Accessibility links

Сейсенбі күнгі басылымдарда полицейдің автокөлік иесін өртеп жібергені айтылыпты. Сондай-ақ, президенттің екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың БҰҰ-ның «жол жүру төлқұжатына» ие болғаны жазылыпты.

«Айқын» газетінде үлескерлер мәселесі бойынша премьер-министр Кәрім Мәсімовтың қатысуымен Астана қаласының әкімшілігінде кеңес өткені хабарланыпты. Осы жиында үкімет басшысына шағымданған бірқатар үлескерлер құрылыс саласындағы былықтардың бір ұшы шұбаланып барып, Парламентке тірелетіндігін мәлімдеді. Айхан Шәріптің «Қара тізімдегілердің» қарасы көбейетін болды» деген бұл мақаласында, депутаттық иммунитеті бар қалаулыларды дәл қазіргі уақытта қылмыстық жауапкершілікке тартуға жол берілмейтіндігі мәлім деп жазылыпты.
Сонымен қатар, газеттегі Нұрбек Әмишаның «Полицей автокөлік иесін өртеп жіберді» деген мақаласы жарық көріпті. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері бірнеше сыбайласымен Шымкет қаласына «Ауди» маркілі көлігін сатуға келген тараздық азаматты өлтіріп, із қалдырмаудың қамымен Қызылорда облысына қашқаны баяндалыпты. Олардың Шымкентпен шектесетін Жаңақорған ауданының Жайылма ауылының тұсына жеткен соң, өлікті өртеп жібергені тілге тиек етіліпті. «Қызылорда облысының прокурорының орынбасары Жарқынбек Бақашбаевтың мәліметінше, жедел іздестіру тобы із суытпай, жиырма жастағы күдіктіні құрықтады», - деп жазады мақала авторы.
«Егемен Қазақстан» басылымында Александр Тасболатовтың «Кемшіліктер сын тезіне салынды» деген мақаласында, кеше премьер-министр Кәрім Мәсімовтың қатысуымен Әділет министрлігінің Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы бойынша көшпелі селекторлық кеңес болып өткені баяндалыпты. Онда «бір терезе» қағидатымен республика бойынша көпшілікке көрсетілетін қызмет деңгейінің сапасы талқыға түсті. Сондай-ақ, аталмыш орталықтың да кемшіліктері аз емес екені тілге тиек етіліпті. Бұл көбінде құжаттарды тіркеу, беру мерзіміне байланысты. Мақала авторының айтуынша, сыбайласқандар жасырын түрде көлемді ақша үшін қалаған құжатыңызды бір күн ішінде дайындап бере салуы мүмкін.
«Жас Алаш» газетіндегі жарыққа шыққан редакциялық мақалада президент Назарбаевтың екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың БҰҰ-ның «жол жүру төлқұжатына» ие болғаны айтылыпты. Әсіресе, бұл құжат шекарадан, яғни бір елден екінші елге кедергісіз, ешқандай кедендік тексерусіз өтуге қажет екен. Ұлыбританиялық The Times басылымына сілтеме жасаған мақала авторы, Тимур Құлыбаевқа бұл құжатты алып беруге АҚШ бизнесмені Стивен Пейннің көп көмектескенін тілге тиек етіпті. Ең әуелі ол Құлыбаевты аталмыш ұйымның экономикалық қауіпсіздік жөніндегі мүшесі етіп енгізуге ықпал еткен. «Ал бұл комиссияға мүше болып енген әрбір адам әр үш жылда бір рет 1 миллион еуро мүшелік жарна төлейді»,- деп жазады мақала авторы.
«Время» басылымында Жамбыл облысының Көктөбе селосындағы ауыл әкімінің 27 жасар көмекшісі Бауыржан Әбілмолдаевтың түрмеде отырғандарға ақша бергісі келмегені үшін оққа ұшқаны жазылыпты. Ауылдағы қылмыс әлемінің өкілдері Бауыржанның әскерде десант болғанын және онымен күш сынасудың абырой әпермейтінін білген соң, оны мәдениет үйінің территориясына алдап шақырып, атып тастаған.
Түрме заңына бағынғысы келмеген әкімнің көмекшісінің өліміне қатысы бар деген алты күдіктінің біреуі ғана темір торға қамалғаны баяндалыпты. Қалған бесеуіне қарсы қылмыстық іс те қозғалмаған. Өлген жігіттің анасы Қаншайымның айтуынша, Бауыржанды атқан адамның жауапқа тартылмауына, кезінде совхоз бастығы болған әкесінің тамыр-таныстары ықпал етіп отыр.
«Литер» газетіндегі Зауре Жұмалиеваның «Военторг» деген мақаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Петропавлдағы жоғары әскери училищесінің қызметкері және ішкі әскер подполковнигін Ұлттық біріңғай тестінің жауаптарын сатып жүрген кезінде ұстағаны айтылыпты. Осы жағдайға байланысты училище мұғаліміне қарсы қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ, ҰҚК қызметкерлерінің № 6637 әскери бөлімінің лейтенанты, автомобиль ротасы командирінің орынбасарын да оқ сатып тұрған жерінде қолға түсіргенін тілге тиек етіпті.
XS
SM
MD
LG