Егер де қысым жасау мүлдем тоқтатылатын болса, мұнайдың баррелі 70-80 долларға дейін төмендейтіні айтылыпты. Иран ОПЕК-те мұнай экспорттау бойынша екінші орында тұр. Маусым айында бұл мемлекеттің күн сайын 3,85 миллион баррель мұнай шығарғаны баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, басқа мемлекеттерді қоспағанда, бір тәуілікте Ираннан Еуропа құрлығына жеткізілетін мұнайдың мөлшері 850 мың баррелді құрайды екен.
«Время» басылымында Алматыдағы №1 тергеу абақтысында қамауда отырғандардың ішінде 1000-ға жуық адамнан ВИЧ дертін анықтауға байланысты анализ алынбағанына бір жыл болғаны жазылыпты. Мақала авторы Виктор Бурдиннің айтуынша, 2008 жылдың бірінші жарты жылдығында түрмеде отырғандардың ішінде СПИД-ке шалдыққандардың саны жылдағыдан әлдеқайда көп болған. Осы жағдайға байланысты Алматы облыстық сауықтыру және СПИД-пен күрес орталығының бас дәрігері Серік Жанбағылов үстіміздегі жылдың 19-ші наурыз күні тиісті мекемелерге хат жазғанымен, олардан әлі күнге дейін жауап келмеген. Қазақстан бойынша 2006 жылы қамалғандардың арасында ВИЧ-дертіне шалдыққандардың саны 705 болса, 2008 жылы 1791 жетіп жығылған.
XS
SM
MD
LG