Accessibility links

Тәжікстандағы қанды оқиға


Қаза тапқан тәжік сарбазы Әлішер Умаровтың жаназасын шығару кезінде. Душанбе, 20 қыркүйек 2010 жыл

Қаза тапқан тәжік сарбазы Әлішер Умаровтың жаназасын шығару кезінде. Душанбе, 20 қыркүйек 2010 жыл

Қыркүйектің 19-ы тәжік әскерінің 23 сарбазы содырлар тобымен болған атыс кезінде оққа ұшты. Тәжікстан билігі жексенбі күні елдің шығысындағы Рашт аңғарында қорғаныс министрлігінің әскери көлік керуеніне жасалған шабуылдың артында исламистер тұр деп мәлімдеді. Бұл таулы аймақ осыған дейін 1990 жылдары Тәжікстанның зайырлы үкіметіне қарсы күрескен топтардың мекені болған еді.


Тәжікстан билігі елдің Ауғанстанмен шекарасында 23 үкіметтік әскер қаза болған шабуыл үшін исламистік содырларын кінәлап отыр.

КҮТПЕГЕН СОҚҚЫ

Қорғаныс министрлігінің өкілдері хабарлағандай, әскерилер көлігі Рашт аңғарында исламшыл топтың торуылына түсіп қалған. Олар 1990 жылдары азаматтық соғыста үкіметке қарсы соғысқандар еді.

Қорғаныс министрлігі бұл шабуылды «террорлық әрекет, әрі қорқақтардың ісі» деп атады. Билік өкілдері шабуыл үшін бұрынғы оппозициялық қолбасшылар Аловаддин Давлатов пен Мулло Абдулло атымен танылған - Абдулло Рахимовты айыптап отыр.

Министрлік өкілі Фаридун Махмадалиевтің айтуынша, тұтқиылдан шабуыл жасағандардың арасында ауған, шешен және пәкістандық жауынгерлер бар.

- Қасиетті Ислам дінін жамылып, олар Тәжікстанның бейбітшілігі мен тұрақтылығын бұзбақшы. Сөйтіп, Тәжікстанды аймақтағы радикал, әрі жікшіл исламистік күштердің орталығына айналдырмақшы» дейді ол.

ШАБУЫЛДАН СОҢ

Тәжік үкіметінің хабарлауынша, Душанбенің шығысындағы бұл аймақтағы шабуылдаушыларды ұстауға қосымша қауіпсіздік күштері жөнелтілді.

Бірнеше сарбаз жергілікті ауруханаларға жарақаттанып түскен. Кейбірінің жағдайы өте ауыр деп хабарланды.

Қаза тапқан әскерлердің мәйіті Душанбеге тікұшақпен жеткізілген. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарларына қарағанда, шабуылда қаза тапқан сарбаздың бірі 19 жастағы Алишер Умарали өзінің туған ауылы Рудаки ауданына апарылып жерленген.
Рашт аңғарынан бір көрініс. Тәжікстан, 24 маусым 2008 жыл

Бұл тұста Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының жиынына қатысып жатқан тәжік президенті Эмомали Рахмон қаза тапқан әскерлердің отбасына көңіл айтып, құқық қорғау органдарын тезірек шабуылдаушыларды табуға шақырды.

Жергілікті тұрғындар аймақта үкіметтік күштер саны артып кеткенін, кейбір жолдар жабылып, тікұшақтардың көбейгенін айтады.

Өз атын атауды жөн көрмеген әйел өзінің күре жол жабылып, Камароб пен Гарм қаласына жақын жолдың ортасында қалып қойғанын айтты: «Біз мұнда тікұшақтардың ұшып, сарбаздарды тасыған әскери көліктердің жүргенін көрдік. Қорыққанымыздан үйге қайтып кеттік».

«БІЗДІҢ ЕШ ҚАТЫСЫМЫЗ ЖОҚ»

Жергілікті әкімшілік дүйсенбі күнгі Камаробтағы ахуал тұрақты деп хабарлайды. Үкіметке қарсы күрескен бұрынғы оппозиция өкілдері де бұл шабуылдарды айыптап, өздерін одан алшақ ұстауға тырысып бақты. Бұл өңірде тұрған бұрынғы исламист жауынгерлердің бірі Олим Одилов сияқты азаматтық бейбіт өмірге оралғандар шабуыл жасағандар кімдер екенін білмейтіндіктерін айтқан.

- Біздің оған еш қатысымыз жоқ. Осы уақытқа дейін ол жерде нақты не болғанын ешкім білмейді. Біздің бұл шабуылға еш қатысымыз жоқ, - деді Одилов.

Азаматтық соғыс кезінде белгілі діни және саяси тұлға болған Ходжи Акбар Туражонзода жексенбі күнгі шабуылдарды сұмдық қылмыс деп айыптады.

Үкіметтік күштер өткен айда Душанбе түрмесінен қашқан 18 сотталғанды іздеу кезінде осындай шабуылға ұшырап отыр.

ТҮРМЕДЕН ҚАШУДАН СОҢҒЫ ЖАҒДАЙ

Тамыздың 22-де Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің түрмесінен қашқан 25 адамның арасында әсіре діншіл исламистік қозғалыстардың бірнеше мүшесі мен президент Рахмонның қарсыластары бар. Олардың жетеуі жақын маңдардан қолға түсіп, қалған ауған, өзбек және солтүстік кавказдық бірнеше адам құтылып кеткен. Содан бері қауіпсіздік күштері Рашт аңғарында іздеу операцияларын жүргізіп жатқан.

Рашт аңғары 1992-1997 жылдары Эмомали Рахмонның зайырлы үкіметіне қарсы шыққан исламистік оппозицияның бақылауында болған. Тараптар бейбіт келісімге келгеннен бері аймақта тыныштық орнаған.

Бұрынғы исламист жауынгерлердің көбісі кейін азаматтық қоғамға араласып, олардың біразы ресми орындарға қызметке келген.

Алайда Мулло Абдулло сияқты кейбір бұрынғы қолбасшылар бейбіт келісімнен бас тартып, Ауғанстанға қашып кеткен.

Ақпарат құралдарының жазуынша, тәжік билігі бүгінде Абдулло туған жері Рашт жазығына қарулы жасақтарымен қайтып келді деп біледі.

Өткен аптада елдің ішкі істер және қорғаныс министрлері мен ҰҚК басшысының орынбасары Рашт ауданына барып, Абдулломен кездеспекші болған.

Жоғары шенді ресми өкілдер бұрынғы исламист қолбасшылар Мирзохуджа Ахмадов пен Шох Искандаровпен 5 сағат кездесіп, үкіметтің Рашт жазығына жолдаған күштері оларға қарсы жасалған операциялар емес екеніне сендірмекші болған еді деп хабарлайды Азаттықтың Тәжік қызметі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG