Accessibility links

БҰҰ өкілі үйсіз қалған жұртты өгейсітпеуге үндеді


Аштық жариялаған үлескерлер аштықтың алғашқы аптасында. Aстана, 19 шілде 2010 жыл.

Аштық жариялаған үлескерлер аштықтың алғашқы аптасында. Aстана, 19 шілде 2010 жыл.

БҰҰ сарапшысы Ракель Рольник Қазақстанда баспана мәселесінің ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Тәуелсіз сарапшы қазақ үкіметін алданған үлескерлердің мәселесін тезірек шешуге шақырды.

Қыркүйектің 13-і күні БҰҰ-ның баспана құқығы бойынша сарапшысы Ракель Рольниктің Қазақстандағы бір апталық іссапары аяқталып, маман ақпарат құралдарымен көрген-білгенімен бөлісті.

Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда баспана мәселесінің ушығып кеткеніне тоқталған маман тұрғын үй дауына кездейсоқ тап болған азаматтарға қатысты елде тым қатаң шаралар қолданылып жатқанын айтты.

– Сот бақылауынсыз, өтемақы бермей-ақ, алдын-ала ескерту жасамай көптеген үйлердің сүріліп, ондағы отбасылардың күштеп көшіріліп жатқанына тым қатты алаңдаулымын. Қыстың көзі қырауда елді көшірген мемлекеттік жауапты тұлғалардың күш қолданғанын бейнежазбалардан көріп, хабарламалардан оқыдым. Әсіресе, жүкті әйелдер мен балалардың, мүгедектердің далада қалғанын естігенде қатты шошыдым, - дейді Ракель Рольник аталған жиында.
Қыстың көзі қырауда елді көшірген мемлекеттік жауапты тұлғалардың күш қолданғанын бейнежазбалардан көріп, хабарламалардан оқыдым. Әсіресе, жүкті әйелдер мен балалардың, мүгедектердің далада қалғанын естігенде қатты шошыдым, - дейді Ракель Рольник.

Баспанадан күштеп шығару әдісі тек ерекше сирек жағдайларда қолданылатынын әрі адам құқығының халықаралық нормаларына сәйкес жүзеге асырылатынын айтқан сарапшы қазақ үкіметін елдегі азаматтардың тұрғын үй дауын тезірек шешуге шақырды.

– Мен ипотекалық несиесін төлей алмай, нәтижесінде үйінен күштеп шығарылған, сонымен қатар жекелеген құрылыс компанияларға алданып қалған азаматтарды кездестірдім. Олардың көбісі әлі күнге дейін құрылыстың аяқталуын күтіп, екі көзі төрт болып отыр. Сондықтан мен үкіметті мәселенің шешімін іздеуге күш салуға шақырамын, - деді Ракель Рольник.

Естеріңізге сала кетейік, БҰҰ-ның баспана құқығы бойынша сарапшысы Ракель Рольник Қазақстанға қыркүйектің 6-да келген болатын. Бір апта бойғы сапарында маман билік өкілдерімен, азаматтық қоғам өкілдері, журналистер мен құқыққорғаушылармен және Астанада аштық жариялаған үлескерлермен кездесті.

БІРНЕШЕ ПӘТЕРДІҢ АҚШАСЫНА – БІР ҒАНА ПӘТЕР

Заң бойынша тиесілі пәтерлеріне қол жеткізе алмай, наразылық шарасын ұйымдастырған астаналық үлескерлердің аштық ұстап отырғанына алдағы аптада 60 күн толады. Он адамнан кезек-кезегімен аштық жариялап отырған үлескерлердің қайсыбірінің денсаулықтары сыр бере бастады.

– Бүгін бір азаматты денсаулығына байланысты акциядан шығаруға мәжбүр болдық. Басқа кісілердің денсаулықтары дұрыс. Ертең оларды келесі ондық ауыстырады, - деді «Лайықты баспана үшін» қоғамдық компаниясының үйлестірушісі Ардақ Бижігітов

Наразылық шарасының басталғанына екі ай болса да, әзірге биліктен мәселеге қызығушылық танытып келген адам болған жоқ дейді акцияға қатысушылар.
...екі айға жуықтаған акцияға ұзын саны жүзге жуық азамат қатысып отыр.


– Аштықты адам текке жарияламайды ғой. Аштықты жариялағаннан кейін олардан себебін сұрау керек қой. Осы уақытқа дейін бірді-екілі телеарна келді, сіздер келдіңіздер. Басқа ешкім келіп сұраған жоқ, - деді үлескер Төлеген Әлімов.

Қазір екі айға жуықтаған акцияға ұзын саны жүзге жуық азамат қатысып отыр.

Бұлар – екі және одан да көп пәтерлер үшін ақша беріп, соңында үкіметтің биыл 1 сәуірдегі қаулысының негізінде тек бір ғана пәтерге ие болған азаматтар.

Олар өздеріне тиесілі үйдің берілуін немесе қаржысының қайтарылуын талап етіп отыр. Үлескерлер талап орындалмаса, өз акцияларын Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне дейін жалғастыратынын айтады. Ал саммит желтоқсанның 1-2-сі күндері өткізіледі.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG