Accessibility links

Өрт пен селден аман Қазақстан Ресейден де зор астық тапшылығын көрмек


Қырман басындағы жұмысшы әйел. Ақмола облысы, 26 тамыз 2010 жыл

Қырман басындағы жұмысшы әйел. Ақмола облысы, 26 тамыз 2010 жыл

Қыркүйектің 24-і күні БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы агенттігі әлемде азық-түлік дағдарысы қайталанбау үшін астық нарығындағы жағдайды бағамдайтын арнайы жиын өткізді.


Осыдан екі жыл бұрынғы азық-түлік дағдарысын ұмыта қоймаған БҰҰ-ның осы мәселелермен айналысатын агенттігі жұма күні төтенше отырыс өткізіп, азық-түлік бағасына қатысты қайта туындаған мәселелерді талқылады.

ДАҒДАРЫСТЫҢ АЛДЫН-АЛУ

Римде орналасқан БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы агенттігі бағаға қатысты тұрақтылықты сақтауға күш салмақшы.

БҰҰ-ның агенттігі таратқан мәлімдемеде арнайы отырысқа қатысушылар соңғы кезде астық нарығында байқалған тұрақсыздық пен бидай, күріш сияқты дәнді дақылдарға қатысты ақпараттарды зерттеп көреді делінген.

Азық-түлік және ауылшаруашылығы агенттігінің дерегіне сүйенсек, 2009 жылдан бері азық-түлік бағасы ай сайын өсіп отырған. Тағамдар бағасының қарқынды өсуі дамушы елдерде байқалған.
Табиғи апатқа ұшыраған пәкістандық балалар тамақтың кезегінде тұр. Суккур, 9 тамыз 2010 жыл

Азық-түлік бағасына қатысты Мозамбикте нарызылық шерулері болып, бұл осыдан екі жыл бұрын әлемнің бірқатар аймағында бағаның өсуіне қарсы болған жаппай көтерілістерге ұласып кете ме деген қауіпті күшейткен.

Бірақ БҰҰ-ның өкілдері қазіргі жағдай 2007-2008 жылдардағы төтенше дағдарыстың ауылынан алысырақ деп отыр. Өйткені дәл қазір қор жеткілікті, дүниежүзі бойынша жиналған астық та әдеттегідей болады дейді.

РЕСЕЙДЕГІ ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ ПЕН ӨРТ САЛДАРЫ

Ресейдің құрғақшылыққа қатысты астық экспортына салған тыйымы өткен айда күшіне енген сәтте-ақ әлемдегі бағаны шарықтатып жіберді деп айтылған. Оған қоса Пәкістан мен Қытайдағы су тасқындары да егінді далаларды шайып кетті.

Римдегі кездесуде Ресейдің мемлекеттік астық компаниясының атқарушы директорымен Мәскеудің астық экспортына енгізген тыйымы жайлы келіссөз өтеді.

Жаз айларындағы аптап ыстық пен құрғақшылық кезінде, оған қоса орман алқаптары жаппай өртке оранған мезгілде Ресейдегі егіннің төрттен бірі күйіп кеткен.
Орман өртімен алысқан ресейлік тұрғындар. Тохушево, Саров аймағы, 11 тамыз 2010 жыл

Дегенмен Ресейдің астық одағының президенті Аркадий Злочевский Рейтерс агенттігіне берген сұқбатында, елдегі астық қорымыз осы жылғы қажеттілігімізге жетеді деп отыр:

«Біз осы жылы бастапқы күткенімізден үш есе жоғалттық. Бірақ, дегенмен де 62-65 миллион тонна астық қорымыз бар. Қорларымызды есепке алсақ статистикалық деректер бойынша ол 26 миллион тоннаны құрайды. Бұл деген елдің барлық қажеттілігін қамтамасыз етуге жетеді. Экспортқа тыйым салынған».

Әлемдегі ең ірі астық экспортаушы ел болып отырған Ресейдің президенті Дмитрий Медведев астық экспортына тыйым осы жылдың аяғында егін даласындағы жиын аяқталған соң алынуы мүмкін деді.

“ҚАЗАҚ ДИҚАНДАРЫ БАНКРОТҚА ҰШЫРАЙДЫ”

Жалпы осы жаздағы құрғашылық басқа да елдердің егін алқаптарын күйдіріп жіберді. Астық өндіруші Қазақстан мен Украина елдерінде де ауа-райы егіннің бітік шығуына қолайсыз болды. Украина осы жылдағы астық 15 пайызға азырақ болады деді.

Осы аптаның басында Қазақстанның Ауыл шаруашылық министрлігі де елдегі астық жылдағыдан 40 пайызға аз болады деп айтты.

Елдегі егіс алқабының 95 пайызынан 12,5 миллион тонна астық жиналып бітті. Енді Шығыс Қазақстан мен Қызылорда облыстарында қалған азғантай егінді жинап алу қажет деді cейсенбі күні Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аман «BNews» сайтындағы онлайн-конференция барысында.
Элеватор басшысы мардымсыз астықты көзбен-ақ бағамдап тұр. Новоселовка, Ақмола облысы, 27 тамыз 2010 жыл

Министрлік өкілінің сөзінше, республика бойынша биыл 13,5-14,5 миллион тонна астық жинап алу көзделіп отыр.

Тамыз айының соңында Қазақстанның диқаншылар одағының төрағасы Әуезхан Дарынов Азаттық радиосына берген сұқбатында, жаз айларындағы құрғақшылықтан қазақ фермерлерінің 20 пайызы банкротқа ұшырауы мүмкін деп дабыл қаққан. Өйткені, осы жылы астықтары қурап кеткен диқандар егер үкіметтен көмек болмаса, алған қарыздарын өтей алмайды деді ол.

Осыдан екі жыл бұрын 40 елдің бірдей астық экспортына тыйым салуы әлемде азық-түлік дағдарысына ұшыратқан.

БҰҰ-ның өкілдері мұндай оқиғаның алдын алу үшін стратегияларды үйлестіріп отыру керек дейді. Өйткені, оның соңы бағаның шарықтап өсуіне соқтырып, әлемде аштыққа ұшырағандар саны өсе түседі деп алаңдайды.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы агенттігі жұма күнгі жабық есік жағдайындағы жиындарында ұннан жасалатын тағамдарға деген сұраныс пен ұсыныстарды қарастырып, алдағы тоқсандағы көрсеткіштерді жариялап тұрмақ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG