Accessibility links

Ұлыбританияның саяси өміріндегі сілкініс


Британиялық сайлаушылар келесі премьер кім болады деп бәс тігуге көшті. Спелсбэри, 6 мамыр 2010 ж.

Британиялық сайлаушылар келесі премьер кім болады деп бәс тігуге көшті. Спелсбэри, 6 мамыр 2010 ж.

Ұлыбританиядағы бұл жолғы парламенттік сайлау әлемнің назарын ерекше өзіне аударып отыр. Тұңғыш рет британиялық дәстүрлі екі саяси топ - «лэйбористер» мен «торилер» парламенттегі 646 орынның басым көпшілігін қақ бөліп алатын әдетінен жаңылайын деп тұр.



Екінші дүниежүзілік соғыстан бері еңсесі көтерілмей келе жатқан британиялық үшінші саяси күш, яғни, либералдар бұл жолы алдындағы екі саяси партиямен құйрық тістесетін жағдайға жетіп отыр. Ал соңғы бір айдың ішінде харизмасы күшті жас лидерінің арқасында либералдар партиясы тіпті мәреге екінші боп жетуге жуық қалды.Ағылшын парламентаризмінің тарихында сирек болатын мұндай өзгерістің басты себептеріне тоқталсақ.
Солдан оңға қарай либерал-демократ Ник Клегг, премьер-министр лейборист Гордон Браун және консерватор Дэвид Камерон

"ЛЕЙБОРИСТЕРДІҢ" ТҰЯҚ СЕРПЕР СӘТІ

Бірінші себеп, 1997 жылы ағылшын консерватизмін күйрете жеңіп, британиялық социал-демократтардың үстемдігін орнатқан Тони Блэйр үш мәрте премьер-министр креслосын сақтап қалғанымен, жылдан-жылға лэйбористердің абыройы кеми берді. Блэйрдің Ауғанстан мен Ирактағы АҚШ-тың әскери операцияларын барынша қолдауы елдің наразылығын тудырды. Соғысқа қарсы әлемдегі ең көп адам қатысқан шерулердің бірнешеуі Лондонда өтті.

Лэйбористердің денсаулық сақтау саласындағы реформалары да өте сәтсіз тәжірибеге айналды. Әйгілі NHS, яғни Ұлттық біртұтас денсаулық сақтау саласы, дәрігерлері мардымсыз жалақы алатын, сапасыз қызмет көрсететін аты ғана тегін аудандық поликлиникалардың жүйесі болып қалды. Балалар арасындағы қайыршылық пен мектеп оқушыларының сауатсыздығы жағынан Ұлыбритания соңғы оншақты жылда Батыс Еуропа елдерінің орта шеніне жетпей қалды.
Ұлыбританияның қазіргі Үкімет басшысы, лейборист Г.Браун

Ең бастысы, партия жетекшілігінен кетіп бара жатып, Тони Блэйр Британиядағы «ең талантты қаржыгер, бірақ ең талантсыз саясаткер» атанып жүрген Гордон Браунды өз орнына қалдырып кетті. Сөйтіп, социал-демократтардың құлдырауы үшін барлық жағдайды жасады. Лэйбористердің бұл жолғы мүшкіл халін Гордон Броун ұстанған саясаттың салдары деп айтуға келмес. Бұл – Тони Блэйрдің жеңілісінің жалғасына көбірек ұқсайды. Өйткені Ұлыбритания халқы социал-демократтар десе, я лэйбористер десе тек Тони Блэйрді көз алдына елестетін жағдайға жеткен. Блэйр Даунинг Стриттің әйгілі 10-шы үйінде он жыл тұрып билік құрды. Үш сайлауды саяси шешендігінің арқасында жеңіп шықты. Төртіншісіне қарай қарқыны әлсірегенде дер кезінде саясат сахнасынан түсіп кетті. Ал оның орнында қалған Гордон Браун үш жыл ішінде теңселіп тұрған социал-демократтарды одан сайын көрдің шетіне жақындатып қойды. Әсіресе, қаржы дағдарысы Браунға «жығылғанға жұдырық» болып тиді.

ЖАРТЫКЕШ КОНСЕРВАТИЗМ

Екінші себеп, социал-демократтарды Парламенттен қуып шығамыз деп тепсініп жүрген ұлыбританиялық консерваторлар соңғы жылдары бір дұрыс жетекшіге, талантты ұйымдастырушыға жарымай-ақ қойды. Бұл факторды сирек саяси құбылысқа да, трагедияға да теңеуге келеді. Ең көне парламентаризмнің іргетасын қалаушы ең тәжірибелі партия жиырма бірінші ғасырға құр сүлдерін сүйретіп әзер жетті.

Маргарет Тэтчердің трагедияға толы соңғы жылдарынан кейін партия өз ішінен бірнеше фракцияға бөлініп әлсіреді. Принциптері де ескірді. Оның үстіне соғыстан кейінгі welfare state, яғни «әлеуметтік мемлекеттің» тегін емхана мен тегін мектеп, жұмыссыз адамдарға беретін төлемақы сияқты жеңілдіктеріне үйреніп қалған ұлыбританиялықтарды «мемлекет тек реттеп отыратын институт, жекеменшік сектордың мұқтаждығын жекеменшік сектор өзі шешсін» деген консерваторлардың ұраны одан сайын шошытады. Маргарет Тэтчердің «Қоғам деген нәрсе жоқ. Мемлекет бар, сосын жекеменшік сектор бар. Ал қоғам, қоғамдық мұқтаждық деген бос сандырақ» деген сипатты сөздері әлі күнге дейін көптің жадынан кетпейді.
Ұлыбританиялық консерватизмнің жаңа символы Д.Камерон

Бірақ, соңғы бес жылда ұлыбританиялық консерватизмнің жарқ ете қалған жаңа лидері пайда болды. Оның аты – Дэвид Камерон. Гордон Брауннан 15 жас кіші болса да, саяси көрегендігі мен стратегиялық шешім жасау жағынан басым түсіп келе жатыр. Камерон жас британиялық буынды өзіне тарту үшін консервативтік принциптерді көп айта бермейді. Оның орнына көптің көңіліндегі мынадай екі мәселені жиі көтереді. Біріншісі – қоршаған ортаны ерекше қорғауға алу, екіншісі – білім беру жүйесін түбегейлі түрде өзгерту. Өзі парламенттегі жұмысына күнделікті велосипедпен қатынайды. Былтыр, «осымен жарты жылдың ішінде екінші велосипедімді ұрлап әкетті» деп полицияға арыз жазды. Сөйтіп, оппозициялық фракцияның жетекшісі "халыққа етене жақын саясаткер" атана бастаған. Мұның қасында Гордон Браун, кәнігі шенеунік болып көрінеді. Бірақ, саясаттанушылар мен сайлаушылар Дэвид Камеронның бойынан бір үлкен кемшілік байқайды. Консерваторлардың жас жетекшісі ешқашан атқарушы билікте жұмыс істеп көрмеген. Бұл жағынан келгенде Камеронға басқа түгіл өз консерватор қауымы күмәнмен қарайды.

ЖАСАРҒАН ЛИБЕРАЛИЗМ

Үшінші себеп – аяқ-астынан саяси сенсацияға айналғалы тұрған Либералдар партиясының өзі. Либералдар ғасырлар бойы консерваторлардың саяси қарсыласы болып келгенімен, екінші дүниежүзілік соғыстан соң социалистік платформамен ел-жұртты үйіріп әкеткен лейбористердің тасасында қалып қойған еді. Бұлардың негізгі ұстанымы – жеке меншікті мемлекеттің қол сұғуынан қызғыштай қоритын консерваторлардан да, мемлекетті қамқоршы әкеге айналдырған лэйбористерден де бөлек. Либералдар – жеке тұлғаның дамуы мен бостандығына ерекше назар аударады. Кез келген формадағы коллективизмге қарсы.
Либерал-демократтардың зор үміт артқан жетекшісі Ник Клегг

Британиялық либералдар партиясының биыл ерекше танымал болып кетуіне түрткі болған адам – бұның тіпті Дэвид Камероннан да жас саяси лидері, 1967 жылы туған Ник Клегг. Осы жолы Ник Клегг екі жолмен британиялық сайлаушыларды баурап алды. Біріншіден, Ұлыбританияның тарихында тұңғыш рет өткен үш партия жетекшісінің арасындағы теледебатта салиқалы, сабырлы және терең білімді саясаткер ретінде бірден көзге түсті. Екіншіден, өз партиясының қаржы мәселелері бойынша өкілі қылып дүниедегі ең беделді экономистердің бірі Винс Кэйблді тағайындады. Кэйбл - Ұлыбританияны қаржы дағдарысынан шығаруға еңбегі көп сіңген белгілі экономист. Бүгін сайлау алдындағы соңғы үндеу сөзін айтқан кезде Клегг отандастарына былай деді: «Ұлыбританияны билеу тек Консерваторлық немесе Лэйбористік партияның маңдайына тумысынан жазылған бақ емес. Бүгін баршамыз болашақ өмірімізді біржола өзгертіп, түбірімен жақсарту үшін либералдарға дауыс берейік!»

Солайша парламентаризмнің отанында саясаткерлердің бұрынғы толқыны жас буынға жол беруге мәжбүр. Ұлыбританиядағы кезекті парламенттік сайлаудың нәтижесі таңертеңнен қалмай белгілі болмақшы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG