Accessibility links

Тәжікстанда бұрынғы бас прокурордың жақтастары қамауға алынды


Тәжікстанның бұрынғы бас прокуроры Бободжон Бобохонов. 2005 жылғы сурет

Тәжікстанның бұрынғы бас прокуроры Бободжон Бобохонов. 2005 жылғы сурет

Тәжікстанның бұрынғы бас прокуроры Бободжан Бобохановтың баласы сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айып бойынша қамауға алынды. Осылайша жаңа бас прокурор қарамағындағы мекемені «тазартып жатыр».


ЕКІ ҚОШҚАРДЫҢ БАСЫ

Аймақтық прокурор болған Файзулло Бобохонов шілденің 23-і күні Душанбеде ұсталды. Оның алдында аймақтағы 15 прокурор заңсыз табыс тапты деген айыптармен қызметтерінен алынған.

Файзулло Бобохоновтың қамалуы қазіргі бас прокурор Шерхон Салимзоданың коррупцияға қарсы жасап отырған шараларының шарықтау шегі сияқты көрінді. Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік басшысы болған Салимзода өзінен бұрын бас прокурор болған үлкен Бобохоновпен ұзақтан бері өштесіп жүрген.

Кіші Бобохоновқа Душанбенің маңындағы Хисордың бас прокуроры болып тұрғанда, 20 мың доллар пара алу жанжалына қатысты деген айып тағылған.

Өзінің ықпалды әкесі зейнетке шыққан соң кіші Бобохонов бұл қызметтен осы жылдың басында алынған.
Шерхон Салимзода мен Бободжон Бобохонов

Тәжікстанның бас прокуроры Салимзода өткен аптада журналистерге берген сұқбатында, өзінің прокуратура жүйесін “коррупциялық элементтерден” тазалауды қолға алғанын айтты:

«Біз жемқорлыққа, оның ішінде пара алу әрекеттеріне қатысы бар прокурорларды қамауға алдық. Олардың тізімінде 500-ден 6 мың долларға дейін пара алды деген коррупциялық айыптармен Восе, Жиликуль аудандарының прокурорлары және Хатлон облысы прокурорының орынбасары бар».

Сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтайтын Transparency International ұйымының әлемдегі ең қатты жемқорлық жайлаған 20 елінің қатарында тұрған Тәжікстан үкіметі коррупцияға қарсы науқан жүргізуді талап еткен халықаралық донор елдердің қысымы мен сынынан көз ашпай келеді.

Елдің ішінде де біраз азаматтар құқық қорғау органдары мен сот жүйесіндегі пара алу істеріне қатысты мемлекетті сынға алады.

ТЕКЕ-ТІРЕСТІҢ ТАРИХЫ

2007 жылдың мамырында президент Эмомали Рахмон коррупцияға қарсы арнайы агенттік құрған. Қазіргі бас прокурор, сол кездері Душанбе қаласының прокуроры болып, жемқорлық істерге қарсы күресуші ретінде бедел жинаған Салимзода осы агенттікке басшы болып келген.

Бұл орынға тағайындала сала Салимзода басты назарын Бободжон Бобохонов басшылық ететін Бас прокуратураға аударды. Ол прокуратураны жемқор ресмилерді қорғап, ауыр деген қылмыстық істерді пара алу арқылы жауып тастады деп айыптады.

Дәл сол уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі пара алды деген айыптармен бірнеше аймақтық прокурорды ұстаған. 2009 жылы елдің оңтүстігіндегі Хатлон провинциясындағы Муминобод ауданының прокуроры мен Восе ауданы прокурорының орынбасары қамалған.

Агенттік бұл екі прокурордың пара алып жатқан жерде ұсталғанын айтқан. Екі жағдайда да сол кездегі бас прокурор Бободжон Бобохонов олардың ісін жылы жауып тастап, күдіктілерді босатып жіберген.

Одан кейін агенттік басшысы болған Шерхон Салимзода парламентті бірнеше рет қамауға алу мерзімін сотқа дейін ұзарту жөнінде шешім жасайтын заңға өзгерістер енгізуге шақырған.

Тәжікстанның коррупцияға қарсы күрес агенттігінің деректеріне қарағанда, агенттік құрылғаннан бері екі прокурорды, 4 судья мен сот жүйесіндегі 30 адамды сотқа тартқан. Құқық қорғау органдарының 100 шақты қызметкері мен ондаған басқа ресмилер сыбайлас жемқорлық айыптары бойынша жазалаған.

Бұл агенттіктің белсенді әрекеттері Бободжон Бобохоновтың шамына тиіп, сол кездегі бас прокурор жемқорлыққа қарсы күрес мекемесін прокурорлар мен полицияға қарсы арандатушылықтар жасап отыр деп айыптаған.

Бободжон Бобохоновтың кеңсесі коррупциямен күрес агенттігінің өзі жемқорлық істеріне қатысты деп оның қызметкерлеріне қарсы бірқатар қылмыстық істер ашқан.

Сөйтіп, екі мекеменің өзара айыптаулары мен текетіресі ұлғайып, оның басшылары арасындағы өшпенділік жайлы ақпарат құралдарында кеңінен айтылып жүрді.

ПРОКУРОРДЫҢ АҚЫРЫ

2009 жылы Шерхон Салимзода сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшылығынан президенттің кеңесшісі қызметіне ауысты.

Бұл арада 2010 жылдың қаңтар айында бас прокурор Бобохонов күтпеген жерден демалысқа шығып, оны қызметінен кетуге мәжбүрледі деген сөздер тарады.

Бірер күннен кейін онымен жауығып жүрген Салимзода бас прокурор болып тағайындалды. Бас прокуратура басшылығына Шерхон Салимзода келген соң аймақтық прокурорлар қызметтерінен алына бастады.

Көптеген Тәжікстан тұрғындары аймақтағы прокурорлардың орнынан алынуын оң қабылдап отыр. Кейбірлеулері болса Салимзоданың бұл қадамдарын бұрынғы бас прокурордан кек алу үшін жасалған әрекеттер деп қарайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG